Қоржын қандай бұйым
Қоржын тоқу: дәстүр мен шеберліктің сабақтастығы
Бүгінгі сабақтың тақырыбы — қоржын тоқу. Қоржын тоқу — халқымыздан келе жатқан дәстүрлі өнердің маңызды түрі. Ол өрмек құрып тоқылатын, тұрмысқа да, салт-дәстүрге де қызмет еткен қолданбалы бұйым.
Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен сәлемдесу, түгелдеу.
- Сабаққа назарын аудару.
Үй тапсырмасын тексеру
Өткен тақырыпты қайталау мақсатында оқушыларға сұрақтар қойылады.
1) Қоржынға неше кг желі жібі кетеді?
Жауабы: 3–4 кг мақта жібі.
2) Желі жібі неше тіннен тұрады?
Жауабы: 24–28 тін.
3) Желі жібін қалай дайындаймыз?
Жауабы: ұршықпен ширатамыз.
4) «Күзу ағаш» деген не?
Жауабы: негіз жіп пен күзуді байланыстыратын белағаштың үстіне қойылатын қосымша жіп.
Қоржын туралы: түрлері мен қызметі
Қоржын — өрмекпен тоқылатын бұйым. Ертеде ол түйенің өркешіне немесе аттың екі қапталына асып алуға ыңғайлы болғандықтан, адамдар оны қажеттілігіне қарай кеңінен пайдаланған.
Тоқылу ерекшелігіне қарай
- Кілем түрінде — түкті етіп тоқылған.
- Алаша түрінде — тақыр етіп тоқылған.
- Қалың киізден тігілген — жазда суды ысытпай, қыста тағамды суытпай сақтауға қолайлы.
Атауына қарай түрлері
Өңірге байланысты қоржын түрлері де әркелкі кездеседі:
- Той қоржын
- Қыз қоржын
- Бесік қоржын
- Сүндет қоржын
Құрылымы
Аталған қоржындардың барлығы негізінен екі қалталы, ортасында асып алуға арналған бөлігі бар бұйым. Екі қалтасы өзара тең болуы керек.
Той қоржын
Тойға арналған қоржын. Ұл үйленгенде бір қалтасына киіт, екінші қалтасына тәттілер салып апарады.
Қыз қоржын
Бұрын қызға қажет әшекей бұйымдарын және киім-кешегін салып апаруға пайдаланылған.
Бесік қоржын
Нағашылары жаңа туған жиеніне апаратын қоржын. Ішіне балаға керекті заттарды салып апарады.
Қазіргі кезде қоржынның матадан тігілетін түрлері де жиі кездеседі.
Қауіпсіздік ережелері
Практикалық жұмыста құралдарды дұрыс пайдалану — басты талап. Әр құралды ұсыну мәдениетін сақтау керек.
Тоқпақ
- Жұмыс үстінде абайлап қолданыңыз (салмағы шамамен 1 кг).
- Аяқ-қолды жарақаттап алмау үшін қауіпсіз арақашықтық сақтаңыз.
- Досыңызға сап жағынан ұсыныңыз.
Ілмек пышақ
- Ұшты құрал, ортасында алмас болады — қолды кесіп алмаңыз.
- Досыңызға сабынан ұсыныңыз.
Қайшы
- Жұмыс үстінде ұшын жоғары көтермеңіз.
- Досыңызға сақина жағынан ұсыныңыз.
Ұшы өткір құралдар
Жұмыс барысында ұшы өткір заттармен (ине, пышақ т.б.) ерекше сақтықпен әрекет етіңіз.
Практикалық бөлім: өлшемдер мен тоқу реті
Өлшемдері
- Қоржынның ұзындығы: 120 см.
- Ені: 50 см.
- Екі қалтасы: 50×50 см (төртбұрыш).
- Ортасындағы асып тұратын бөлігі: 20 см.
Желі дайындау және «шатыс»
- Құрылғыға желіні 52–55 см етіп жүргіземіз.
- Адарғыны екі желі ортасынан өткіземіз.
- Күзу жіптері адарғыны жоғары көтеріп-түсіргенде шатыс түсіруге көмектеседі.
- Шатыс — арқауды өткізуге арналған аралық.
Қажетті құрал-жабдықтар
Тоқпақ
Әр қатар тоқылғаннан кейін арқауды нығыздап ұру үшін.
Қайшы
Артық жіпті тегістеп қию үшін.
Ілмек пышақ
Желі жібін тегістеп қиюға арналған.
Тебен ине
Бұйым бөліктерін бір-бірімен біріктіру үшін.
Тоқу реті
- 1 Қоржынды тоқымас бұрын 5 қатар ақ арқау өткіземіз.
- 2 Екі шетіне күржі жібін ораймыз.
- 3 Күржі жібімен түстес жіппен екі қатар тоқимыз.
- 4 Тоқуды осы ретпен жалғастырамыз.
Бекіту сұрақтары
- Қоржын неше бөліктен тұрады?
- Қоржын қандай бұйым?
- Қоржынның қандай түрлері бар?
- Қоржын не үшін керек?
Қорытынды
Қазақ халқының қолөнері — ұрпаққа аманат болған өшпес мұра, сарқылмас байлық. Ата-бабадан қалған өнер түрлерін ұмытпай, оны сақтап қана қоймай, заманға сай дамыта түсу — әрқайсымыздың асыл парызымыз.
Үй тапсырмасы
Үйден қолөнер, қоржын және кілем туралы қосымша ақпарат оқып келу.