Жасасын жеңіс
Сабақтың мақсаты
Негізгі идея
1941–45 жылдардағы Ұлы Отан соғысында неміс басқыншыларын талқандауда Қазақстан халқының майданда да, тылда да көрсеткен ерен еңбегін дәріптеу.
Тәрбиелік бағыт
Жас ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа баулу; ерлік пен бірліктің құнын ұғындыру.
Көрнекіліктер
- Интерактивті тақта
- Суреттер, тарихи деректер
- Портреттер
Кіріспе сөз
Жүргізуші: Қайырлы күн, қадірменді соғыс ардагерлері, ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Бүгін 7-сынып ұйымдастырған «Теңдесі жоқ жеңіс!» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
Өлең жолдары
Жасасын жеңіс, еңбегі барлық солдаттың,
Болашақ ұрпақ ерлігін айтар жалғап мың.
Қаншама адам ерлік жасап майданда,
Қазақтың атын, халықтың атын самғаттың.
Жасасын жеңіс! Бақытты елім күле бер!
Тәуелсіз болып, болашағыңа жүре бер.
Болмасын соғыс, болмасын соғыс, болмасын —
Осылайша барша халық тілер ел!
Тарихи шындық
Фашистік Германияның мақсаты — бүкіл кеңес халқын құлға айналдырып, жерін басып алу еді. Сұрапыл соғыста талай қазақ майданға аттанып, туған үйіне оралмады.
Естелік пен тағзым
ҰОС-қа қатысып, қан майданда тер төккен ардагерлер күннен-күнге азайып барады. Ерлік — ел есінде; бейбіт өмір — сол ерліктің өтеуі.
Музыкалық нөмір
Ән: «Катюша» (қыздар тобы)
Ерлікке айналған есімдер
Бауыржан Момышұлы
Фашистік Германияға қарсы соғыста қазақ жауынгерлері ерен ерлік көрсетті. Солардың бірі әрі бірегейі — Бауыржан Момышұлы.
«Туған жерім Мыңбұлақ, арналы Ақсай,
Ішсем суы татиды шекер, балдай...»
Ол 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Момыш — ақынжанды адам болған. Тәрбиесінде әжесі Қызтумас ерекше орын алды. Анасы Рәзия үш жасында жетім қалған.
Оқушы 1 (үзінді)
Панфиловтан бата алып,
Артыма ерді мың солдат.
Тағдырын маған тапсырып,
Ел ұлдары — мың солдат.
Белуардан қан кешіп,
Жүзден аса соғыста,
Бал орнына у ішіп,
Намыс туын көтердік.
Оқушы 2 (үзінді)
Соғыста бір-ақ заң бар, мен білетін:
Я өліп, я болмаса өлтіретін.
Жүректе жанып тұрған жұлдызыңды
Жандыратын болмаса, сөндіретін.
Кеудеңмен қорғап қалу жердің бетін —
Жас қаның туған жерде босқа ақпасын.
Әлия Молдағұлова
Әлия Молдағұлова Нұрмұхамедқызы (шын есімі — Ілия) 1924 жылы 25 қазанда Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Бұлақ ауылында дүниеге келген.
Ата-анасы қайтыс болғаннан кейін нағашысы Әубәкір Молдағұловтың қолында тәрбиеленіп, Ленинградтағы №9 орта мектепте оқыды. 1942 жылы өз еркімен Қызыл Әскер қатарына алынып, әйелдер мергендер мектебін бітіреді. Майданда мергендігімен көзге түсіп, Новосокольники теміржол станциясы маңындағы шешуші шайқаста қаһармандықпен қаза тапты.
Мәншүк Мәметова
Мәншүк Мәметова (Мәншүк Жиенғалиқызы) — Кеңес Одағының Батыры. 1922 жылы Гурьев облысы, Орда ауданында туған. Азан шақырып қойылған аты — Мәнсия.
Бес жасынан бастап әкесінің немере інісі Ахмет Мәметов пен жұбайы Әмина тәрбиелеп өсіреді. 1941 жылы соғыс басталғанда ол 18 жаста еді. 1943 жылы Невель қаласы үшін шайқаста ауыр жараланып, соңғы күшін жинап жауға қарсы оқ жаудырып, ерлікпен қаза тапты.
Көріністер мен сахналық үзінділер
Радио хабар (1941)
Радио:
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Сөйлеп тұрған Москва! 1941 жылы 22 маусым. Фашистік Германия Кеңес Одағына тұтқиылдан соғыс жариялап, елімізге басып кірді.
Командир:
Тік тұр! Германия басқыншылары елімізге соғыс жариялады. Отанымызды қорғау үшін қан майданға аттанғалы тұрмыз. Елімізді жаудан қорғау — біздің парызымыз. Сондықтан, жауынгерлер, алға! Алға бас!
Жүргізуші:
Уа, халқым, күн туды сенің басыңа! Жау кірді сенің жеріңе. Сұм фашистен қорғауға аттан, халқым, майданға!
Отанды қорғау туралы өлең (Оқушы 3)
Солдаттың көкірегі толы арманы,
Оқ жаңбыр астында да жоғалмады.
Отан мен анасы үшін «алға» деді,
Амал не, көпшілігі оралмады.
Алар жау сыбағасын оңбай бізден,
Шығамыз соңғы күшпен, соңғы айбынмен.
Қорғаймыз байтақ елді, өйткені оны
Әр ұрпақ өз тұсында қорғай білген.
Музыкалық нөмір
Ән: «Бейбіт күн тілегі» (хор)
Тағзым сөзі (Оқушы 4)
Сен құрметте оны! Түсіндің бе, қарағым?
Ол ақшаға сатқан жоқ тізеден кесіп аяғын.
Еріккеннен ұстап жүрген жоқ
Қолтықтағы ұзын таяғын.
Кешегі елге қатер төнгенде,
Ол жауға қарсы шапты.
Бізді жалмамақ болған ажалды
Өр кеудесімен қақты.
Денесін оқ пәршелесе де,
Ел намысын қорғап қалды.
Сен құрметте оны, түсіндің бе, қарағым!
Сенің келешегің үшін берді ол
Азаттық жолда аяғын!
Би
«Көк орамал» (7-сынып оқушылары)
Соғысқа қарсылық (Оқушы 5)
Мен соғысты жек көрем!
Көкем айтып отырса —
Кім қасірет шекпеген,
Кім көз жасын төкпеген?
Талай өткен ғасырлар
Еш соғыссыз өтпеген.
Мен соғысты жек көрем:
Күні ертең-ақ ер жетем,
Туған жерді әлпештеп,
Кірпік ілмей тербетем.
Көрініс: оқ дауысы
Қыз: Ана, қарным ашты. Соғыс қашан бітеді? Менің әкем қашан келеді?
Анасы: Құлыным-ау, бітеді ғой, шыдай тұр. Әкең жеңіспен оралады. Дүниедегі бар тәттіні саған әкеледі: балмұздақ па, кәмпит пе, тәтті нан — бәрін әкеледі.
Қыз: Қашан, ана? (жыламсырап)
Анасы: Жақында. Ұйықтай ғой, қызым.
Қайсарлық туралы (Оқушы 6)
Көзінде оттың жасы бар,
Сан жадында — жаңа ұрпақ.
Келешек ұлы ғасырлар
Баукеңе қарап таңырқап.
Жеңілден безіп әманда,
Үлесін алған ауырдан —
Күрделі біздің заманға
Ұқсайды қайсар Бауыржан!
Күй
Махамбеттің күйі: «Жұмыр қылыш» (орындайтын: Мирамғали Диас)
Көрініс: тылдағы еңбек
1-әйел: Мынаны қарашы, ұлымнан қара қағаз келді. Көзімнің қарашығындай жалғыз ұлымнан айырылдым. Енді қалай өмір сүремін?
2-әйел: Ол қағазға сене көрме. Бәлкім, ұрыста адасып кеткен шығар. Көр де тұр: ұлың аман-есен келеді әлі. Жылама.
1-әйел: Соғыс... сұрапыл соғыс. Қанша үйдің әкесін алды, қанша үйдің ұл-қызын жалмады. Қаншама ана зар илеп, балаларынан айырылып, жесір қалды. Бұл соғыс қашан бітеді?..
Қан майданның жүректе жарасы бар,
Қайғысы мен зілі бар, наласы бар.
Арамызда жүретін алшаң басып —
Ардагерлер азайып барасыңдар.
Қастерлейді халқымыз қаһарманын,
Жүрегінде сан жарық сапарларың.
Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер —
Сиреп барады бүгінде қатарларың.
Би
«Смуглянка»
Жеңіс күні
Радио хабар (1945)
Радио:
Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Сөйлеп тұрған Москва! 1945 жылы 8 мамырда Германияның жоғарғы командованиесі жеңілгенін мойындап, актіге қол қойды. 9 мамыр — Жеңіс күні!
Жауынгерлер бастарын орап, таяқ ұстап сахнаға шығады.
Сүйінші:
Сүйінші, халқым, сүйінші! Неміс фашистері тізе бүгіп жеңіліпті. Шынымен, қарғыс атқан соғыс бітті ме?
Олар бір-бірімен құшақтасады.
Қуаныш үні
Күткен жеңіс жарық етті сәуле шашып.
Жеңіс келді — қуандық, көңіл толып.
Жауды жойып, батырлар елге оралды,
Ата-анамен қауышты құшақ жайып.
Қорытынды ән
«Ақ көгершін» (көгершін ұшырылады)