Қызықты есептер әлемі
Қызықты жарыс: химия–биология пәндері бойынша 8-сыныптар арасындағы сайыс
Сабақтың мақсаты
- Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру.
- Химия мен биологиядан өткен тақырыптарды еске түсіруге көмектесу.
- Білімді сайыс форматында көрсетуге және дәлелді жауап беруге үйрету.
Сабақтың жоспары
-
1-бөлім Сұрақ–жауап
-
2-бөлім Қызықты есептер әлемі
-
3-бөлім Болашақты бірге болжайық
-
4-бөлім Нақты сұрақтар
1-бөлім: Сұрақ–жауап
Әр топқа 10 сұрақ қойылады: 5 сұрақ биологиядан және 5 сұрақ химиядан. Жауап «иә/жоқ» форматында беріледі. Әр дұрыс жауап 10 ұпаймен бағаланады.
8 «А» сыныбына сұрақтар
-
Атомдардың электрондарды тарту қабілеті электртерістік деп аталады. (Иә)
-
Электртерістіктері бірдей атомдар арасында коваленттік полюссіз байланыс түзіледі. (Иә)
-
Натрий хлориді коваленттік полюссіз байланысы бар затқа жатады. (Жоқ)
-
Электрондарды қосып алатын атомдар тотықтырғыштар деп аталады. (Иә)
-
Оң зарядты иондар аниондар деп аталады. (Жоқ)
-
Ішкі құлақ сұйықтыққа толы болады. (Иә)
-
Қазіргі заманда адамдардың 3 түрі бар. (Жоқ)
-
Цитология тұқым қуалаушылықты зерттейді. (Жоқ)
-
Гуманизм латын тілінде «адамгершілік» ұғымын білдіреді. (Иә)
-
Көздің ішкі қабаты тамырлы қабықша деп аталады. (Жоқ)
8 «Б» сыныбына сұрақтар
-
Электртерістігі үлкен заттарға металдар жатады. (Жоқ)
-
Оң және теріс зарядталған атомдар иондар деп аталады. (Иә)
-
Молекулалық кристалл торлы заттарға коваленттік полюсті және коваленттік полюссіз байланыстары бар заттар жатады. (Иә)
-
Тотығу дәрежесі — осы элемент атомынан басқа элемент атомына шартты түрде ығысқан электрон саны арқылы анықталады. (Иә)
-
Жай заттардың тотығу дәрежелері үнемі 1-ге тең. (Жоқ)
-
Мишық пен ми көпірі артқы миға жатады. (Иә)
-
Сколиоз — буын ауруы. (Жоқ)
-
Мидың жұмысын анықтауда электроэнцефалография әдісі қолданылады. (Иә)
-
Жүректің қабы миокард деп аталады. (Жоқ)
-
Эмбрион сөзі грек тілінде «жасуша» деген мағына береді. (Жоқ)
8 «В» сыныбына сұрақтар
-
Химиялық байланыстардың коваленттік және иондық типтері болады. (Иә)
-
Сутек молекуласының арасында коваленттік полюсті байланыс бар. (Жоқ)
-
Қарама-қарсы зарядталған иондар арасындағы байланыс сутектік байланыс деп аталады. (Жоқ)
-
Иондық кристалл тор түйіндерінде атомдар орналасады. (Жоқ)
-
Электрон беру процесі тотықсыздану деп аталады. (Жоқ)
-
Офтальмолог сөзі латынша «көз» деген мағынаны береді. (Иә)
-
Лимфаның құрамында 95% су болады. (Иә)
-
Терінің бірінші қабаты дерма деп аталады. (Жоқ)
-
Бауырдың өті ұлтабарға құйылады. (Иә)
-
Нефрон — бүйректің құрылымдық және қызметтік бірлігі. (Иә)
2-бөлім: Қызықты есептер әлемі
Бұл кезеңде 1-бөлімде көп ұпай жинаған топ есепті бірінші болып таңдайды. Әр ұпай санының артында есеп жасырылған. Таңдаған топ есепті шығарса, сәйкес ұпай қосылады; шығара алмаса, басқа топтар жауап беріп, ұпай алуға мүмкіндік алады.
Химия есептері
-
10 ұпай: Массасы 37 г кальций гидроксиді қанша грамм фосфор қышқылымен әрекеттеседі?
-
20 ұпай: Массасы 4,6 г натрий 180 г сумен әрекеттескенде түзілген сілтінің массасы қандай?
-
30 ұпай: Натрий гидроксиді ерітіндісінің массалық үлесі 20%, көлемі 50 мл (ρ = 1,021 г/см³). Осы ерітіндімен әрекеттесетін мыс хлоридінің массасы қандай?
Биология есептері
-
10 ұпай: Адамның 1 кг массасына тәулігіне 40 г су қажет. Салмағы 50 кг адамға тәулігіне қанша су керек?
-
20 ұпай: Адамның жүрегі минутына 72 рет соқса, бір рет тыныс алғанда жүрек неше рет соғады?
-
30 ұпай: Егер 1 оқушы минутына 16 рет тыныс алса, 45 минуттық сабақта 35 оқушы қанша м³ ауаны жұтады?
3-бөлім: Болашақты бірге болжайық
Әр топ өзара ақылдасып, төмендегі ой-толғаулар бойынша мазмұнды жауап дайындайды: «Егер мен химик болсам...» және «Егер мен биолог болсам...».
Үздік жауап
30 балл
Орташа жауап
20 балл
Қысқа жауап
10 балл
4-бөлім: Нақты сұрақтар
Әр сыныпқа 4 сұрақ беріледі: 2 сұрақ химиядан және 2 сұрақ биологиядан. Әр нақты жауап 10 ұпаймен бағаланады.
8 «А» сыныбы
1) Тұздар дегеніміз қандай заттар? Оларды қандай түрлерге бөлеміз?
Тұздар — құрамында металл катионы және қышқыл қалдығы анионы болатын заттар. Түрлері: орта, қышқыл және негіздік тұздар.
2) Екідайлы оксидтерге мысал келтір. Айырмашылығы неде?
Мысалдар: ZnO, Al2O3. Айырмашылығы: қышқылдармен де, негіздермен де әрекеттеседі.
3) Ұрықтану дегеніміз не?
Ұрықтану — сперматозоид пен жұмыртқа жасушасының қосылуы.
4) Зат алмасу дегеніміз не?
Зат алмасу — ағза мен сыртқы орта арасында жүретін барлық химиялық реакциялардың жиынтығы.
8 «Б» сыныбы
1) Негіздер дегеніміз не? Қандай түрлері болады?
Негіздер — металл катионы және гидроксид-топтан тұратын күрделі заттар. Түрлері: еритін және ерімейтін.
2) Қышқыл тұздарға мысал келтір. Айырмашылығы қандай?
Мысалдар: NaHCO3, KHSO4. Айырмашылығы: құрамында металл катионымен бірге сутек катионы да болады.
3) Асқорыту дегеніміз не?
Асқорыту — тағам құрамындағы күрделі органикалық қосылыстардың ыдырап, қан мен лимфаға өтуі.
4) Мүше дегеніміз не?
Мүше — белгілі пішіні, құрылысы және орны бар, бір немесе бірнеше қызмет атқаратын дене бөлігі.
8 «В» сыныбы
1) Қышқылдар дегеніміз не? Қандай түрлері болады?
Қышқылдар — құрамында сутек катионы және қышқыл қалдығы анионы бар күрделі заттар. Түрлері: оттекті және оттексіз; бірнегізді, екінегізді, үшнегізді.
2) Негіздік оксидтерге мысал келтір. Анықтамасы қандай?
Мысалдар: Na2O, CaO, BaO және т.б. Сумен әрекеттескенде негіз түзетіндіктен негіздік оксидтер деп аталады.
3) Фагоцитоз дегеніміз не?
Фагоцитоз — жасушалардың микробтарды және бөгде бөлшектерді сіңіріп, қорытуы.
4) Тыныс алу дегеніміз не?
Тыныс алу — мүшелер мен қоршаған орта арасындағы газ алмасу.
Қорытынды
Ұпайлар қорытындыланып, жеңімпаз топтар анықталғаннан кейін, сайысқа қатысқан барлық топтарға сыйлықтар тапсырылады.
Автор туралы
Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылы, К. Нұрбаев атындағы Ақсуат орта мектебінің химия пәні мұғалімі — Аубакирова Ардак Машановна.