Қаратпа сөздің ережесін жаттау
Сабақ туралы мәлімет
Өтетін орны
Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданы, Смирнов ауылы.
Мұғалім
Бастауыш сынып мұғалімі — Сматаева Жұлдыз Тұрсымбекқызы.
Сабақтың тақырыбы
Қаратпа сөз
Сөйлемде тыңдаушының назарын аудару үшін қолданылатын сөздер.
Сабақтың түрі
Жаңа сабақты меңгерту.
Әдіс-тәсілдер
- Баяндау
- Сұрақ-жауап
- Ой қозғау
- Талдау
Көрнекіліктер және байланыс
Көрнекілігі
Интерактивті тақта, слайдтар, үлестірме қағаздар.
Пәнаралық байланыс
Әдебиеттік оқу, дүниетану.
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
- Қаратпа сөздің мағынасын түсіндіру.
- Қаратпа сөзді дауыс ырғағы арқылы ерекшелей айтуды үйрету.
- Қаратпа сөздің негізгі оймен байланысын көрсету.
Дамытушылық
- Оқушылардың сөздік қорын молайту.
- Ойлау қабілетін дамыту.
- Өз ойын жүйелі әрі нақты жеткізуге дағдыландыру.
Тәрбиелік
- Ұқыптылыққа, таза әрі сауатты жазуға баулу.
- Еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
- Елін, жерін қорғайтын, тәуелсіздікті бағалайтын отансүйгіш азамат қалыптастыру.
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі
Мұғалімнің кіріспе өлеңі:
Алдымызда кезіккен,
Көп танысты көреміз.
Бәріне де ізетпен
Біз де сәлем береміз.
Үй тапсырмасын тексеру (өткенді қайталау)
Бос орынға тиісті сөздерді қойып, сөйлемдерді толықтырыңыз.
Керекті сөздер
анашым, Балнұр, Бақыт, жігіттер
- … үлкендерге не айту керек?
- Бар алғысым саған, ….
- Кәні, …, жүрісті үдетейік.
- Жарайды, …, сенің айтқаның болсын.
Жаңа тақырыпты түсіндіру: Қаратпа сөз
Сөйлемде біреудің назарын өзіне аудару үшін айтылатын сөздер болады. Мұндай сөздер қаратпа сөз деп аталады.
Мысал
Балам, дәптеріңді таза ұста!
Дәптермен жұмыс
Көркем жазу
Қ қ Ққ Ққ
Қайрат
Тәуелсіздік күні туралы қысқаша мәлімет
16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні. Қазақстан тәуелсіздігін 1991 жылы алды.
Қайрат Рысқұлбеков — Желтоқсан оқиғасында ерлігімен танылған қазақтың қайсар ұлы, Халық Қаһарманы.
Сұрақтар
- Еліміз тәуелсіздігін қай жылы алды?
- Тәуелсіздік күні қай күн?
- Биыл тәуелсіздікке неше жыл?
Президент Н. Ә. Назарбаев тәуелсіз елімізді дүние жүзіндегі ең алдыңғы 50 елдің қатарына қосып, ірі мемлекеттермен терезесін теңестіруге ұмтылғаны атап өтіледі.
Жаттығулар
1-жаттығу
Сөйлемдерді оқыңыз. Екі бағандағы сөйлемдерді салыстырыңыз. Оқу кезінде өзгеріс байқала ма?
Жай сөйлемдер
- Бағдат ертегі оқыды.
- Оқушылар мектепте тәртіп сақтауға міндетті.
- Әжем кесте тігуді үйретті.
Қаратпа сөзі бар сөйлемдер
- Бағдат, ертегі оқы.
- Оқушылар, мектепте тәртіп сақтаңдар.
- Әже, кесте тігуді үйретші.
2-жаттығу
Өлеңді көшіріп жазыңыз. Қаратпа сөздің астын сызыңыз.
— Ата, жаңғағымды шағып берші!
— Тісім жоқ.
— Ата, портфелімді алып берші!
— Күшім жоқ.
Балам, неге күлесің?
Менің жасымда
Тоқсаннан ассаң, білесің.
Сергіту сәті
Аспанға қарап ай көрдік,
Төмен қарап жер көрдік,
Оңға, солға бұрылып,
Егеменді ел көрдік.
3-жаттығу (1-қатарға)
Мәтінді түсініп оқыңыз. Қаратпа сөзі бар сөйлемдерді көшіріп жазыңыз.
— Қызым-ау, бәрін жей салмадың ба?
— Апа, мен оны жылағанда жеймін, — деді қызы.
4-жаттығу (2-қатарға)
Мәтінді түсініп оқыңыз. Қаратпа сөзі бар сөйлемдерді көшіріп жазыңыз.
- Айым, бөлмедегі гүлдерге су құй.
- Балам, аталарыңа батырлар жырын айтып берші.
- Көрші, үйге кіріңіз!
Қорытынды
Тапсырма
Мәтіндерді оқып, қаратпа сөздерді табыңыз.
Шеше, неше кесе сынды кеше.
Кел, балалар, оқылық.
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Бағалау және үй тапсырмасы
Оқушыларды бағалау
Сабақтағы белсенділігіне, тапсырмаларды орындауына қарай бағаланады.
Үйге тапсырма
5-жаттығу. Қаратпа сөздің ережесін жаттау.