Көктемнің алғашқы мерекесі - аналар мерекесі

Сабақтың тақырыбы

Ана — біздің гүліміз

Сабақтың мақсаты

  1. Балалардың анаға деген құрметін ояту, балалық сезімдерін сөз арқылы жеткізе білу дағдыларын дамыту.
  2. Сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту.
  3. Ананы құрметтеуге, ана еңбегін қадірлеуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі

  • Интерактивті тақта
  • Слайдты суреттер

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушыларды сабаққа бейімдеу.

II. Өткен сабақты пысықтау

Киіз үйдің жабдықтарын еске түсіреміз:

шаңырақ уық кереге сықырлауық баулар т.б.

III. Жаңа сабақ

а) Тақырыппен таныстыру

Сұрақ-жауап

Жыл мезгілдерін атайық.
Қыс, көктем, жаз, күз.
Қазір қай мезгіл?
Көктем.
Көктемде табиғатта қандай өзгерістер болады?
Күн жылынады, ағаштар көгеріп, гүлдей бастайды, табиғатта көптеген өзгерістер болады.
Көктем айларын ата.
Наурыз, сәуір, мамыр.
Қазір қай ай?
Көктемнің алғашқы айы — Наурыз.

Наурыз айында көптеген мерекелер бар. Көктемнің алғашқы мерекелерінің бірі — Аналар мерекесі. Бүгінгі сабақ ардақты аналарға арналады.

ә) Суретпен жұмыс

Интерактивті тақтада берілген сурет бойынша әңгіме құрастыру.

Әже туралы тақпақ (бірге айтылады)

Әжем келді ауылдан,

Алақай-ау, алақай.

Әже бары жақсы ғой,

Қуанышты балақай.

б) Әліппе-дәптермен жұмыс

Анамызға арнап құттықтау хат дайындау. Үлгі интерактивті тақтада көрсетіледі.

в) Сергіту сәті

Орнымыздан тұрайық,

Қарлығаш болып ұшайық.

Ұшып-ұшып алайық,

Орнымызға қонайық.

г) «Біз білімді баламыз» (сұрақ-жауап)

Аяулы жан?

Ана.

Бағдаршамның көздері нешеу?

3.

Бір аптада неше күн бар?

7 күн.

Дауысты дыбыс қандай түспен белгіленеді?

Қызыл.

Еліміздің бас қаласы?

Астана.

Еліміздің президенті?

Н. Назарбаев.

Көктемгі жапырақтың түсі?

Жасыл.

Үшбұрышта неше бұрыш бар?

3.

«Ана» сөзінде неше буын бар?

2.

«Бала» сөзінде неше буын бар?

2.

д) Өлеңді бірге жаттайық

Үлкенмін ғой мен енді,

Жудым бүгін еденді.

Аналарға арналған,

Жаттап алдым өлеңді.

С. Оспанов

е) Топтық жұмыс

Оқушылар топтасып көктемге және аналарға байланысты сурет салады. Әр бала өз жұмысын таныстырып, ненің суретін бейнелегенін әңгімелеп түсіндіреді.

IV. Қорытынды

  • Сабақты қорытындылау.
  • Оқушыларды мадақтау.