Бауырсақ ертегісін сахналау

Ересек топтарға арналған қуыршақ театры

«Бауырсақ» ертегісін сахналау

Мақсаты

  • Балалардың сөздік қорын байыту арқылы тілдік құзыреттілігін қалыптастыру.
  • Түрлі рөлдерді қабылдауға және мәтінді түсініп айтуға жаттықтыру.
  • Ертегі қойылымына қызығушылықты арттыру.
  • Бір-біріне сыйластыққа тәрбиелеу.

Қысқаша мазмұн

«Бауырсақ» — балаларға таныс, ырғақты қайталауларға құрылған ертегі. Қойылым барысында балалар кейіпкерлердің мінезін дауыс ырғағы, қимыл және диалог арқылы жеткізіп, сөйлеу мәдениетін дамытады.

Сахналау Диалог Қуыршақ театры Тіл дамыту

Қойылым мәтіні

Төменде қуыршақ театрына бейімделген мәтін берілген. Кейіпкерлердің аттары топ ерекшелігіне қарай өзгертіле алады.

Кіріспе

Автор сөзі

Ерте заманда бір шал мен кемпір өмір сүріпті. Бір күні шал кемпіріне:

Шал (Сара)

— Маған бауырсақ пісіріп берші.

Кемпір (Күнсұлу)

— Неден пісіремін? Үйде ұн көптен бері жоқ қой.

Шал (Сара)

— Әй, кемпірім-ай! Қамбаны сыпырып, қуыс-мүйісін қырып, қалған-құтқан ұнды жина.

Автор сөзі

Кемпір аз-маз ұн тауып, бауырсақ илеп, әдемілеп пісіреді. Бауырсақ тегіс, домалақ, сырты қызғылт тартып шығады. Кемпір оны суытуға терезе алдына қояды.

Автор сөзі

Бір орында жата-жата жалыққан бауырсақ жерге түсіп, домалай жөнеледі. Домалай-домалай қалың қара орманға да жетеді.

Ормандағы кездесулер

Автор сөзі

Орманда бауырсақтың алдынан қоян шығады.

Қоян (Зарина)

— Бауырсақ, бауырсақ! Мен сені жеймін!

Бауырсақ (Аружан)

— Мен атамнан да, әжемнен де қашып кеткен бауырсақпын. Сенен, қоян, кету үшін аса қулықтың керегі жоқ!

Автор сөзі

Бауырсақ домалап кете барады. Қоян қарап та үлгермей қалады.

Автор сөзі

Жол үстінде бауырсақтың алдынан қасқыр шыға келеді.

Қасқыр (Яша)

— Бауырсақ, бауырсақ! Мен сені жеймін!

Бауырсақ (Аружан)

— Қасқыр, сен мені жеме! Одан да мені тыңда: мен атамнан да, әжемнен де, қояннан да кеткен бауырсақпын. Мен сенен де кетемін!

Автор сөзі

Бауырсақ тағы да домалап жөнеледі.

Аюмен кездесу

Автор сөзі

Орман ішімен домалап келе жатқан бауырсаққа аю жолығады.

Аю (Төрехан)

— Бауырсақ, бауырсақ! Мен сені жеймін!

Бауырсақ (Аружан)

— Жоқ, аю, сен мені жеме! Одан да мені тыңда: мен атамнан да, әжемнен де, қояннан да, қасқырдан да құтылып кеткен бауырсақпын. Мен сенен де кетемін!

Автор сөзі

Бауырсақ домалап кете береді.

Түлкімен кездесу және финал

Автор сөзі

Бауырсақ домалап келе жатса, алдынан түлкі шығады.

Түлкі (Изабелла)

— Бауырсақ, бауырсақ! Мен сені жеймін.

Бауырсақ (Аружан)

— Түлкі, сен менің не айтатынымды тыңда.

Түлкі (Изабелла)

— Тыңдар едім, бірақ қартайып, құлағымның естуі нашарлап жүр. Тұмсығыма отыр да, анықтап айта ғой!

Автор сөзі

Бауырсақ түлкінің тұмсығына отырып, мақтана сөйлей бастайды.

Бауырсақ (Аружан)

— Мен атамнан да, әжемнен де, қояннан да, қасқырдан да, аюдан да құтылып кеткен бауырсақпын. Түлкі, енді сенен де кетемін!

Автор сөзі

Осыны айтып үлгергені сол-ақ екен, түлкі аузын ашып, тістерін ақситып, бауырсақты жұтып жібереді. Ертегі осымен аяқталады.

Қорытынды

Қойылым соңында рөлдерді ойнаған балалар ортаға шығып, көрерменге бас иеді. Бұл сахналық жұмыс балалардың сөйлеу дағдысын, тыңдай білуін, бірлесіп әрекет етуін және өзін-өзі ұстау мәдениетін нығайтады.

Өткізілген орны

Ақмола облысы, Бұланды ауданы

Өткізген

Төлебаева А. Т.