Бастауышым - балбұлағым
Мақсаты
- Білімнің сара жолы мектептен басталатынын, ал білім кең дүниеге өмірдің есігін ашатынын сезіндіру.
- Білімге деген құштарлықты арттырып, оқуға, ізденуге шақыру.
- Бастауыш сыныппен және білімнің алғашқы есігін ашқан ұстаздармен қоштасу арқылы ұстаз еңбегін құрметтеуге, бағалай білуге тәрбиелеу.
- Жауапкершілікке баулу.
- Отанды сүюге, қорғауға және ана тілін қадірлеуге үйрету.
Көрнекілігі
Барысы
Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Кеше ғана осы мектептің табалдырығын тарыдай болып аттаған бүлдіршіндер бүгінде ақыл-ойы толысып, жақсы мен жаманды ажырата білуді үйренді. Сол балалардың ұйымдастыруымен өтетін «Бастауышым — балбұлағым» атты ертеңгілігімізге қош келдіңіздер!
Күні кеше ғана мектеп есігін жасқана ашқан оқушыларымыз бүгін ер жетіп, оқып-біліп, қанаттарын қатайтып, бастауыш сыныппен қоштасқалы отыр. Осы қуанышты да қайталанбас сәтпен шын жүректен құттықтаймыз!
Сахналық үндеу
Армысыздар, әлеумет, кеш қонағы, бүгін бізде мереке аса мәнді.
Қуанып, зер салайық, ей, халайық! Балғындарды қошеметпен қарсы алайық!
Салтанатты құттықтаулар
Мектеп басшысының құттықтауы
Абзал жан — биік тұлға, байсалды,
Құшақ жая шәкірттерін қарсы алды.
Бүгінгідей салтанатты шақта бір,
Құттықтайды мектеп басшысы баршаңызды.
Қош келдіңіздер!
Көз салып қараңызшы бойымызға,
Ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға.
Қош келіпсіз, ұстаздар, ата-аналар,
Бастауышпен қоштасу тойымызға.
Ертеңгіліктің ашылуы
Қадірменді қонақтар, қымбатты ұстаздар, аяулы ата-аналар! Біз бүгін ең алғаш қалам ұстатып, әліппені үйреткен сүйікті ұстазымызға алғыс айту салтанатына жиналып отырмыз.
Сонымен, «Бастауышым — балбұлағым» атты ертеңгілігіміз ашық деп жарияланады.
Ұстазға тағзым
Ұстаз! Осы бір сөздің өзінде қаншама мән-мағына жатыр! Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да — бәрі де ұстаздан білім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздар, сіздерге құрметпен бас иеміз.
Арнау
Армысыздар, мұғалімдер, әз жандар,
Білім іздеп инемен құдық қазғандар.
Сан ұрпақты тәрбиелеп, оқытқан,
Өмір деген үлкен жолда тарландар.
Қоштасу жыры
Бүгінгі күн қоштасады бастауышпен, балбұлақ,
Ән менен жырына, тарландарым, сал құлақ.
Кеше сәби, бүгін міне жас ұлан,
Лаулап жансын болашағың шамшырақ.
Оқушылардың лебіздері
Балалықтың куәсі
Өзіңде өсіп көктедім,
Бақытқа міне жеткенім.
Балалығымның куәсі —
Сүйікті бастауыш мектебім.
Жаңа белес
Тәрбие, білімді жалғаймын,
Бүгін мен есейген жандаймын.
Қош бол, бастауыш мектебім,
Мен енді биікке бастаймын.
Болам мен елімнің қыраны,
Көгімде көк туым тұр әні.
Қадамым басталды жаңарып,
Бастауыш — білімнің бұлағы.
Алғашқы қадам
Есімде ұстаздың алғаш қарсы алғаны,
Айқара есікті ашып тастағаны.
Бір мереке думан боп осы маңда,
Жетелеп сыныпқа алып барғаны.
Ұстазға уәде
Ақылшы, асыл ұстазым,
Өзіңе мен де ұқсармын.
Жеткенше қайрат, күш-әлім,
Биікке самғап ұшармын.
Ақылшы, асыл ұстазым,
Жолымды айқын нұсқадың.
Қасыма келіп қанша сен,
Қамқор боп қалам ұштадың.
Ән
«Ұстазым»
- Сөзін жазған
- А. Шамкенов
- Әнін жазған
- Ә. Еспаев
Нұр жүзінен жылы шуақ төгілген, шәкірттерін сүйген таза көңілден. Тағылым беріп жас ұрпаққа қашанда, өз соқпағын тапқан мына өмірден.
Бастауыш мектеп — білімнің іргетасы
Білімнің негізі — бастауыш мектеп. Егемен еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, өзіне-өзі сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік, дүниетанымы дұрыс қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеуде мектептің алатын орны ерекше.
Мектеп — қазіргі қоғамның дамуы және әлеуметтік практикамен тығыз байланысты орта. Мектеп өмірі балаға жаңа әлемнің есігін ашып, рухани дүниесінің қалыптасуына негіз қалайды.
Тәрбиенің сан-салалы, күрделі мәселелерін терең ойлауға бастайтын, күнделікті тұрмыста кездесетін дағдылар арқылы баланың жан дүниесіне әсер ететін білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағы — бастауыш мектеп. Бастауыш саты — білім, дағды, іскерліктің қалыптасуының бастауы.
Келешекте жалпы білім алуға және кез келген арнаулы мамандықтарға талпынуға жол ашатын берік іргетас дәл осы бастауышта қаланады.