Оқушылар пікірі

Оқушылардың қызығушылығын оятатын пән

«Өзін-өзі тану» пәніне оқушылардың қызығушылығы өте жоғары. Сабақ барысында тыныштық сәті, музыка ырғағымен демалу, түрлі тренингтер жүргізу балаларға ерекше жақын. Сондықтан бір-бірін сыйлауға, құрметтеуге және адамгершілік рухта тәрбиелеуге ұйытқы болатын бұл пәнге алдағы уақытта да шығармашылық табыс тілеймін.

Бұл пәнді жүргізіп келе жатқаныма екі жыл болды. Әр сабағымды тартымды, мазмұнды өткізуге тырысамын және әр жолы тың идеялармен келуді әдетке айналдырдым. Көптеген ойлар мен шығармашылық шабытты «Өзін-өзі тану / Самопознание» журналын оқу арқылы аламын. Екі жылдан бері осы журналдың тұрақты оқырманымын.

Өз іс-тәжірибемнен әріптестеріме 4-сыныпқа арналған «Мен елімнің азаматымын» сабағын ұсынамын.

Сабақтың тақырыбы

Мен елімнің азаматымын

Мақсаты

  • Оқушылардың Отанға деген патриоттық сезімін қалыптастыру.
  • Отан, ел құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.

Міндеттері

  • Туған ел мен өскен ортаның адам өміріндегі маңызын түсіндіру.
  • Елге, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру.
  • Елжандылыққа тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

Интерактивті тақта, үнтаспалар, суреттер, оқулықтар.

Сабақ барысы

1-кезең

Ұйымдастыру

Мұғалімнің сөзі: «Сәлеметсіздер ме, балалар! Сендерді көргеніме қуаныштымын».

Тыныштық сәті

«Иран баққа» ойша серуен

Балалар, ыңғайланып, денелеріңді тік ұстап отырыңдар. Көздеріңді жұмсаңдар да болады. Таңертең сабаққа келе жатырсыңдар. Кенет күн күлімдеп шығып, саған нұрын төкті. Сол сәтте бойыңда керемет күш пайда болды: бұл — нұрдың жылуы, жақсылығы, қуанышы. Сен осы жылылықты достарыңа жеткізу үшін мектепке қарай асықтың.

Кенет алдыңнан «Иран бақ» кездесті. Баққа жайлап еніп едің — тамаша табиғат, мөлдір бұлақ, тау самалы… Барлығы көңіліңді көтеріп, бойыңа ерекше тыныштық сыйлайды. Сен сол жақсылықты достарыңмен, ұстазыңмен бөлісуге асығып, мектебіңе келдің.

Осы сәтте жайлы әуен қосылып, аз уақыт тыңдатылады.

Сұрақтар

  • Мектепке келе жатқанда қандай сезімде болдыңдар?
  • Туған жеріңді көз алдыңа қалай елестеттің?

Оқушылар пікірі тыңдалады. Жетекші сұрақтар арқылы тақырып ашылады.

Жаңа сабақ

«Мен елімнің азаматымын»

Ой қозғау

  • «Азамат» деген сөзді қалай түсінесіңдер?
  • Өз еліңді қалай сүйесің?
  • Нағыз азамат деп кімді атар едің?

Оқушылар жауабы тыңдалады.

Музыкалық тапсырма

Экраннан «Өз елім» әнінің клипі көрсетіледі.

Ойланайық, пікірлесейік:

  • Ән тыңдап отырғанда қандай сезімде болдыңдар?
  • «Жерім деп менің, соғады мәңгі жүрегім» дегенді қалай түсінесіңдер?

Әңгімелеу

С. Мәуленовтің «Мен елімді сүйемін» мәтіні үнтаспадан тыңдалады. Тыңдалымнан кейін мәтін бойынша жұмыс жүргізіледі.

  • «Туған жерсіз адамның күні жоқ» деген сөзді қалай түсінесіңдер?
  • Өз елің несімен ыстық?
  • Өз еліңді сүйетініңді қалай дәлелдейсің?

Дәптермен жұмыс

Мәтінмен жұмыс барысында мұғалім тақырыпқа сай сурет салады. Оқушылар сол суретке ат қойып, шағын әңгіме құрайды.

Оқушылар жауабы тыңдалады.

Негізгі ой

«Туған ел», «туған жер» деген сөздер жүрекке жылы әсер етеді. Туған елін, өскен жерін сүю — әрбір ұрпақтың парызы. Сондықтан әр адам туған жерін аялап, қастерлеп, қорғап, мақтан тұтады. Өйткені Отан — алтын бесігіміз, ата-анамыздай қымбат.

Дәйексөз

«Ел іші — алтын бесік».

Бұл сөз бекер айтылмаған: әр адам туғаннан-ақ ел бесігінде тербеледі. Ол сол елдің топырағында өсіп, суын ішіп, ауасымен тыныстап, табиғатымен біте қайнасады. Елмен бірге қуанышына қуанып, қиындығына төзеді.

Ой бөлісу

Үлкендер кейде «Жарайсың!», «Ой, азамат!», «Үлкен азамат бол!» деп ризашылық білдіріп жатады. Ал сендер «азамат» сөзін қандай қасиеттермен байланыстырар едіңдер?

Әріп Жақсы қасиет
А Адал
З Зейінді
А Ардақты
М Мейірімді
А Абыройлы
Т Тәрбиелі

Осылайша «азамат» сөзінің мән-мағынасын тереңірек түсінеміз.

Азаматтық жауапкершілік

Сендер Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатырсыңдар. Қазақстан Республикасының Конституциясында азаматтың құқықтары мен міндеттері көрсетілген. Отанды сүю, оны қорғау, ел игілігі үшін білім алып, еңбектену — әрқайсымыздың парызымыз.

Отанға адал қызмет етудің бір жолы — жақсы оқу, тиянақты білім алу, тәртіпті әрі жауапты болу.

Тыныштық сәті

Қорытынды ой

Бүгінгі сабақта біз нұр сәулесінен қуат алып, білімімізді тиянақтадық. Елдің алғысына бөленіп, үлкендердің батасын алып, кішілердің құрметіне ие болып, Тәуелсіз Қазақстанды көркейтетін елжанды азамат болудың мәнін түсіндік.

Абайдың өнегесі

Абайдың 14-қара сөзінде адамның бойындағы ең қымбат қасиет — жүрек екені айтылады. Мейірімділік, ізгілік, өзгені бауырындай қабылдау және өзгеге өзің тілейтін тілек тілеу — жүректің қалауы. Адам болып туу аз, адам бола білу керек.

Еліңнің беделін көтеретін, елінің атын шығаратын, елінің қамын ойлайтын, елі үшін еңбек ететін, елі үшін өмір сүретін — нағыз азамат сендерсіңдер. Мен сендерге сенемін.

Топпен ән айту

Н. Тілендиевтің «Өз елім» әні тыңдалып, бірге орындалады.

Үй тапсырмасы

«Мен елімнің азаматымын» тақырыбына эссе жазу.