Бетінен оты шығу
Тұрақты тіркестерді түсіну және қолдану
Қазақ тілінде сөз тіркестері екі үлкен топқа бөлінеді: еркін сөз тіркестері және тұрақты сөз тіркестері. Бұл сабақта олардың айырмашылығын нақты белгілер арқылы ажыратып, сөйлем ішінде қызметін талдаймыз.
Негізгі идея
Тұрақты тіркес — мағынасы тұтасып кеткен, орны өзгермейтін тілдік бірлік.
Еркін сөз тіркестері
Еркін тіркестер — құрамындағы сөздері өз мағынасын сақтайтын және орын тәртібі мен құрамын өзгертуге болатын тіркестер.
Мысалдар
таза дәптер, әдемі киім, әдепті оқушы, баланың ісі, үздік оқушы, жақсы адам, кең бөлме, ашық есік және т.б.
- Құрамындағы сөздердің орнын ауыстыруға немесе басқа сөзбен алмастыруға болады.
- Әр сөз жеке мағына білдіреді.
- Әр сөз жеке сұраққа жауап беріп, сөйлемде екі (не одан да көп) мүшенің қызметін атқарады.
Тұрақты сөз тіркестері
Тұрақты тіркестер — құрамындағы сөздерді жеке-жеке түсіндіргенде мағынасы толық ашылмайтын, тұтас бір ұғымды білдіретін және құрамын өзгертуге болмайтын тіркестер.
Мысалдар
- тайға таңба басқандай — анық
- жүрек жұтқан — батыр
- тіс жармау — үндемеу
- бармағын тістеу — өкіну
- мұрнын көкке көтеру — менменсу
- бетінен оты шығу — ұялу
- қолы ашық — жомарт
- Құрамындағы сөздердің орнын өзгертуге және басқа сөзбен алмастыруға болмайды.
- Сөздер жеке-жеке мағына бермей, барлығы бірігіп тұтас мағына білдіреді.
- Бір сұраққа жауап беріп, сөйлемде бір ғана мүше қызметін атқарады.
Сөйлемдегі қызметі: талдау үлгісі
Мысал 1
Оқу инемен құдық қазғандай.
Бұл тіркес тұтас мағына білдіреді (қиын), қандай? деген бір сұраққа жауап береді және сөйлемде баяндауыш қызметін атқарады.
Мысал 2
Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар елге қызмет етеді.
Мұндағы тұрақты тіркестер де тұтас мағына береді, қандай? сұрағына жауап беріп, сөйлемде бірыңғай баяндауыш қызметін атқарады.
Тұрақты тіркестермен жұмыс
Төмендегі тапсырмалар тұрақты тіркестердің мағынасын тануға, синонимдік және антонимдік қатар құрастыруға, әрі мәтінде орынды қолдануға бағытталған.
Мағыналас тұрақты тіркестер (синонимдер)
- Үріп ауызға салғандай — ай десе аузы бар, күн десе көзі бар
- Ит арқасы қиянда — ит өлген жер
- Зәре-құты қалмау — көзі шарасынан шығу
- Мұрнынан шаншылып жүру — сүрініп жығылу
- Жүрек жұтқан — жүрегінің түгі бар
- Қоян жүрек — су жүрек
Қарама-қарсы мағынадағы тұрақты тіркестер (антонимдер)
Бетінен оты шығу ↔ Беті шімірікпеу
Ат ізін құрғатпау ↔ Ат ізін салмау
Ит өлген жер ↔ Таяқ тастам жер
Құлақ аспау ↔ Құлақ қою
Көңілі басылу ↔ Көңілі тасу
Кітаппен және дәптермен жұмыс
111-жаттығу
- 1 Төмендегі тұрақты тіркестерді жаттау.
- 2 Қайсысы антонимдік, қайсысы синонимдік қатар құрайтынын анықтау.
- 3 Мағынасын балама сөздермен ауызша түсіндіру.
113-жаттығу
- 1 Мәтінді оқу және тақырып қою.
- 2 Мәтіндегі тұрақты тіркестерді теріп жазу.
- 3 Тұрақты тіркестерді олардың синонимдерімен ауыстырып жазу.
- 4 Тұрақты тіркестерді қолданып, шағын мәтін құрастыру (шығармашылық жұмыс).
Ұйымдастыру кезеңі (қысқаша жоспар)
- Оқушылармен сәлемдесу, қатысымды тексеру.
- Зейінді сабаққа аудару және тақырыпқа кіріспе жасау.