Бозторғай өлеңінің мазмұны мен идясын ашу
Сабақ тақырыбы: С. Дөнентаев — «Бозторғай» (6-сынып)
Бұл сабақта Сұлтанмахмұт Дөнентаевтың өмірі мен шығармашылығы таныстырылып, оның қазақ әдебиетіндегі орны түсіндіріледі. «Бозторғай» мысал-өлеңінің мазмұны мен идеясы ашылып, оқушылардың өмірмен байланыстыра талдау жасау дағдысы дамытылады.
Мақсаты
- С. Дөнентаев өмірі мен шығармашылығы туралы түсінік қалыптастыру.
- «Бозторғай» өлеңінің мазмұны мен идеясын ашу.
- Өлең идеясын өмірлік жағдайлармен байланыстыра талдауға үйрету.
Күтілетін нәтиже
- Ақынның өмірі мен еңбектері туралы түсінігі қалыптасады.
- Өлең идеясын өмірмен байланыстыра алады.
- Өзіндік қорытынды жасап, пікірін дәлелдеуге тырысады.
- Жеке және топтық жұмыста белсенділік танытады.
Ұйымдастыру кезеңі
Сергіту сәті
Балаларға арналған жаттығу әні қосылады. Оқушылар ән ырғағына және сөз мазмұнына ілесіп қимыл-қозғалыс жасап, көңіл күйін көтереді.
Бағалау өлшемдері
Оқушылар табыс критерийлерімен танысады: тапсырманы орындау сапасы, дәлелді жауап, топтық жұмысқа үлес, шығармашылық шешім және уақытты тиімді пайдалану.
Үй тапсырмасын тексеру
Деңгейлік тапсырмалар (ДБЖ)
- A деңгейі: М. Жұмабаевтың өмірбаянын оқу және тест орындау.
- B, C деңгейі: «Ана тілімнің бүгіні мен ертеңі» тақырыбында эссе.
СТОҮ: «Автор орындығы»
Оқушылар эссе не жауаптарын қысқаша таныстырады. Сынып тыңдайды, нақты сұрақ қояды, ойды толықтыруға көмектеседі.
Тест тапсырмалары (қосымша)
-
1) Мағжан Жұмабаевтың туған жылын табыңыз.
a) 1883 ә) 1893 б) 1865
-
2) Мағжанның әкесінің есімі?
a) Бекен ә) Жұмабай б) Дулат
-
3) Мағжан неше жасында хат таныды?
a) 6 жасында ә) 7 жасында б) 4 жасында
-
4) Мағжан қай қалалардағы медреселерде оқыды?
a) Қызылжар, Уфа ә) Орынбор, Астана б) Омбы, Ақмола
-
5) Мағжан Омбыда қандай оқу орнын тәмамдады?
a) Жазушылар институтын ә) Мұғалімдер семинариясын б) Көркемөнер институтын
-
6) Мағжанның өлеңдерін табыңыз.
a) «Түркістан», «Қазақ тілі» ә) «Кел, балалар, оқылық!», «Жаз» б) «Қыс», «Өлең – сөздің патшасы»
-
7) Мағжанның поэмаларын табыңыз.
a) «Масғұт», «Ескендір» ә) «Қорқыт», «Батыр Баян» б) «Құлагер», «Көкшетау»
-
8) «Қазақ поэзиясының атасы Абайды сүйемін, бұдан соң Мағжанды сүйемін. Мағжан – мәдениеті зор ақын» деген кім?
a) Мұхтар Әуезов ә) Ахмет Байтұрсынов б) Жүсіпбек Аймауытов
Интерактивті тапсырма: көркемдеуіш тәсіл
Интерактивті тақтада өлең шумақтары беріледі. Көп нүктенің орнына тиісті сөздерді жазып, олардың қандай көркемдеуіш тәсілге жататынын анықтайды.
………………………, айбатыма кім шыдар?
………………………, маған қарсы кім тұрар?
Көкте — ……………, жерде — …………… гулеген,
Жер еркесі — желдің жөнін кім сұрар?
Көкте — ………………………, көпке нұрым шашамын,
Көңілге алсам, қазір ғарышқа асамын.
Шеті, түбі жоқ …………………… қаракөк,
Ерігемін — толқып, шалқып, тасамын.
……………………… мен, келме жақын — жанарсың,
……………………… мен, шаңыма ермей қаларсың.
Күл болсын көк, жемірілсін жер, уайым жоқ,
Көз қырымен күліп қана қарармын.
Өлең толық (3 шумақ) оқылғаннан кейін оқушылар мозаика құрастырады. Мозаиканың артынан бозторғайдың суреті шығып, жаңа тақырыпқа жетелейді.
Ой қозғау
СТОҮ: «Кластер» әдісі
«Бозторғай» сөзі сендердің ойларыңда қандай ассоциация тудырады? Оқушылар ойларын сөздер, қысқа тіркестер немесе бейнелер арқылы топтастырады.
Мағынаны тану
ББЖӘТ: зерттеушілік әңгіме
- Мысал-өлең деген не?
- Қандай мысал-өлеңдерді білесіңдер?
Бір оқушы «Бозторғай» өлеңін мәнерлеп оқиды.
С. Дөнентаев — «Бозторғай» (мәтін)
Бозторғай зорлық көріп тұрымтайдан, Таяныш таба алмапты қырдан, ойдан. Болыпты мұңын шақпақ, зарын айтпақ, Қырғиды жолықтырып көрсе қайдан. Ағып жүр оқтай зырлап, көрмей дамыл, Шыбын жанын сұрап бір құдайдан. Тілегі, көздің жасы қабыл болып, Ақыры-ақ тапты іздеп бір тоғайдан. Томарда, келсе, қырғи бұғып отыр, Жемсауы ыңқ-ыңқ етіп шығып отыр. Түрі бар бір нәрсені аңдығандай, Орнында қозғалмастан нығып отыр. Келді де, сәлем берді төресіне, Аз-ақ тұр шықпай жаны денесінде. Шақты кеп тұрымтайдың мінездерін: Ей, тақсыр, бейбағыңды көресің бе? Қырғи сәл торғай сөзі бітер-бітпес: «Сабыр қыл! — деді, — тоқта, еш нәрсе етпес. Қазірде қол бос емес, жұмыс қатты, Аз күтсең жаның шықпас, күнің өтпес». Деген соң, торғай кетті, амал бар ма? Тұруға сөз қайтарып заман бар ма? Қалжырап, қажып, жүдеп қайтты сорлы, Бірде ұшып, бірде қонып томарларға. Бір жерге демалуға бөгеледі, Тағы ұшып ол орнынан жөнеледі. Түбінде бір томардың бұғып жатқан Бір кезде көзі шалды бөденені. Бөдене қылды ишара: «Мұнда кел!» — деп, «Ағаңның мынау жатқан жайын көр!» — деп, «Мені аңдып бір жау қырғи отыр еді, Білдің бе, кетті ме екен, хабар бер!» — деп. «Жеп қойды ұстап алып жолдасымды, Сонан соң білдім мен де оңбасымды. Білмеймін, әлі күнім екіталай, Кетіп ем қашып, қорғап өз басымды». Мұны естіп ішін тартты торғай пақыр: «Ешкімге опа бермес мынау кәпір. Мынадай болмас, сірә, істің сәті, Айтайын қаршығаны тапсам ақыр». Деп ойлап, іздеп кетті қаршығаны, Мұң шағып, ішкі шерін аршығалы. Көлдегі көп үйректің арасынан Шулаған қаршығалап зар шығады. Тыңдаса, бұл дауысты жақын келіп, Әр жерде бір шүрегей жатыр өліп. «Бұлардың бәрін қырған бір қаршыға, Мен мәңгі келіп жүрген бұған сеніп». Деді де, бір түкіріп ұшты аспанға: «Қайткенде айла табам шыбын жанға? Бұлардың бәрінен де бекзат еді, Барайын, — деп ойлады, — лашын ханға». Көп іздеп неше түрлі бейнет көріп, Оны да бір мезгілде тапты келіп. Түбінде бір теректің бекзадасы Жеп отыр қаздың етін көкірек керіп. «Жаным-ау, мынау біздің төреміз бе?! Шынымен ақтық көрмей өлеміз бе? Кемтарға бұлар қайтып кек әпермек? Құдірет көн деген соң, көнеміз де...» Дағдарды осыны айтып торғай сорлы, Жеріне барам деген барып болды. Бүркітке — құс патшасы — жолығуға, Кезіпті жер-жаһанды оңды-солды. Тапқанын бүркітті іздеп, таппағанын, Шаққанын, ішкі мұңын, шақпағанын. Білмеймін, әлі күнге естігем жоқ, Жатқанын жаны тыныш, жатпағанын.
ББЖӘТ: диалогтік әдіс
- Мысалдан не ұқтыңдар? Қысқаша мазмұнын айтыңдар.
- Автор осы мысал арқылы қандай түйінді ой айтпақ болды?
Оқушылар өлеңнің қысқаша мазмұнын баяндайды және автордың негізгі идеясын анықтайды.
Топтық жұмыс: СТОҮ «Кубизм» әдісі
Оқушылар 4–6 топқа бөлінеді. Кубикті лақтыру арқылы әр қырындағы тапсырма таңдалып, орындалу реті түсіндіріледі.
Зертте
С. Дөнентаевтың өмірі мен шығармашылығын зертте. «Бозторғай» өлеңін композициялық құрылымына талда.
Суретте
Бозторғай құсын бейнеле: мінезін, көңіл күйін, символдық мағынасын көрсетуге тырыс.
Қолдан
«Фишбоун» әдісі: проблеманы анықта, себеп-салдарды көрсет, қорытынды жаса.
Дәлелде
Кейіпкерлерге мінездеме беріп, мәтіннен дәлел келтір.
Қарсы шық
«Бозторғай әділдік таба ала ма?» сұрағына өз ұстанымыңды айтып, пікірталасқа қатыс.
Салыстыр
А. Байтұрсынұлы «Өгіз бен бақа» мен С. Дөнентаев «Бозторғай» мысалдарын салыстыр (ортақ идея, кейіпкер жүйесі, түйін).
Ой толғаныс
СТОҮ: РАФТ стратегиясы
R — Рөл
Бозторғай
A — Аудитория
Жыртқыш құстар
F — Форма
Үндеу
T — Тақырып
«Әділдік — ізгіліктің іргетасы, есте сақта!»
Оқушылар таңдаған рөлінде қысқа үндеу мәтінін құрастырып, негізгі идеяны әсерлі жеткізеді.
Бағалау
Топ басшылары табыс критерийлері бойынша бағалайды: дәлелді жауап, мәтінмен жұмыс, топтағы серіктестік, шығармашылық және қорытындының нақтылығы.
Үй тапсырмасы
A деңгейі
Мысалды оқу.
B деңгейі
Мысал желісі бойынша 5 жуан және 5 жіңішке сұрақ дайындау.
C деңгейі
«Әділ болу — саналының ісі» немесе «Әділдік туралы аз-кем ой…» тақырыбында эссе жазу.
Эссеге бағыт беретін сұрақтар
- Әділдік дегенді қалай түсінесің?
- Әрдайым әділдік таныта аласың ба? Қай кезде қиын болады?
- Қиналған досыңа көмектесе аласың ба? Қандай нақты әрекет жасар едің?
- Әділетсіздікке тап болып көрдің бе? Ондай жағдайда не істер едің?
- Кімнен және қалай көмек сұрар едің?