Көжек ертегісінің мазмұнын түсіндіру

Сабақ туралы мәлімет

Мұғалім
Бастауыш сынып мұғалімі Жолшибекова Индира Тұрғанбекқызы
Сабақтың тақырыбы
«Көжек» (ертегі)
Сабақтың түрі
Аралас сабақ
Сабақтың типі
Жаңа білімді меңгерту
Пәнаралық байланыс
Дүниетану, қазақ тілі

Сабақтың мақсаты

Білімділік

«Көжек» ертегісінің мазмұнын түсіндіру.

Дамытушылық

  • Оқушыларды мәнерлеп оқуға жаттықтыру, қызығушылығын ояту.
  • Ой-өрісін, тіл байлығын дамыту.
  • Негізгі ойды анықтай білуге және түсінгенін жүйелі баяндауға үйрету.
  • Шығармашылық қабілеттерін жетілдіру.

Тәрбиелік

Оқушыларды туған жерін сүюге, қорғауға және жануарларға қамқор болуға тәрбиелеу.

Көрнекіліктер мен әдістер

Көрнекіліктер

  • Мақал-мәтелдер
  • Таудың суреттері
  • Жануарлардың суреттері

Әдіс-тәсілдер

  • Мәнерлеп оқу
  • Баяндау
  • Сұрақ-жауап

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  1. Оқушыларды сабаққа дайындау.
  2. Психологиялық дайындық:

    Ана тілі – өлеңімнің бастауы,

    Ана тілі – өмірімнің асқары.

    Ана тілі – Абай тілі, ұлы тіл,

    Намысты бол, қазағымның жастары.

  3. Сыныпты 3 топқа бөлу.

2) Үй тапсырмасын тексеру

Иса Байзақовтың «Алтай аясында» өлеңін мәнерлеп оқыту, мазмұнын сұрау.

Картамен жұмыс (топтық)

  • I топ: Алтайдың табиғаты.
  • II топ: Алтай тауындағы жануарлар.
  • III топ: Алтай тауынан өндірілетін кендер.

3) Үй тапсырмасын бекіту (сұрақ-жауап)

Негізгі сұрақтар

  • Иса Байзақов кім? — Қазақтың халық ақыны, әнші, домбырашы, сазгер.
  • Қазақстандағы тағы қандай тауларды білесіңдер? — Алатау, Қаратау, Тянь-Шань.
  • Тау туралы ақындарымыздың қандай өлеңдерін білесіңдер?
  • Алтай тауында қандай жануарлар бар? — Бұғы, марал, киік, аю, қабылан, құлан, елік, ешкі, қасқыр, түлкі.

4) Жаңа сабақ: «Көжек» ертегісі

Жұмбақ

Сылдырдан қорқады,

Шошынып жортады.

Шешуі: қоян

Сұрақ: Қоянның баласын қалай атаймыз?

Жауап: көжек.

Ертегі туралы қысқаша түсінік

  • Ертегі — халық ауыз әдебиетінің бір түрі.
  • Ертегінің түрлері: жануарлар туралы ертегі, шыншыл ертегі, қиял-ғажайып ертегі.
  • Басталуы: «Ерте, ерте, ертеде…» немесе «Баяғы өткен заманда…»
  • Аяқталуы: «Мұратына жетіпті.»

Қоян туралы мәлімет

  • Қоян — сүтқоректі жануар.
  • Шамамен 50 түрі бар.
  • Салмағы 1–4,5 кг аралығында.
  • Жылына 4 рет 2–8 (кейде 15-ке дейін) көжек туады.
  • Тұрақты іні болмайды.
  • Көжегі жүндес болып, тез жетіліп туады; бірнеше күннен кейін өздігінен қоректене алады.
  • Кейбір деректерде көжектер әлсіз, көзі жабық болып туатыны да айтылады.

5) Мәтінмен жұмыс

Топтық оқу (мәтінді 3 бөлікке бөлу)

  • I топ: Шаруаның көжекті тауып алуы.
  • II топ: Көжектің қашып кетуі.
  • III топ: Көжектің туған жеріне оралуы.

Талқылау

Мәтінді топпен оқу, жұпта талқылау, ой бөлісу.

Сөздікпен жұмыс

Пұштиған
Кішкентай деген мағына береді.
Бір шыбын жанды
Қатты қорықты, зәресі ұшты деген мағынада.

6) Тапсырмалар (топтық жұмыс)

I топ

Шаруаның іс-әрекетіне қандай баға беруге болады? Ол дұрыс істеді ме?

II топ

Көжек неге қашып кетті? Көжек қандай шешімге келді?

III топ

Ертегідегі туған жерге деген сүйіспеншілікті неден көруге болады?

7) Сергіту сәті

Ұзын құлақ сұр қоян

Естіп қалып сыбдырды,

Ойлы-қырлы жерлермен

Ытқып-ытқып жүгірді.

Қарап еді артына,

Қиығын сап көзінің,

Келе жатқан томпаңдап,

Көжегі екен өзінің.

8) Дәптермен жұмыс

«Жат жерде көзге түрткі болып өлгенше,

мұз да болса, анамның тапқан жерінде өлейін!» — дейді.

Жазылым тапсырмасы

Көжектің сөзін негізге алып, әр оқушы өз ойын дәптерге жазады. Кейін «Автор орындығына» отырып, жазғанын оқиды.

9) Шығармашылық жұмыс

I топ

«Туған жердің ыстығы-ай…» тақырыбы бойынша топтастыру жасау.

II топ

Туған жер туралы берілген үлгі арқылы өлең құрастыру:

____________________ жер,

____________________ жер.

____________________

____________________ жер.

III топ

Мақал-мәтелдердің жалғасын табу:

  • Отан оттан да ыстық.
  • Отансыз адам — ормансыз бұлбұл.
  • Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық.
  • Туған жердей ел болмас, туған елдей ел болмас.
  • Туған жердің қадірін шетте жүрсең білерсің.

Қосымша: тағы қандай мақал-мәтелдер білесіңдер?

10) Сабақты қорытындылау

  • Ертегіден қандай ой түйдіңдер? Ол бізге нені үйретеді?
  • Ертегідегі туған жерге деген сүйіспеншілікті неден байқауға болады?
  • Туған жер туралы өлең тыңдау және оқушылар білетін өлеңдерден мысал келтіру.

11) Үй тапсырмасы

  • Ертегіні оқу.
  • Ертегінің мазмұнына сай сурет салу.

12) Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысуы, мәтінді түсінуі, талқылауға белсенді араласуы және тапсырмаларды орындауы бойынша бағалау.