Әдемі гүлдер

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің технологиялық картасы

Топ

«Қарлығаш» тобы

Білім беру саласы

Шығармашылық

Бөлімі

Жапсыру

Тақырыбы

Әдемі гүлдер

Мақсаты

Балалардың әсемдікті сезіне білуіне, көркемдік талғамының жетілуіне ықпал ету. Сопақша пішінді қию арқылы гүл күлтесі мен жапырағын жасап, гүл бейнесін жапсыруға үйрету.

  • Жапсырудың негізгі әдіс-тәсілдерін меңгерту.
  • Қайшыны дұрыс ұстау және қауіпсіз қолдану дағдыларын қалыптастыру.
  • Түстерді, көлемді ажырату және кеңістікті бағдарлай білуге үйрету.

Іс-әрекет кезеңдері

I кезең. Дәлелдеу – ояту

Жылулық шеңбері және қызығушылықты ояту

Тәрбиешінің әрекеті

Жылулық шеңберін ұйымдастырады және өлең жолдарын айтады:

Қайырлы таң, көк аспан!

Қайырлы таң, алтын күн!

Қайырлы таң, достарым!

Қайырлы таң, қонақтар!

Балалардың назарын сандыққа аударады.

«Балалар, қараңдаршы, біздің топта сиқырлы сандық пайда болыпты. Ішін ашып көрейікші, ішінде не бар екен?»

Балалардың әрекеті

Шеңберге тұрып амандасады, өлең жолдарын бірге қайталайды. Сандыққа қызығушылық танытып, ішін ашуға ұсыныс білдіреді.

II кезең. Іздену – ұйымдастыру

Шақыру хаты, кейіпкерлермен кездесу және шығармашылық жұмыс

Сиқырлы сандықтағы хат

Сандықтың ішінен хат табылады. Тәрбиеші хатты оқуды ұсынады.

Хат мазмұны:

«Құрметті “Қарлығаш” тобының бүлдіршіндері! Сіздерді ормандағы Қоян мырзаның үйіне, туған күніне шақырамыз!»

«Барамыз ба, балалар? Ендеше жолға шығайық! Бірақ құр қол бармайық: орман гүлдерін тамашалап, өзіміз де гүл жасап апарайық. Қалай ойлайсыңдар?»

Ормандағы аюмен кездесу

Балалар жылап отырған аюды көреді.

Аюдың таныстыру өлеңі:

Мен аюмын қорбаңбай,

Қимылдаймын қорбаңдай.

Омартаны көргенде,

Бас қоямын ойланбай.

Тәрбиеші сұрайды: «Аю, неге жылап отырсың?»

Аю жауап береді: «Қоян мені туған күніне шақырды. Әдемі гүл жасап апарайын десем, жасай алмай әуремін».

«Онда бізбен бірге жүр. Біздің балалар саған әдемі гүлдер жасауға көмектеседі. Біз де қоянның туған күніне бара жатырмыз».

Түлкімен кездесу

Жолда мұңайып отырған түлкіге кезігеді.

Түлкінің таныстыру өлеңі:

Мен айлалы түлкімін,

Бос өтпейді бір күнім.

Қораз көрсем қорадан,

Тояр еді құлқыным.

Тәрбиеші сұрайды: «Неге мұңайып отырсың, түлкіжан?»

Түлкі жауап береді: «Қоян мені туған күніне шақырды. Құр қол баруға ұялып отырмын».

«Онда бізбен бірге жүр. Балалар саған да көмектеседі».

Гүлдер алқабындағы шығармашылық жұмыс (жапсыру)

Тапсырма

«Ал енді, балалар, осы әдемі гүлдерді қиып, жабыстырайық».

Тәрбиеші гүлді дұрыс жапсыру тәсілін көрсетеді: тіктөртбұрыштың бұрыштарын дөңгелетіп, сопақша пішіндер арқылы гүл күлтелері мен жапырақтарын қиып алу керектігін түсіндіреді.

  • Қайшыны дұрыс ұстау және қауіпсіздік ережесін сақтау.
  • Күлте, жапырақ және өзекті композицияға сай орналастыру.
  • Түстерді үйлестіріп, жұмысты таза орындау.

Сергіту сәті

Шаршағанда ырғалып,

Гүлге ұқсап дем алам.

Қанатымды бір қағып,

Гүлдей болып жайқалам.

Жұмыстар аяқталған соң, балалар гүлдерін бір жерге топтастырып орналастырады. «Қоян бізді күтіп қалған шығар, тезірек барайық», — деп жолды жалғастырады.

III кезең. Рефлексивті – түзету

Қорытындылау, сұрақ-жауап және мадақтау

Әңгімелесу сұрақтары

  • Бүгін бізге хатты кім жіберді?
  • Орманда қандай кейіпкерлермен кездестік?
  • Гүлді жасау үшін қандай пішіндерді қолдандық?
  • Қайшыны қалай дұрыс қолданамыз?

Мадақтау және қорытынды

Балалардың жұмыстары талданып, жетістіктеріне қарай мақталып, мадақталады. Ұқыпты қиып-жапсырған, түстерді үйлестірген және қауіпсіздік ережесін сақтаған балалар ерекше атап өтіледі.