Білімді жеке тұлға тәрбиелеу
Түсінік хат
Жалпы орта білім беретін жаратылыстану-математика бағытындағы бағдарлы мектепке арналған қолданбалы курс бағдарламасы.
- Сынып
- 10 «Ә»
- Апталық жүктеме
- 1 сағат
- Жалпы көлемі
- 34 сағат
Курс туралы
«Цитология негіздері» қолданбалы курсы биология пәні бойынша теориялық және айғақтық материалдарды қамтиды. Курстың негізгі бағыты — оқушылардың биологиядан алған білімдерін тереңдету және жүйелеу, сондай-ақ бағыт-бағдар беру арқылы толықтыру.
Жалпы білім беретін негізгі мектепте биологиядан қосымша білім берудің маңызы зор. Қазіргі білім беру жүйесінің басты міндеті — білімді әрі білікті жас ұрпақты тәрбиелеу.
Бағдарлама мектептегі биологиялық білім мазмұнына қойылатын талаптарға сәйкес әзірленді және цитологиялық білімнің мәнін ашатын материалдар негізінде құрылды.
Негізгі мазмұндық өзек
- Цитология ғылымының жасуша құрылысы, химиялық құрамы және цитоплазмадағы әртүрлі құрылымдарды зерттейтінін меңгерту.
- Жасуша құрылымдарының зат алмасу үдерісіндегі маңызын терең түсіндіру.
- Биологиялық білімді тереңдету арқылы оқушының білім деңгейін арттыру.
- Жасуша физиологиясы және жасушадағы органикалық заттар туралы білімді дамыту.
- Пәнаралық байланысты күшейтіп, басқа ғылым салаларынан алған білімді биологияны оқытуда тиімді қолдану.
- Оқушының шығармашылық әлеуетін ашуға және зерттеушілік дағдысын қалыптастыруға жағдай жасау.
Курстың мақсаты
Цитологияның негізгі ерекшеліктері, жасуша теориясы, жасуша құрылысы және физиологиясы бойынша тереңдетілген білім беру.
Сабақ барысында оқушыларды шығармашылықпен жұмыс істеуге баулу, қосымша материалдарды тиімді пайдалана отырып ізденуге үйрету.
Биологиялық терминдер мен ұғымдарды түсінуді жетілдіріп, ой-өрісті дамытуға басымдық беру.
Курстың міндеттері
- Курс бағдарламасында қамтылған материалды толық игерту.
- Жаңа биологиялық мағлұматтар беріп, білімді тереңдету.
- Оқытудың әртүрлі формаларын қолдана отырып, өз бетінше ізденуге және жұмыс істеуге үйрету.
- Қазіргі заман талабына сай бәсекеге қабілетті, білімді жеке тұлға тәрбиелеу.
- Интернет жүйесіндегі биологиялық материалдарды қосымша пайдалануға үйрету.
- Пәнге қызығушылықты арттыру және пәнаралық байланысты тиімді қолдану.
Оқытудағы басты ұстаным
Курс жасуша туралы білімді жүйелі түрде тереңдетуді көздейді: ұғымдарды нақтылау, дәлелді материалмен жұмыс істеу, пәнаралық байланыс орнату және оқушының дербес ізденісін қолдау.