Рахмет сендерге, оқушылар
1 қазан – Қарттар күніне арналған мерекелік кездесу кешінің сценарийі
«Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты кештің мақсаты – ата-әжелерге құрмет көрсетіп, олардың өмірлік тәжірибесі мен даналығын жас ұрпаққа үлгі ету.
Жүргізушінің құттықтау сөзі
Мерекелеріңіз құтты болсын, ата-әже! Көкіректен жыр төгілмей жата ма? Зейнетіне жеттіңіздер өмірдің, Кенеліп бір ілтипатты батаға.
Қадірлі ата-әжелер, бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Сіздер әрдайым жас ұрпаққа төзімділіктің, даналықтың, мейірімнің үлгісі болып келесіздер.
Қарттар күніне орай мектебімізде ұйымдастырылған «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты мерекелік кездесу кешіне қош келдіңіздер!
Ресми құттықтау
Бүгінгі салтанатты мерекеге арналған құттықтау сөз мектебіміздің директоры Умарбекова Гүлсара Жарылқасынқызына беріледі.
Мерекелік бағдарлама
Асыл әжем, мақтанышым менің де, Қонақ болып отыр міне төрімде. Өзіңе арнап былай тәтті үніммен, Ән салатын кезім келді менің де.
9 «А» сынып оқушысы Жанқуат Айзат орындауында «Ақ әжем» әнін қабыл алыңыздар.
«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» – демекші, ортаға «Барбарики» биімен мектебіміздің «Жорға» тобын шақырамыз.
Рахмет, оқушылар!
Ал енді ортаға мектебіміздің «Жас қыран» ұйымын шақырамыз:
Күн нөсерін төгейік,
Жырдан моншақ өрейік.
Уа, жамағат, ал енді
Әнге кезек берейік!
Мамыт Ади орындауында «Достарым» әні.
Тамаша! Рахмет саған, Адижан!
«Баламның табанына кірген шөңгірем, менің маңдайыма кірсейші» дейтін мейірімді ата-әжелерден үлгі алып келе жатқан кішкентай өнерпаздарымызды ортаға шақырайық.
4 «А» сынып оқушылары орындауында қазақ биі.
Тақпақтар
Балалар, сендердің аталарың, әжелерің қандай? Ендеше, тақпақтарды тыңдайық.
Рабия
Менің әжем, ақ әжем,
Ұл мен қыздың бағы әжем.
Ертегі айтып бер десем,
Айтып береді тағы әжем.
Батырхан
Менің әжем, гүл әжем,
Алтын әжем, нұр әжем.
Анам үшін, мен үшін,
Нағыз әжем — тіл әжем.
Гүлзат
Менің әжем, жыр әжем,
Шуағы мол нұр әжем.
Ақ таяққа сүйеніп,
Аман-есен жүр, әжем.
Бахтияр
Бесігіме бөлеп алып,
Сен тербетсең қалғымын.
Жүрегіме сіңіп жатыр,
Сенің айтқан әлдиің.
Ән мен би жалғасы
Жүректен кіріп бойды алар
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең, менше сүй.
Ортаға Нұрайды «Әкешім, Анашым» әнімен шақырамыз.
Қысылып еш саспандар,
Қанеки, би бастаңыздар!
Ата-әжелердің көңілін
Бір көтеріп тастаңыздар!
Оқушыларымызды қазақтың «Қара жорға» биімен ортаға шақырамыз.
Гүл-гүл жайнап бәріміз,
Кірді біздің сәніміз.
Қарттарымыздың тойымен
Құттықтаймыз бәріміз!
Оқушыларымызды «Бақытты баламыз» әнімен қарсы алайық.
Қорытынды. Бата және ізгі тілектер
Мерекелік шарамызды аяқтай отырып, «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» демекші, ата-әжелер, баталарыңыз бен ізгі ниет-тілектеріңіз болса, сөз кезегін өздеріңізге береміз.