Жол сақшысы жолда жүру ережесін қадағалайтын маман иесі

Білім беру саласы: Коммуникация

Бөлімі: Сөйлеуді дамыту

Тақырыбы: «Бағдаршам — біздің досымыз»

Мақсаты

Білімділігі

Торап, жүргінші жолы, тротуар, жаяу жүргіншілерге арналған өткелдер, жол белгілері, бағдаршам туралы түсініктерді бекіту.

Дамытушылығы

Балаларды бағдаршаммен және жолда жүру ережелерімен таныстыруды жалғастыру, қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларын дамыту.

Тәрбиелігі

Жаяу жүргіншінің өзін-өзі ұстау мәдениетіне тәрбиелеу.

Мотивациялық-қозғаушы бөлім

Шаттық шеңбері

Қуан, шаттан,
Қуан, шаттан,
Қуанатын күн бүгін.
Қайырлы таң, қайырлы күн,
Күліп шықты күн бүгін.

Ұйымдастыру-іздестіру

Жұмбақ

Жасыл көзі «жүр» дейді,
Қызыл көзі «тұр» дейді,
Сары көзі «дайын бол» дейді.
Бұл не?

Дұрыс жауап: бағдаршам.

Бүгін біз «Бағдаршам — біздің досымыз» тақырыбын өтеміз, яғни жолда жаяу жүру ережелерімен танысамыз.

Сұрақ-жауап

  • Суреттен нені көріп тұрсыңдар?
  • Үш түсті кім атап береді?
  • Осы үш түсті біріктірсек, не шығады?

Бағдаршам туралы қысқаша түсінік

Бағдаршам жол қиылыстарынан қауіпсіз өтуге көмектеседі және жаяу жүргіншілерді жол-көлік оқиғаларынан сақтайды. Жолдан өтерде әрдайым мұқият болу керек: жолдан жүгіріп өтуге болмайды.

Үш түс — үш белгі

Қызыл — тоқта. Бұл кезде көліктер қозғалады, ал жаяу жүргінші күтуі керек.

Сары — дайындал. Қозғалыс ауысуға жақын, айналаңа қарап, сақ бол.

Жасыл — жүр. Жол ашылады, адамдар белгіленген өткелмен өтеді.

Бағдаршамның белгілері әрі жаяу жүргіншіге, әрі көлікке бірдей маңызды. Бұл — адам өмірін қорғауға көмектесетін қарапайым әрі тиімді ереже.

Қиылыстағы белгі

Бағдаршам тұрған жерде көбіне адамдар өтетін ақ жолақтар болады. Әрдайым сол жермен өт.

Қауіпсіздік қағидасы: алдымен тоқта — қара — тыңда, содан кейін ғана өт.

Ғажайып сәт

Ортаға жол сақшысы келеді.

Жол сақшысы:

Сәлеметсіңдер ме, балалар?

Балалар:

Қонаққа жол сақшысы келді!

Жол сақшысы — жолда жүру ережесінің сақталуын қадағалайтын маман. Ендеше, оның көмегімен ережелерді қайталайық.

Ойын: «Жолдан өту»

Шарты: балалар жол сақшысының нұсқауымен және бағдаршам белгісіне сәйкес жолдан дұрыс өтуі тиіс.

Жол сақшысының ақыл-кеңесі

Қызыл көзі жанғанда —
Сынық сүйем баспа алға.
Сары көзі жанғанда —
Қарап қалма аспанға.
Жасыл көзі жанғанда —
Өте бергін жасқанба!

Қорытынды: бағдаршам — біздің досымыз. Ережені сақтасақ, жол әрқашан қауіпсіз.