Жер бетінің ауаны жылытуы
Сабақтың тақырыбы
Жер бетінің ауаны жылытуы. Жел.
Білімділік
Жер бетінің ауаны жылытуы және жел туралы ұғымдарды түсіндіріп, дүниетанымды кеңейту.
Дамытушылық
Қосымша тапсырмалар мен сөзжұмбақ арқылы ойлау қабілетін дамыту, сөздік қорды молайту.
Тәрбиелік
Табиғатқа қызығушылықты арттырып, оны қорғауға тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер
- Сұрақ-жауап
- Түсіндіру
- Интерактивті тақтаны қолдану
Көрнекіліктер
- Оқулықтағы №1, №2 суреттер
- Электронды тақтадағы табиғи құбылыстар суреттері
- Сөзжұмбақ, компас және өзге құралдар
Сабақ түрі
Жаңа сабақ.
Пәнаралық байланыс
Дүниетану, ана тілі, бейнелеу өнері.
Негізгі идея
Табиғатты бақылау арқылы тану, тәжірибенің рөлін түсіну, ауаның адам өміріндегі маңызын ұғыну.
Сабақ барысы
1) Қызығушылықты ояту
Психологиялық дайындық
Біз бақытты баламыз,
Күнде бестік аламыз.
Қуанады бізбен бірге
Үйде ата-анамыз.
Ортақ ұран – бірге болу!
Мақсатымыз – білім алу.
Ұлтын сүйген ұрпақ болып,
Болашаққа бірге бару!
Үй тапсырмасын тексеру (топтық жұмыс)
1-топ
- Жер бетінде ауа қалай таралады?
- Ауа температурасын қандай құралмен өлшейді?
2-топ
- Тіршілік үшін ауаның қандай маңызы бар?
- Ауаның температурасы қалай өзгереді?
3-топ
- Географиялық карта деп нені айтамыз?
- Ауаны ластауға бола ма?
Ой толғау: адам өміріне қажетті 5 жағдай
Күн – ана
Әлемге қуатты,
Сәуле мен жылуды,
Алып күн беріп тұр.
Жарық күн – көрік, нұр.
Жер – ана
Аялар анамыз,
Саялар панамыз.
Құлпырған тірлікпен
Жер құтты гүл біткен.
Су – ана
Өңірдің өзені –
Өмірдің өзегі.
Сусыз жер – өмірсіз,
Нусыз өр, өңір, түз.
Ауа – ана
Жер шары – дәу әлем,
Қоршаулы ауамен.
Ауасыз кім шыдар?
Ауасыз тұншығар.
2) Жаңа сабақ: жер беті ауаны қалай жылытады?
Табиғат және адам
Табиғат туралы ойланғанда адам, жануар, өсімдік, ауа, жер, су, Ай секілді ұғымдар еске түседі. Адамның ерекшелігі — терең ойлай білуі және саналылығы.
Тірі табиғат
Адам, жануар, өсімдік.
Өлі табиғат
Күн, су, тас, Ай, жұлдыз, тау.
Негізгі түсінік
Ауа түссіз әрі мөлдір болғандықтан, күн сәулесін тез өткізіп жібереді де, өзі тікелей көп қызбайды. Күн сәулесі алдымен жер бетін, топырақты қыздырады.
Жылу пештен тарағандай, жер бетінен ауаға таралады. Сондықтан жерге жақын ауа қабаты жақсы жылынады, ал биіктеген сайын жылу біртіндеп азаяды.
Ауа жер бетінен жылынатындықтан, оның температурасы құрлықтың үстінде де, судың үстінде де әртүрлі болады.
3) Жел қалай пайда болады?
Ауа жылынғанда жеңілдеп, жоғары көтеріледі. Оның орнына салқындау ауа ағыны келеді. Осы алмасу құбылысынан жел пайда болады.
Анықтама: Жер бетіндегі ауаның бір жерден екінші жерге ауысуын жел деп атайды.
Жел түрлері
Самал жел, дауыл, құйын және т.б.
Жел атауы
Жел қай жақтан соқса, сол бағыттың атымен аталады: солтүстік желі, батыс желі және т.б.
Құралдар
- Бағытын анықтау: компас (тұсбағар)
- Күші мен бағытын анықтау: желбағар
4) Оқулықпен жұмыс: жұмбақтар
-
Ақ сандығым ашылды,
Ішінен жібек шашылды.Жауабы: Күннің көзі
-
Қырда қылыш жарқылдайды.
Жауабы: Найзағай
-
Салмағың бар өлшесем,
Көрінбейсің көзге сен.Жауабы: Ауа
-
Жерде емес, аспанда емес, арасында,
Қол жетпес ұсынғанмен саласына.
Өзінің ұшқырлығы құстан жүйрік,
Ойланып бұл жұмбақты табасың ба?Жауабы: Жел
-
Аспаннан домалап,
Көп моншақ төгілді.
Бусанып жон-алақ,
Терледі, керілді.Жауабы: Жаңбыр
-
Қол-аяғы жоқ болса да,
Қақпа есікті аша алған.Жауабы: Жел
5) Халық даналығы: ауа райын болжау
- Қарлығаштар жер бауырлап ұшса, жаңбыр жауады.
- Қоян жатар орнын бұрынғыдан жоғары салса, қыс қатты болады.
- Қарға тұмсығын қанатының астына тықса, кешікпей күн суытады.
- Түтін жер бауырлап ұшса, қар жауады.
- Ай қораланса, күн жылы болатынының белгісі.
- Жұлдыз жиі болса, қыста суық, жазда ыстық болады.
- Мысық қабырғасын тырнаса, ауа райы бұзылады.
6) Сергіту сәті
Жел улейді: у-у
Құйын келіп билейді: зу-зу
Қатты-қатты жел соқты: гу-гу
Жапырақтар қол соқты: ду-ду
7) Мақал-мәтелдер
- 1) Жел дауылды шақырады, бұлт жауынды шақырады.
- 2) Жазғытұрым жел жардай атанды жығар.
8) Сөзжұмбақ: «Тәуелсіздік»
| № | Сұрақ | Жауап |
|---|---|---|
| 1 | Су тамшыларынан бөлініп, шоғырланған буды не дейміз? | Бұлт |
| 2 | Тілмен нені сеземіз? | Дәм |
| 3 | Бұлттың бір түрі | Будақ |
| 4 | Ауаның бір жерден екінші жерге ауысуын не дейді? | Жел |
| 5 | Еңбек ету мүшесі | Қол |
| 6 | Картаның бір түрі | Саяси |
| 7 | Сезім мүшесі | Тіл |
| 8 | Кез келген дене нелерден тұрады? | Заттар |
| 9 | Адамды жан-жағынан қоршаған нәрселердің бірі қалай аталады? | Дене |
| 10 | Сипап-сезу мүшесі | Тері |
| 11 | Қан айналым мүшесі | Жүрек |
9) Бекіту сұрақтары
- Жел дегеніміз не?
- Желдің бағытын немен өлшейді?
- Желбағар деген не?
- Жел неден пайда болады?
- Ауаға жылу қайдан келеді?
10) Әдеби байланыс: «Желсіз түнде жарық ай»
Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп,
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен күрілдеп.
Қалың ағаш жапырағы
Сыбырласып өзді-өзі,
Көрінбей жердің, топырағы,
Құлпырған жасыл жер жүзі.
11) Тест жұмысы
-
1. Желдің күші мен бағытын қандай құрал анықтайды?
A) тұсбағар Ә) желбағар Б) термометр
-
2. Қардың шартты белгісін тап:
A) * Ә) :: Б) O
-
3. Ауа температурасын өлшейтін құралды көрсет:
A) градусник Ә) термометр Б) компас
-
4. Термометрдің ішінде қандай сұйықтық бар?
A) сынап Ә) су Б) қорғасын
-
5. Жылылықты көрсететін санның алдына қандай таңба қойылады?
A) + Ә) - Б) ешқандай
-
6. Суықтықты көрсететін санның алдына қандай таңба қойылады?
A) + Ә) - Б) ешқандай
12) Қорытынды және тілек
Сабақ соңында жақсы көңіл күймен табиғатқа байланысты сөздерді пайдаланып, бір-бірімізге тілек айтайық:
- 1) Бұлақтай мөлдір, таза бол!
- 2) Жұлдызың жарық болсын!
- 3) Айың оңынан тусын!
- 4) Көңілің көлдей шалқысын!
- 5) Гүлдей жайнай бер!
- 6) Таудай талап бер!
- 7) Қызғалдақтай құлпыра бер!
Сұлу табиғатымызды аялай білейік. Табиғатты сүю — парыз, ал қорғау — сол сүйіспеншіліктің нақты көрінісі.
Бағалау
Оқушылардың жұмысын қорытындылап, бағалау жүргізіледі.
Үй тапсырмасы
«Жер бетінің ауаны жылытуы» және «Жел» тақырыптары бойынша реферат жазып келу.