Ақмая ауылын зерттеу

Н. Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: «Отаншылдық өз жеріңе, өз аулыңа, өңіріңе, өзіңнің туған өлкеңе деген сүйіспеншіліктен бастау алады...»

Кіріспе

Мен Ақмая ауылында туып-өстім. Қазір осы ауылдағы Ақмая орта мектебінің 4 «Б» сыныбында оқимын. Ауылым деп соққан бала жүрегім туған жерімнің тарихын тереңірек тануға жетелейді. Бұл — менің үлкен өмірге жасаған алғашқы қадамдарымның бірі.

Ауыл — ата-бабамыздың өмірге келіп, кіндік қаны тамған, маңдай тері төгілген киелі мекені. Ананың әлдиі мен аялы алақаны қаншалықты қымбат болса, ауыл да сондай қадірлі ұя. Ауыл — қазақтың алтын бесігі.

Сұлу сөз өрнектеген ақын да, ән тербеген сазгер де, қызыл тілді шешен де, ел қорғаған батыр да қарапайым ауылдың қара шаңырағынан шыққан. Сондықтан біз үшін туған ауылдың ұлтарақтай жерінің өзі — баға жетпес қазына.

Ауыл — сол жерде өмір сүрген халықтың шежіресін жазып беретін мәңгілік кітап. Туған жерін жан жүрегімен сүйіп, сырын ұғып өскен ұрпақ қана ұлттық болмысын сақтай алады деп ойлаймын.

Туған жер туралы ой

Мұқағали Мақатаев: «Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы, бұдан артық рахат табылмайды»

Осындай терең сезім мені Ақмая ауылы туралы көбірек білуге, оның өткені мен бүгінін зерттеуге баулыды.

Зерттеу бағыты

Мақсаты

Ақмая ауылының тарихын зерттеу.

Міндеттері

  • Оқушыларға туған жері мен өз ауылының тарихын тереңірек таныту.
  • Деректерді жинақтап, зерттеп-зерделеу.
  • Жастарға ауыл тарихын кеңінен таныстырып, насихаттау.

Өзектілігі

«Рухани жаңғыру» идеясы аясында туған жердің мәдениеті, әдет-ғұрпы мен дәстүріне құрметті күшейтіп, тарихты тану арқылы отаншылдық рухты нығайтуға ықпал етеді.

Ел тарихын құрметтеу — азаматтарды біріктіретін құндылық. Бабаларымыздың осы жердің әр бөлігін сақтап қалу үшін күрескенін түсіну, салт-дәстүрдің мәнін бағалау және оны келер ұрпаққа жеткізу — бүгінгі буынның жауапкершілігі. Осы мақсатта Шиелі ауданындағы Ақмая ауылы туралы зерттеу жүргізілді.

Ақмая ауылын зерттеу

Географиялық орны

  • Ақмая — Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы ауыл, Ақмая ауылдық округінің орталығы.
  • Аудан орталығы — Шиелі кентінен оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 15 км жерде орналасқан.
  • Телікөл арнасының батыс жағалауындағы шөлейт белдемде орналасқан.
  • Координаттары: 44°05′07″ с.е., 66°52′04″ ш.б.

Ауылдың тарихы

Ақмая — тұнған шежіре. Бұл елді мекеннің тарихы патшалық кезеңнен бастау алады. 1853–1855 жылдары генерал В. Перовский Сырдария бойын зерттеу мақсатында оңтүстікке экспедиция ұйымдастырғаны айтылады.

Негізгі тарихи белестер

  1. 1887 Өңірді игеру мақсатында Мәскеуден теміржол тарту жұмыстары басталған.
  2. 1904 Теміржол Шиелі үстімен өтіп, «22-бекет» орныққан.
  3. 1937 Хабаров өлкесінен кәріс халқы өкілдері Сыр бойына жер аударылып, Шиелі өңірін мекендей бастаған.

Тарихи деректерде алғашында кәрістер қоныстанған жер «Авангард» деп аталғаны көрсетіледі. Табиғатынан еңбекқор халық қалың сексеуіл мен жыңғыл басқан алқапты игеріп, егістікке айналдырған.

Авангард колхозы Шиелі кентінен оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 16 шақырым жерде орналасқан. Оның негізін 1937 жылы Хабаровск өлкесінен қоныс аударған кәрістер қалаған.

1969 жылғы мәлімет бойынша, халқы шамамен 2,1 мың адам болған Авангард колхозының негізгі кәсібі — күріш егу. Сол кезеңде колхозда күріш ақтайтын пункт, киім тігетін шеберхана, орта мектеп, клуб, екі кітапхана, аурухана, босану үйі, дәріхана және екі бақ болғаны айтылады.

Осы деректер бір кездегі 30–40 үйлі шағын елді мекеннің бірнеше онжылдық ішінде ірі шаруашылыққа айналғанын аңғартады. Кейінірек бұл колхоздың маңынан «Большевик» және «Гигант» колхоздары құрылған.

Еңбек пен бірлік туралы байлам

Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақтардан тұратын колхоздарда негізгі жұмыс күші қарттар, әйелдер мен балалар болса, кәріс колхоздарында ер-азаматтардың еңбегі басым болғаны айтылады. Бұл — ауыл шаруашылығын сақтап қалудағы ынтымақ пен ұйымдасудың маңызын көрсететін дерек.