Топтастыру стратегиясы арқылы жаңа сабақты түсіндіру

Сабақтың мақсаттары

Оқыту мақсаты

Өткен шақ түрлері туралы түсінік беру: бұрынғы өткен шақ пен ауыспалы өткен шақтың мағынасы және жасалу жолдары.

Дамыту мақсаты

Оқушылардың сын тұрғысынан ойлауын және шығармашылық қабілетін дамыту.

Тәрбиелік мақсаты

Өз ойын нақты жеткізуге баулу, шығармашылыққа ынталандыру және дүниетаным көкжиегін кеңейту.

Сабақ форматы мен ресурстар

Түрі мен әдістері

  • Аралас сабақ
  • Сұрақ–жауап, еске түсіру
  • Есімшені пысықтау
  • Сын тұрғысынан ойлау стратегиялары

Көрнекілік

Бұрынғы өткен шақ пен ауыспалы өткен шақтың жіктелу үлгілері берілген кесте.

Назар аударыңыз

Кесте оқушыларға шақ формаларын құрылымдық салыстыру арқылы тез меңгеруге көмектеседі.

Сабақтың барысы

I. Қызығушылықты ояту

Топтастыру стратегиясы арқылы жаңа тақырыпқа кіріспе жасалып, негізгі ұғымдар жүйеленеді.

II. Мағынаны тану

Ойын форматы: «Қатені тап»

Тапсырмалар ойын түрінде орындалады, кейін оқулықпен жұмыс арқылы бекітіледі.

1) Бұрынғы өткен шақ

Мәтіннен бұрынғы өткен шақты білдіретін етістіктерді тауып, олардың қалай жасалғанын түсіндіріңдер.

Заманда басқан аяқ кейін кеткен,
Жасымай Алашына қызмет еткен.
Болса да қалың тұман, қараңғы түн,
Туатын бақ жұлдызына көзі жеткен.

Түймеге жарқылдаған алданбаған,
Басқадай бір басы үшін жалданбаған.
Қайткенде Алаш көркейер? деген ойдан,
Басқа ойды өміріне малданбаған.

2) Ауыспалы өткен шақ

Мәтіннен ауыспалы өткен шақты білдіретін етістіктерді тауып, олардың жасалу жолын түсіндіріңдер.

Көкесінің төрт жыл бойы жаумен атысып жүріп, алтын сағат әкелгені рас. Шығыршық бауы сала құлаш, жиегі сап-сары, сыртылдап соғатын. Көкесі ауылға барса, шынжырын төгілдіріп, төс қалтасына салып алатын. Әлсін-әлсін қолына алып, қақпағын ашып қарайтын, жылқыға шықса, керегенің басына іліп кететін.

Жұптық тексеру

Екі қатардағы оқушылар тапсырмаларды орындап, бір-бірінің қателерін түзетеді.

Жарыс ойыны: «Барлық шаққа»

Бастаушы тақтаға бірнеше етістік жазады: жүр, біл, ақылдас, үйрен, жаса, тоқы. Оқушылар оларды барлық шаққа жарыса жіктейді.

Қатысушылар екі топқа бөлінеді. Әр топтан екі оқушы кезекпен шығып, тақтадағы алғашқы етістікті жекеше және көпше түрде жіктейді: 1-оқушы жекешесін айтса, 2-оқушы іле-шала көпшесін айтуы керек.

Ереже

  • Әр етістікке екі оқушыдан шығып отырады.
  • Барлық етістікті қателеспей жіктеген топ жеңеді.

III. Ой толғаныс

Өткен шақ етістіктерін қатыстыра отырып, кез келген тақырыпта досыңа хат жаз.

Жазылымға нұсқау

  • Хатта кемінде екі шақ түрін қолдан.
  • Ойың анық, сөйлемдерің ықшам болсын.

Бағалау

Оқушылардың тапсырмаларды орындауы, жұптық/топтық жұмысқа қатысуы және жазылым жұмысы бойынша нәтижелері бағаланады.