Дыбыстың қоршаған ортаға әсері
Жоба туралы пікір
Бейнеу гимназиясы мемлекеттік мекемесінің 3-сынып оқушысы Нұрбергенова Інжу «Дыбыс» тақырыбында ғылыми жоба дайындады.
Жоба жетекшісі: бастауыш сынып мұғалімі Тастайбекова Г. С.
Жоба авторы көптеген деректерді қарастырып, көзге көрінбейтін әрі қолмен ұсталмайтын, бірақ адам өмірінде үлкен рөл атқаратын құбылысты зерттеуге талпынған. Тақырыптың ерекшелігі — дыбыстың адамға қалай әсер ететінін және оның күнделікті өмірдегі орнын түсіндіруге бағытталуы.
Қоршаған ортадағы құбылыстарды пайымдау үшін байқампаздық пен ой-түйсік қажет. Інжу — ізденімпаз, зерделі оқушы. Сондықтан бұл жұмыс тыңдаушының қызығушылығын арттырады деп сенемін.
Аннотация
Ғылыми жұмыстың мақсаты
- Дыбыстың ерекше физикалық құбылыс екенін анықтау.
- Дыбыстың түрлері мен өлшемдерін қарастыру.
- Дыбыстың құлақ арқылы қабылдануын түсіндіру.
Зерттеу объектілері
- Дыбыс — толқын түрі.
- Дыбыстың түрлері мен өлшемдері.
- Дыбыстың қоршаған ортаға әсері.
Зерттеу кезеңдері
- Тақырыпты таңдау және мақсат қою.
- Қажетті материалдарды жинақтау.
- Көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын, бірақ адамдардың қарым-қатынасына ықпал ететін дыбыс туралы мәліметтерді жинау.
- Жинақталған материалды сараптау.
- Зерттеу жұмысының құрылымын нақтылау.
- Материалды өңдеу және жүйелеу.
Зерттеу әдістері
- Физикалық құбылысты бақылау және түсіндіру.
- Дыбыстың қоршаған ортаға әсерін анықтау.
- Талдау арқылы дыбыстың өзіндік ерекшеліктерін айқындау.
Зерттеудің жаңалығы
Жасөспірім оқушыларға дыбыс сияқты физикалық құбылысты түсінікті тілде баяндау, дыбыстың толқын ретінде таралатынын және оның өлшенетін шамалары бар екенін ұғындыру, сондай-ақ дыбыстың қоршаған ортада өзгеріске ұшырайтынына назар аударту.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Роберт Уинстон. Менің денем неден құрылған? Алматы: «Алматы кітап», 2012.
- Тектілік феномені. «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы, 21 мамыр 2012.
- Абай энциклопедиясы. Алматы: «Атамұра», Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы.
Кіріспе
Табиғатта адам баласы біле бермейтін сан алуан құбылыстар бар. Қоршаған ортада біз көрмейтін, қолға ұсталмайтын, бірақ сол арқылы бір-бірімізбен сөйлесіп, музыка тыңдап, радио тыңдайтын толқын түрі кездеседі. Бұл толқын түрі дыбыс деп аталады.
Біз еститін музыка, ұялы телефонның шырылы, адамдардың сыбыры мен сөзі, сабақтағы қоңырау үні, теңіз толқыны, жануарлардың дыбысы, құстардың сайрауы — барлығы да дыбыстық толқындарға жатады.
Дыбыс ауа, су және қатты денелер арқылы көзге көрінбейтін толқын түрінде таралады. Дыбыс туралы физикалық ұғым адам құлағына естілетін және естілмейтін дыбыстардың бәрін қамтиды. Бұл жұмыста дыбыстың ерекшелігі мен өлшемдері туралы кеңірек мәлімет беріледі.
Негізгі бөлім
Дыбыс ерекшелігі
Дыбыстар туралы ғылым акустика деп аталады. Ол ғимараттарды жобалауда, теледидар мен су құбырларынан бастап, машина, пойыз және ұшақ сияқты техникаларды құрастыруда кеңінен қолданылады.
Дыбыс көбіне соққы әсерінен пайда болатын тербелістерден туындайды. Мысалы, қоңыраудың дыбысы — соққыдан туған тербелістің нәтижесі. Ал үрлемелі музыкалық аспаптарда дыбыс ауа ағынының әсерінен пайда болып, белгілі бір режимде сақталып тұра алады.
Табиғатта дыбыс ауа ағыны қатты денелерді орай аққанда, құйындар түзілгенде және олардың бөлініп шыққанда пайда болады (мысалы, жел соққан кездегі сымдар мен құбырлардан шығатын үн). Төмен және инфратөмен жиіліктегі дыбыстар жарылыс пен опырылыс кезінде де туындауы мүмкін.
Қазіргі кезде адам денсаулығына және техникалық жабдықтарға зиян келтіруі ықтимал өнеркәсіптік және көліктік шу, сондай-ақ аэродинамикалық шу көздерін зерттеуге ерекше мән беріліп отыр.
Дыбысты қабылдау құрылғылары
Дыбыс қабылдағыштар дыбыс энергиясын басқа энергия түріне түрлендіреді. Адам мен жануарлардың есту аппараты — дыбыс қабылдағыштың табиғи мысалы. Техникада дыбысты қабылдау үшін көбінесе электр-акустикалық түрлендіргіштер қолданылады: ауада — микрофон, суда — гидрофон, ал жер қыртысында — геофон.
Дыбыс толқындарының таралуы дыбыс жылдамдығымен сипатталады. Газдар мен қатты денелерде қума толқындарда бөлшектердің тербеліс бағыты толқынның таралу бағытымен бағыттас болады.
Ортаның біртекті болмауы дыбыс толқындарының шашырауына әкеледі (мысалы, су көпіршіктері немесе теңіздің толқынданған беті). Сонымен қатар атмосфералық қысым, температура, желдің күші мен бағыты да дыбыстың таралуына ықпал етеді.
Дыбыстың түрлері мен өлшемдері
Дыбысты қалай еститініміз дыбыс толқындарының қасиеттеріне байланысты. Толқындардың арақашықтығы дыбыстың жиілігіне (яғни, жуан-жіңішкелігіне) әсер етеді: толқындар тығыз болса — жиілік жоғары, ал сирек болса — жиілік төмен болады.
Дыбыс толқындары көзге көрінбейді. Дегенмен толқынның қозғалысын тербелетін ішек арқылы бақылап, олардың қалай әрекет ететінін түсінуге болады. Жиілік артқан сайын толқын ұзындығы қысқарады.
Жиілік мысалдары (тәжірибелік түсіндіру)
- 0,5 Гц — ішек ұзын толқынмен тербеледі.
- 1 Гц — тербеліс жиілеп, толқын қысқара түседі.
- 1,5 Гц — толқын ұзындығы одан әрі қысқарады.
- 2,5 Гц — жоғары жиілік жоғары дыбыстарға тән.
Ұшқыр ұшақ дыбыстың жылдамдығынан асқанда, өзінен шыққан дыбыс толқындарын «қуып жетіп», оларды жақындастырады. Нәтижесінде атмосферада дыбыс соққысы пайда болады. Қамшының сыртылы да — дыбыстық кедергіні еңсерумен байланысты соққы құбылысының бір түрі.
Дыбыстың таралу жылдамдығы
- Ауада шамамен 1190 км/сағ.
- Суда шамамен 5000 км/сағ (нақты мәні температураға тәуелді).
Сондықтан біз алыстағы оқиғаны (мысалы, жарылысты) алдымен көріп, кейін дыбысын естиміз.
Естілетін және естілмейтін дыбыстар
- 16 Гц-тен төмен — инфрадыбыс.
- 20 кГц-тен жоғары — ультрадыбыс.
- 109 Гц-тен 1012–1013 Гц-ке дейін — гипердыбыс.
Дыбыс қаттылығының мысалдары (дБ)
| Деңгейі | Мысалы |
|---|---|
| 0 дБ | Саусақпен теріні жеңіл сипағанда шығатын өте бәсең дыбыс |
| 15 дБ | Сыбырлап сөйлеу |
| 60 дБ | Қалыпты сөйлеу |
| 90 дБ | Жүрдек пойыз жанындағы дыбыс |
| 100 дБ | Автокөлік сигналы |
| 110 дБ | Күн күркіреуі |
| 120 дБ | Ұшақтың көтерілу сәтіндегі гүрілі |
Дыбыс толқынында күшею мен әлсіреу дыбыс қаттылығын қалыптастырады.
Дыбыс толқындары жарық толқындары сияқты заттардан шағылады. Дельфиндер мен жарғанаттар жаңғырық-сигналдарды пайдаланып, өз жолындағы нысандарды анықтайды. Компьютерлік бағдарламалар көмегімен дыбыс толқындарын бейнеге айналдырып, оны талдауға да болады.
Қорытынды
Дыбыс бізге құлақ арқылы жетеді. Айналадағы сөйлесу, жануарлардың үні, музыка, жапырақтың сыбдыры сияқты сан түрлі дыбыстар құлаққа еніп, есту жүйкесі арқылы миға беріледі. Ми дыбыстың мағынасын ажыратып, біз оны естиміз.
Сондықтан құлақты күту — маңызды. Құлақ ауырса, дәрігерге қаралу керек; құлақты таза ұстап, үшкір затпен шұқымау қажет. Қатты айқайламауға тырысып, теледидар мен музыканың дыбысын тым көтермеу керек — бұл есту қабілетіне зиян келтіруі мүмкін.
Түйін (өлең жолдары)
Мен дыбыстан ұғындым,
Көп нәрсенің мән-жайын.
Көрінбейтін көзге де,
Ұсталмайтын қолға да,
Бірақ адам тәуелді —
Бұл құбылыс жұмбаққа.
Тағы да бір білгенім —
Өлшеусіз зат жоқ екен.
Сәл тықырың, тысырың,
Мейлі қатты екпінің —
Бәрі де өлшенер,
Бельменен белгіленер.
Ауамен де, сумен де
Таралатын толқын бар.
Су бетінде діріл боп,
Тау ішінде жаңғырар.
Мұның бәрі, әрине,
Құлақ арқылы келеді.
Құлағыңды жақсы күт —
Құлаққа не жетеді?!
Мазмұны
- I. Кіріспе
- II. Негізгі бөлім
- 1. Дыбыс ерекшелігі
- 2. Дыбыстың түрлері мен өлшемдері
- III. Қорытынды
- IV. Пайдаланылған әдебиеттер
- V. Қосымша