Табиғат лирикасы - Абайдың ұлы талантын, биік мәдениетін танытатын өлеңдер

Сабақ туралы мәлімет

Мекеме

Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің Ғ. Мұратбаев атындағы №17 орта мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Пән мұғалімі

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Сейтқасымова Т.

Сабақтың тақырыбы

Абайдың табиғат лирикасы

Сабақ түрі

Жарыс сабақ (топтық)

Мақсат-міндеттер

Білімділік

Оқушыларға Абай өлеңдерін терең меңгерту, жатқа айту дағдысын қалыптастыру, өлең талдау машығын жетілдіру, теориялық ұғымдарды түсіндіру, этнографиялық танымын кеңейту.

Дамытушылық

Оқушылардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне ықпал ету, ойлау қабілетін және сөйлеу мәдениетін дамыту.

Тәрбиелік

Эстетикалық және экологиялық тәрбие беру, поэзия, саз өнері, бейнелеу өнері секілді көркем өнерге сүйіспеншілікті арттыру; Абай ұлылығын терең сезіндіру және туған табиғатты аялауға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер

  • Баяндау
  • Ой қозғау
  • Дөңгелек үстел
  • Топтық жарыс

Пәнаралық байланыс және көрнекілік

Пәнаралық байланыс: тарих, ән-күй.

Көрнекілік: сұрақ-тапсырмалар салынған конверттер, ақын портреті, Абай сөздері жазылған плакаттар, қосымша дидактикалық материалдар, О. Сүлейменов пен М. Мақатаев суреттері.

Ұйымдастыру және қызығушылықты ояту

Кіріспе ой

«Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған…» — деп төрелігін өзі шешкен Абай бүгін де жарқын бейнесімен, жалынды жырымен бізбен бірге жасайды.

Өлең жолдары (ойға шақыру)

Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым — кінә қойма.

Ақынның өзі айтқандай, «соқтықпалы, соқпақсыз жерде» өсіп, тар жол, тайғақ кешулі өмір кешкен Абай Құнанбайұлы ел мұңын асау жүрегінен ағыта жыр етіп төкті. Бұған дейін біз оның өмірі мен шығармашылығымен таныстық. Енді жаңа сабағымызды бастамас бұрын, Абай атамыз туралы білетінімізді жүйелейік.

Өткенді пысықтау: «Абай әлемі» сұрақтары

Сұрақтар оқушылардың Абай өмірі мен мұрасына қатысты негізгі деректерді еске түсіруге бағытталған.

  1. 1) Абайдың туған жерін ата.

    Семей облысы, Шыңғыстау тауының бөктері.

  2. 2) Ақын қайда жерленген?

  3. 3) Абай шығармаларының тұңғыш жинағы қай жылы шықты?

    1909 жыл.

  4. 4) Абайдың өскен ортасы, туған-туыстары туралы не білесің?

  5. 5) Абай қай жылы әкімшілік-билік жұмыстарына араласты?

    1858 жыл.

  6. 6) Қай жазушы Абайды «қазақтың классик әдебиетінің атасы, қазақ поэзиясының күн шуақты асқар биігі» деп бағалады?

    Мұхтар Әуезов.

  7. 7) Абай алғашқы өлеңдерін кімнің атынан жазды?

  8. 8) А. Құнанбайұлы қай жылы Ескітам медресесінде дәріс алды?

    1853 жыл.

  9. 9) Семейдегі Абай оқыған медресе қалай аталған?

    Ахмет-Риза.

  10. 10) Абайдың қандай өлеңдерімен таныстың?

    «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге», «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Жаз», «Күз», «Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай», «Жазғытұры», «Адамның кейбір кездері», «Құлақтан кіріп бойды алар» т.б.

  11. 11) Абайдың қандай күйлерін білесіңдер?

    «Желдірме», «Май түні», «Торы жорға».

  12. 12) Абайдың әндері

    «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Бойы бұлғаң», «Татьянаның хаты», «Қор болды жаным».

  13. 13) Ахмет Байтұрсынов 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған мақаласында Абайды қалай бағалады?

    «Қазақтың бас ақыны» деп бағалады.

Жаңа тақырыпқа кіріспе

Олай болса, бүгінгі сабағымызды Абайдың жылдың төрт мезгіліне арналған өлеңдерімен жалғастырамыз.

Арнау

Абай, Абай! Ұлы Абай, дана Абай,

Дана Абайым — қасқайған нән қарағай.

Қазағымның бұйырыпты бағына

Ғасырда бір туылатын дарам-ай.

Ұлы Абайым, саңлағым нар тұлға,

Өшпестей ғып із қалдырдың артыңа.

Табиғаттың сан қырынан жүрекке

Орнықтырып ұялатты жыр тұлғаң!

Абайдың табиғат лирикасы: негізгі ұғымдар

Лирика дегеніміз не?

Лирика — ақынның ішкі жан дүниесі сезім күшімен тебірене толқып, өз көңіл күйін, күйініші мен сүйінішін көркем тіл арқылы жеткізетін поэзия түрі.

Лириканың түрлері

  • Философиялық
  • Саяси
  • Махаббат
  • Табиғат

Неліктен табиғат лирикасы маңызды?

Абайдың тәрбиелік мәні зор лирикаларының бірі — табиғат лирикасы. Табиғат ақынға шабыт берген үлкен әлем: табиғаттың жаңарып-жасаруы мен құбылыстары ақынның ішкі сезім пернелерін қозғап, ол сезім өлеңге айналады.

Сылдырап аққан бұлақтан, жазғы жайлаудан, тіпті қаһарлы қыстан да сұлулық таба білу — Абай поэзиясына тән ерекшелік. Табиғат — адам өмір сүретін орта; онсыз тіршілік жоқ.

Қазақ даласының тұрмыс-тіршілігін, көшпелі ауылдың бейнеті мен зейнетін, қоғамдағы қарым-қатынастың сан алуан белгілерін Абай табиғат суреттері арқылы дәл әрі қанық бояумен көрсете білді. Бұл туындылар — өз дәуірінің айнасы.

Үйренген арна

Табиғатқа жан бітіре суреттеуді Абай орыс классиктерінен үйренген.

Жазылған жылдар

Бұл өлеңдер 1886–1890 жылдар аралығында жазылған.

Бүгінгі фокус

«Қыс», «Жазғытұры», «Күз», «Жаз» өлеңдері бойынша топтық жарыс сабағы.

Топтық жұмыс: ой қозғау және таныстыру

«Дөңгелек үстел» стратегиясы

Әр топқа ақ парақ беріліп, жыл мезгілдерін сипаттап жазу ұсынылады. Одан кейін топ атауы мен белгісі таныстырылады, топ басшысы сайланады.

1-топ: «Қыс»

Топ белгісі ретінде қар бейнесі таңдалады. Қыс — тазалық пен пәктіктің нышаны, жер бетін аппақ көрпеге бөлегендей әсер қалдырады.

Күз — жыл мезгілдерінің ішіндегі ең сұлуы әрі молшылықтың символы. Күз келгенде оқу маусымы басталып, жұрт қыстың қамын ойлап, жаз бойы жиған-тергенін жинақтайды. Күз қоңырқай әсемдігін қыстың ақ шаңқан келбетіне ұластырады.

2-топ: «Көктем»

Топ белгісі ретінде жасыл түс пен гүл бейнесі алынады. Көктем — тіршіліктің жанданып, жаңалыққа ұмтылатын шағы: қыста қар астында жатқан табиғат қайта түлейді.

Жаз — жылылықтың, қуаныштың, сүйіспеншіліктің әсерін сыйлайтын жайлы кезең. Оңтүстік өңірдің де өз ерекшелігі бар: мұнда төрт мезгілдің бәрі айқын сезіледі, әрқайсысының болмысын толық тануға болады.

Қара сөзі, қара өлеңі қарымды,

Толғайды Абай мұңым менен зарымды.

Абай сынды дана туған халықтың

Ұл-қызы да болу керек дарынды.

Осы жолдармен жарыс сабағының басталуы жарияланады.

Жарыс құрылымы: 6 бағыт

Мақсат — оқушылардың өнері мен білімін жан-жақты байқау. Әр бағыт бойынша арнайы сұрақтар мен тапсырмалар беріледі.

1) Поэзия

Өлеңді жатқа айту, мәнерлеп оқу, мазмұнын терең түсіндіру.

2) Теория

Лирика, бейнелеу құралдары, көркемдік тәсілдер туралы ұғымдар.

3) Ән-күй

Абай мұрасындағы музыкамен сабақтастыру.

4) Этнография

Дәстүр, тұрмыс, көшпелі өмір көріністерін тану.

5) «Жүйесін тапқан сөз жүрекке жетеді»

Даналық ойдан дән іздеу: нақыл, түйін, тұжырым.

6) Экология

Табиғатты аялау идеяларын бүгінгі өмірмен байланыстыру.

1-бағыт: Поэзия

1-тапсырма: мәнерлеп жатқа айту

Әр топ мүшелері бірін-бірі жалғастырып, Абай өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтады. Абай — қазақ халқының мақтанышы ғана емес, ар-ұяты мен ұлттық намысының өлшемі. Сондықтан Абайды оқымаған, сөзін көңіліне тоқымаған, кемінде бір шумағын жатқа білмейтін оқушы болмауы керек.

2-тапсырма: өлеңдердің шығу тарихы

«Қыс» өлеңі

Абай ізбасарларының бірі Тұрағұл естелігінде: 1884 жылы Семей өңірінде қыс қатты болып, ел жұтап, мал қырылғанын айтады. Қалың қар сәуір айында әрең еріген. Сондықтан ақын қысты «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды» деп, зор тұлғалы адам кейпінде суреттейді.

«Жаз» өлеңі

«Жаз» өлеңіндегі ауыл — Абайдың өз ауылы. Абайдың аяңшылы — Әбдірахманмен бірге мінген Күреңтөбел аты. Айқайшы шал — сол жылы көрші отырған Әнет Бармақ деген қария. Құс салып жүрген жас жігіттер — Ақылбай мен Әбдірахман. Бұл деректерді Абайдың досы Көкбай ақын естелігінде баяндайды.

«Жазғытұры» өлеңі

Көкбай ақынның естелігі бойынша, 1880–1886 жылдары Абай өз өлеңдерін Көкбайдың атынан таратып жүрген. 1886 жылдың жазында ел жайлауға көшіп, Абай ауылы Бақанас өзенінің бойындағы Көкбейітке қонады. Сол жылы ауылда доктор Долгополов та қонақ болады. Абай көш-қон көрінісін көріп: «Осы суретті өлең қыл», — дейді. Көкбай жазған нұсқа ұнамай, Абай өзі жазуға ниеттенеді. Сол күні «Жазды күн шілде болғанда…» өлеңі дүниеге келеді. Абай әзіл-шыны аралас: «Сен соғымыңа бір ту бие ал, ал мен енді өлеңімді өзім алайын», — деген екен.