Күләш Байсейітоваға мінездеме бер

Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы, №32 мектеп-гимназиясы

Бастауыш сынып мұғалімі: Раева Айна Жылқыбайқызы

Пәні: Ана тілі Сабақ типі: Жаңа сабақ Сабақ түрі: Топтық жұмыс

Сабақ тақырыбы: К. Байсейітова — «Қазақстан бұлбұлы»

Бұл сабақта оқушылар «Қазақстан бұлбұлы» атанған Күләш Байсейітованың өмірі мен шығармашылығымен таныса отырып, әуелеп салынған әннің құдіретін сезінеді. Сонымен қатар Балуан Қажымұқан Мұңайтпасов туралы бұрын алған білімдері бекітіледі.

1) Білімдік мақсат

Күләш Байсейітованың өмірі арқылы ән өнерінің қуатын таныту; Қажымұқан туралы білімді жүйелеу және бекіту.

2) Дамытушылық мақсат

Шығармашылық қабілетті дамыту, қиялды ояту, сөздік қорды байыту, тіл мәдениетін арттыру.

3) Тәрбиелік мақсат

Өнер адамдарын құрметтеуге, халық мұрасына ықылас танытуға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер мен құралдар

Әдіс-тәсілдер

  • Топпен жұмыс
  • Ой қозғау
  • Көрнекілікпен жұмыс
  • Сұрақ-жауап
  • Түсіндіру, топтастыру

Көрнекілік пен техника

  • Ә. Қоңыратбаевтың, Қ. Мұңайтпасовтың, К. Байсейітованың суреттері
  • Буклеттер, кітаптар: «Балуандар», «Күләш поэмасы», «Менің елім Қазақстан»
  • Техникалық құрал: магнитофон

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушыларды топқа бөлу
  • Оқушылардың назарын сабаққа аудару

Кіріспе сөз

Бүгін біз Қажымұқан Мұңайтпасов туралы алған білімдерімізді бекіте отырып, «Қазақстан бұлбұлы» атанған Күләш Байсейітованың шығармашылығымен танысамыз.

Сабақ ұраны:

«Бір жерде бірге жүрсең басың қосып, біріңнің бірі сөйле сөзің тосын». — Абай

Бір-бірімізді мұқият тыңдап, жылы қарым-қатынаспен сабағымызды бастаймыз.

2) «Ой ашар» кезеңі (үй тапсырмасын пысықтау)

І топ

Қажымұқанмен белдескен палуан кім?

ІІ топ

Сайыс қалай аталады?

ІІІ топ

Жапон палуанымен күрес туралы не білесіңдер?

І топ: Қажымұқанға сипаттама

Күш атасы, цирк әртісі, алып, қайсар, ержүрек балуан; тұңғыш кәсіпқой спортшы. Күрес түрлері: грек-рим (французша), жапонша (джиу-джитсу), еркін күрес (қазақша).

ІІ топ: Өскен ортасы

Қажымұқан — руы алтыбас қыпшақ. 1871–1948 жж. Ақмола облысы, Қараөткел ауданындағы Қоспада дүниеге келген. Әкесі — Мұңайтпас, атасы — Ернақ, жұбайы — Надежда.

ІІІ топ: Лақап аттары және марапаттары

Шын аты — Мұқан. Жасырын аты — Муханура. Лақап аттары: «Қара Иван», «Қажымұқан». Марапаттары: 48 медаль (алтын, күміс, қола), «Қазақ даласының батыры», «Құрмет белгісі», «Сигизмунд белбеуінің иегері».

Суреттер бойынша жұмыс (сұрақ-жауап)

  • Қажымұқаннан басқа қандай спорт шеберлерін білесіңдер? (мақал-мәтелдермен толықтыру)
  • Спорттан бөлек, өнердің қандай түрлерін атай аласыңдар?
  • Ән өнеріндегі қандай атақты жұлдыздарды білесіңдер?

3) Жаңа сабақ: Күләш Байсейітова — «Қазақстан бұлбұлы»

Музыкалық кіріспе

Магнитофон арқылы «Гәкку» әнін тыңдау. Бұл ән К. Байсейітованың орындауында «Қыз Жібек» операсынан алынған.

«Өнердің ең жоғарғы түрі, ең саңлағы, ең сәулетшісі де — халықтың өнері, яғни жүздеген жылдар өтсе де мұқалмай, сыны қашпай, саф күйінде сақталып келе жатқан халықтың ең асыл мүлкі».

— М. И. Калинин

Күләш Байсейітова туралы

Күләш (Гүлбаһрам) Жалынқызы Байсейітова (1912–1957) — қазақтың атақты әншісі, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері.

1934 жылы қазақ музыкалық театрының әншісі болды. Оның орындауындағы рөлдер: Жібек, Ақжүніс, Сара, Татьяна («Евгений Онегин»). 24 жасында «Халық әртісі» атағына ие болды.

Өнердегі жаңалығы мен бағалануы

Күләш қазақ әндерін еуропалық оркестр мүмкіндігімен ұштастырып, қазақ операсының сахна мәдениетін жаңа деңгейге көтерді.

Оның өнерін жоғары бағалап, Нежданова Күләшті «Чудо» («Керемет») деп атағаны айтылады.

Мәтін авторы туралы

«Қазақстан бұлбұлы» әңгімесінің авторы — Қанабек Байсейітов (1905–1979): актер, әнші, драматург, опера режиссері. Ол Күләш Байсейітованың өмірлік және шығармашылық серігі ретінде өз көрген-білгенін естелік түрінде баяндайды. Алматы қаласында қызы Раушан Байсейітова тұрғаны айтылады.

Талқылау сұрақтары

  • Әңгіме неге «Қазақстан бұлбұлы» деп аталған?
  • Бұлбұл құсымен қандай байланыс бар?
  • Бұлбұл қандай құс? Оның ерекшелігі неде?

І топ тапсырмасы

Мәтіннен Күләштің ән мен күйге әуестігі туралы айтылған тұсты тауып оқыңдар.

ІІ топ тапсырмасы

Мәтіннен Күләштің қандай рөлдерді орындағанын тауып, дәлелмен айтыңдар.

ІІІ топ тапсырмасы

Халықтың Күләш өнеріне берген бағасы қалай сипатталған? Мәтіннен тауып оқыңдар.

Сұрақ-жауап (бекіту)

  • Күләштің қандай әндерін білесіңдер?
  • Күләштің мінезі туралы айтылған тұсты тауып оқыңдар.
  • «Қыз Жібек» жырындағы Жібек бейнесі мәтінде қалай берілген?

«Тез оқу» минутасы

Мәтінді шапшаң, түсініп оқу дағдысын дамыту.

Дәптермен жұмыс

Негізгі ойды қысқаша жазу, тірек сөздермен жоспар құру.

Сөздік жұмысы

  • «Арқасы бар екен» — киелі таланты бар адам.
  • «Аруағы көтеріліп келеді екен» — дарын-қабілеті айқын көрінетін, қасиеті бар адам.

4) Қорытынды

Негізгі сұрақ

Шығарма кім туралы жазылған? Күләш Байсейітоваға мінездеме беріңдер.

Күләшке қысқаша мінездеме

  • Қазақ операсының негізін қалаушылардың бірі, опера әншісі, актриса, қоғам қайраткері
  • Атағы: «Қазақстан бұлбұлы», КСРО халық әртісі
  • Мінезі: ашық-жарқын, жүзінен күлкі кетпейтін, кек сақтамайтын, көңілді жан

Ұлт мақтаныштары (топтастыру)

Батыр қыздар

Әлия, Мәншүк

Тұңғыш балуан

Қажымұқан Мұңайтпасов

Күй атасы

Құрманғазы

Тұңғыш ғалым

Қаныш Сәтбаев

5) Бағалау және үй тапсырмасы

Мадақтау

Сабаққа белсенді қатысқан оқушыларды мадақтау.

Бағалау

Мәтінді оқу дағдысы, жауаптың дәлелі, топтық жұмысқа үлесі бойынша бағалау.

Үй тапсырмасы

  • Мәтінді оқу
  • Мәнжазба (қысқаша мазмұндама) жазу
  • Сұрақтарға жауап беру