Қатырма қағаздан жасалатын бұйымдарды ата

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Оқушылардың бұрыннан алған білім, білік, дағды-машықтарына сүйене отырып, қағаздан жалауша жасау тәсілдерін үйрету.

Дамытушылық

Шыдамдылық пен ұқыптылықты, жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыру шеберлігін қалыптастыру; қауіпсіздік ережелерін сақтауға және құралдармен жұмыс істеу икемділігін дамыту.

Тәрбиелік

Оқушыны еңбекті өз бетінше орындауға және шығармашылыққа баулу.

Сабақтың форматы

Сабақтың түрі:
жаңа сабақ
Сабақтың әдісі:
түсіндіру, сұрақ-жауап, ізденіс, практикалық әрекет, сын тұрғысынан ойлау

Көрнекілік және байланыс

Көрнекілігі:
слайдтар, сөзжұмбақ, оқулық, жалауша түрлері, қауіпсіздік ережелері, суреттер, сызбалар
Пәнаралық байланыс:
тіл сабағы, математика, музыка, бейнелеу

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру бөлімі: психологиялық дайындық

Өлең жолдары

Гүл өсірсең терлеп — мұның аты еңбек.

Кесте тіксең зерлеп — мұның аты еңбек.

Қиындықтың бәрін еңбек қана жеңбек.

Сабаққа кіріспе сұрақ

Бүгінгі еңбек сабағында қандай қажетті құрал-жабдықтарды пайдаланамыз? (Слайд арқылы көрсету.)

Құралдарды дұрыс қолдану үшін, өткен тақырыптарды еске түсіреміз: «Қайталау — білім анасы».

Қайталау сұрақтары

  1. 1) Қағазды неден жасайды?

    Қағаз ағаштан, қамыстан, сабаннан, сондай-ақ ескі қағазды қайта өңдеу арқылы жасалады. Қағаз өндіруде көбіне ағаш қолданылады: ағаш арнайы құралмен үгіндіге айналдырылады, су қосылып шыланады, кейін қоспа ағартқышпен өңделіп, талшықтары майдаланады. Қағаз берік болуы және жазғанда сия жайылып кетпеуі үшін желім қосылады. Дайын масса арнайы машиналармен жұқартылып не қалыңдатылып, кептіріледі, беті тегістеледі, соңында орамға оралып немесе әртүрлі пішінде кесіліп тұтынушыға жеткізіледі.

  2. 2) Қағаздың қандай түрлерін білесің? Оларды не үшін қолданады?

    Жазуға арналған қағаз, сурет салуға арналған қағаз, ақ қағаз, орауға арналған қағаз, түрлі-түсті қағаз, қатырма қағаз.

  3. 3) Қағаздың қандай қасиеттері бар?

    Қағаз — адам қолымен жасалатын материал. Бұйым жасауда оның қасиеттерін білу маңызды: жыртылады, бүктеледі, иіледі, умаждалады, жанады, қиылады.

  4. 4) Жай қағаз бен қатырма қағаздың айырмашылығы қандай?

    Жай қағаз жұқа әрі жұмсақ болады, ал қатырма қағаз берік келеді және оңай умаждалмайды.

  5. 5) Қатырма қағаздан жасалатын бұйымдарды ата.

    Кітап мұқабалары, папкалар, дәрі-дәрмек қораптары, азық-түлік қораптары.

  6. 6) Жұмысшы сызықтар дегеніміз не?

    Жай және түрлі қатырма қағазға белгі қою және қию жұмыстарын орындауда қолданылатын сызықтардың шартты белгілері.

  7. 7) Қағаздың адам өміріндегі маңызы қандай?

    Қазіргі өмірді қағазсыз елестету қиын: дәптер, кітап, газет-журнал сияқты күнделікті қолданылатын заттардың көбі қағаздан жасалады.

Тақырыпқа шығу: сөзжұмбақ және әңгіме

Тақтадағы сөзжұмбақты шешу арқылы бүгін қағаздан қандай бұйым жасайтынымызды анықтаймыз.

Сабақтың тақырыбы: қағаздан жалауша жасау.

Сұрақ-жауап

  • Мұғалім: Жалаушаны қайдан көріп жүрсіңдер?
  • Мұғалім: Жалаушалар неден жасалады?

Мереке күндері көшені, бөлмені безендіру үшін қағаздан немесе матадан шағын жалаушалар жасалады. Жалаушаларды жіпке тізіп іліп қояды — бұл көшелер мен бөлмелерге сән береді. Кейде жалаушаны қолға ұстап та жүреді.

Қауіпсіздік ережелері

  • Еңбек сабағына арналған ұшы доғал қайшыны пайдалан.
  • Қайшының ұшын жоғары қаратып ұстама.
  • Қайшыны ашық күйінде қалдырма.
  • Қайшыны басқа адамға сабы жағымен ұсын.
  • Қайшымен қию кезінде жүрме, жолдасыңа жақындама.
  • Жұмыс соңында қайшыны қабына салып қой.
  • Желімді иіскеуге болмайды.

Практикалық әрекет

Оқушылар қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, қағаздан жалауша жасайды. Жұмыс барысында құралдарды дұрыс қолдану, дәл өлшеу, ұқыпты қию және жұмыс орнын таза ұстау талап етіледі.

Сергіту сәті (музыка сүйемелдеуімен)

Бала-бала балақан,

Қане қайсы жалаушаң,

Жалаушаны қолға алып,

Би билейік айналып.

Топ, топ басайық,

Жалаудан күн жасайық.

Жаса, жаса алтын күн,

Жаса, жаса жарқын күн.

Сабақты бекіту және қорытынды

Бекіту сұрақтары

  • Мұғалім: Бүгінгі сабақта қағаздан қандай бұйым жасадық?
  • Оқушы: Қағаздан жалауша жасадық.
  • Жалауша немесе шар туралы өлең, жаңылтпаш, жұмбақ айту (ауызша).

Рефлексия және бағалау

Сабақ сендерге ұнады ма?

Қандай көңіл күйде болдыңдар?

Оқушылардың жұмыстары бойынша көрме ұйымдастырылып, жұмыс нәтижелері бағаланады.

Сабақ аяқталды. Сау болыңдар!