Алтын күз ертеңгілігі Сабақтың мерзімі
Сабақ туралы мәлімет
Мектепалды даярлық тобына арналған «Алтын күз» ертеңгілігінің сценарийі
Сабақтың мерзімі
30.10.2012
Сабақтың тақырыбы
«Алтын күз» ертеңгілігі
Сабақтың мақсаты
- Балалардың күз туралы білімдерін жетілдіру.
- Ойлау қабілеттерін арттыру.
- Ой-өрістерін дамыту.
Ертеңгіліктің басталуы
Құрметті бүгінгі кешке жиналған қонақтар мен ата-аналар! Бүгін мектепалды даярлық тобының оқушылары дайындаған шағын ғана «Алтын күз» атты ертеңгілігімізді бастаймыз.
Сахналық нұсқау: әуен ойналады. Балалар бақшаға қарап сөйлеседі.
Балалар, қараңдаршы: бүгін біздің бақшамыз қатты ашулы екен. Неге ашулы екенін сұрап білгіміз келе ме?
Балалар: Иә! Ендеше сұрайық.
Диалог
Балалар: Бақша, бақша, неге ашулысыз?
Бақша: Күз мезгілі тез аяқталатынына ашулымын. Күз де жақындап қалды. Көкөністерім мен жемістерімді адамдар теріп алды. Енді бақшамда ештеңе қалмайтындай көрінеді. Маған көмектесесіңдер ме? Жемістерім мен көкөністерім қайтадан жайқалып өссе екен деймін.
Тәрбиеші: Балалар, бақшаға көмектесеміз бе?
Балалар: Иә, көмектесеміз!
Біз көкөністер мен жемістерді қайта жинай алмаймыз. Бірақ бақшаға олар туралы тақпақтар айтып, өнерімізді көрсетейік. Келістік пе?
Балалар: Иә!
Кіріспе өлең
Шоғы толған гүлдей жайнап,
Шақырады жарқын жүз.
Сайрандаған күліп-ойнап,
Келді міне алтын күз.
Мен — күзбін. Өте еркемін. Кейде ренжіп, бұртиып, қабағымды түйіп, көз жасымды төгіп-төгіп аламын. Бірақ менің ақкөңілді мінезімді бәрі жақсы көреді.
Өнім биыл тамаша,
Көз тоймайды қараса.
Сәбіз, картоп, кәдіш пен,
Қып-қызыл піскен қызанақ.
Қырыққабатқа қарашы —
көкөністер бір кезде жинала қалып дауласты.
Көрініс: «Көкөністер дауы»
Сахналық нұсқау: әуен ойналады. Көкөністер тобы шығады.
Көкөністер (хор)
Жиналып қалып бәріміз,
Қайсымыз ең дәмдіміз?
Ішімізден адамға
Тиеді көп пайдамыз.
Бұршақ (Сағадат)
Кішкене түймедеймін мен,
Ұяламын мен бәрінен.
Дәмді тағамдарыммен,
Сый жасаймын бәріңе!
Қызылша (Ерсұлтан)
Ақ түсім бар — қант алар,
Қызыл түсім — қанға нәр.
Зияным жоқ, біліп қой,
Қызылшамын, пайдам бар.
Менсіз борщ болмайды,
Винегрет те үстелде.
Қырыққабат (Аружан)
Бақшаларда тізіліп,
Қаперсіз мен жатамын.
Қабат-қабат киініп,
Қырыққабат атандым.
Сәбіз (Нұрдаулет)
Кім бар сәбіз шырынын
Жастайынан ішпеген?
Мені жеген адамдар
Кем болмайды күлгенде.
Қызанақ (Русланбек)
Тал шыбығым бұралып,
Бақшаларда қызарып,
Тұрған ол мен — қызанақ,
Күнге қарап ұялып.
Қияр (Көркем)
Көптен ерте шымырлап,
Өсемін мен бүр жарып.
Атым — қияр, теріп ал,
Жиі-жиі суғарып.
Картоп (Сағадат)
Картоп біздің атамыз,
Жер астында жатамыз.
Бір тамырдан тараған,
Ағайынбыз бәріміз.
Мен ұялшақ картоппын,
Мен емеспін мақтанар.
Мені жақсы көреді
Үлкендер мен балалар.
Қауын (Ақниет)
Иісім жұпар аңқыған,
Бақшадағы шырынмын.
Жеп көргендер тамсанған,
Балдай тәтті қауынмын.
Пияз (Диана)
Боламын мен дәмдеуіш, барлық тағамға.
Көкөністер ішінен мен пайдалы адамға.
Асханадан шықпаймын, атым пияз — бұқпаймын.
Көзден жасты шығарып, тұмаудан бірақ сақтаймын.
Бос айтысты қояйық, дауласуды тоқтатайық.
Көкөністердің бәрі де денсаулыққа пайдалы.
Сондықтан бірге жүріңдер, оларды жақсы көріңдер.
Би
«Сары күз»
Жұмбақтар бөлімі
1-жұмбақ
Қызыл-сары кемелер, су бетінде қалқанды. Соқса егер қалқиды, ырғалады, толқиды.
Жауабы: жапырақ
2-жұмбақ
Жаздай інге тығылған, жатқан қызыл түлкіні. Құйрығынан суырып, әкелді әжем бір күні.
Жауабы: сәбіз
3-жұмбақ
Үстіне тігіп көк шатыр, астында қызыл дәу жатыр.
Жауабы: қызылша
4-жұмбақ
Жайлы жұмсақ төсегім, домаланып өсемін. Қабат-қабат тоным бар, қалай оны шешемін?
Жауабы: қырыққабат
5-жұмбақ
Қалдың тағы түйірлеп, қазып алдың үйірлеп.
Жауабы: картоп
Тәрбиеші: Дұрыс, балалар! Қазір жылдың қай мезгілі?
Балалар: Күз.
Тәрбиеші: Ал күз айлары қандай?
Балалар: Қыркүйек, қазан, қараша.
Ән
«Апам үшін»
Жемістер шеруі
Сахналық нұсқау: әуен ойналады. Жемістер кезекпен шығады.
Жүзім (Русланбек)
Іші толған шәрбат,
Дәмі сондай әйбат.
Үзесің бірден үзіп,
Оның аты — жүзім.
Өрік (Дияс)
Дөп-дөңгелек сары,
Ішінде бар дәні.
Қызығасың көріп,
Оның аты — өрік.
Шабдалы (Ақниет)
Пісетін кезі дәл күзде,
Мезгілсіз оны үзбе.
Аузыңнан кетпес бал дәмі,
Оның аты — шабдалы.
Жаңғақ (Русланбек)
Сырты қандай қатты,
Дәмі оның тәтті.
Шағып қара таңдап,
Оның аты — жаңғақ.
Шие (Ақниет)
Бір сабақта көп түйме,
Жей алмайсың көк күйде.
Санап қара қанша,
Оның аты — шие.
Құлпынай (Диана)
Жапырақты тасалап,
Өсетін жері бақша-бақ.
Күрең қызыл шіркін-ай,
Оның аты — құлпынай.
Алма (Аружан)
Пісіп тұрған алмамын, тамсандырар бал дәмім.
Жерге сілкіп түсірме, ісіп кетер маңдайым.
Қорытынды: Бақшаның көңілі
Тәрбиеші: Балалар, енді бақшамызға барайық. Көңілі көтерілді ме екен, сұрайық.
Бақша: Иә, балалар, енді көңілдімін. Сендер мені қуанттыңдар. Бірақ тағы бір шартым бар: бір ойын ойнап берсеңдер, одан да қатты қуанып жүретін боламын.
Тәрбиеші: Балалар, бақшаға ойын ойнап береміз бе?
Балалар: Иә!
Ойын: «Бақша кімді алып кетті?»
Ойын шарты: барлығымыз әдемі жүріп, би билейміз. Музыка тоқтағанша билейміз. Ал музыка біткен соң көзімізді жұмып, орындарымызды ауыстырып, жерге отыра қаламыз.
Сахналық нұсқау: музыка қосылады. 3–4 бала матамен жабылып, жасырылып қалады. Балалар қай оқушының жоқ екенін табады.
Тәрбиеші: Балалар, қараңдаршы, кім жоқ?
Сахналық нұсқау: ортаға себет толы алма әкелінеді.
Берекесін сыйлауға, өлкемізге күз келді.
Жемістерін жинауға, шақырады біздерді.
Құрметті қонақтар, ұстаздар және ата-аналар! Уақыттарыңызды бөліп, ертеңгілігімізге келгендеріңіз үшін көп-көп рақмет. Келесі кездескенше, сау болыңыздар!