Етістікке сұрақ қою

Сабақ туралы жалпы мәлімет

Тақырып

Етістік.

Сабақтың түрі

Дамытушылық сабақ.

Сабақтың мақсаты

  • Оқушыларға етістік туралы түсінік беру және етістікті сөйлем ішінен таба білуге үйрету.
  • Оқушылардың ойлау және есте сақтау қабілеттерін дамыту, сөздік қорын байыту.
  • Пәнге қызығушылықты арттыру, табиғат сұлулығын сезіндіру және табиғатты сүюге тәрбиелеу.

Әдістері

  • Сұрақ-жауап
  • Топтық жұмыс
  • Жеке жұмыс
  • Өз бетінше жұмыс

Көрнекіліктері

  • Интерактивті тақта
  • Тірек сызбалар
  • Суреттер

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Жұбан Молдағалиев

Қазақ тілім — өз тілім, ана тілім,

Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім.

Қастерлейді ұл-қызың мәңгі сені,

Болашағым, бақытым, дара тілім.

Кемеңгер ақын-жазушыларымыз айтқандай, туған тіліміз — қазақ тілі. Ендеше сабағымыз сәтті өтуі үшін жақсы тілектер айтып, жылы лебіз білдірейік:

  • Сабақ сәтті өтсін!

  • Сабаққа белсенді қатысайық!

  • Үлгілі оқушы болып, жақсы баға алайық!

II. Үй тапсырмасын тексеру

1) 411-жаттығу

«Менің оқу құралдарым» тақырыбына әңгіме құрау, мәтін ішінен зат есімді табу.

2) Өткен сабақты пысықтау сұрақтары

  1. Сөз табы дегеніміз не?
  2. Зат есім дегеніміз не?
  3. Зат есім нешеге бөлінеді?
  4. Зат есімнің түрлерін ата.
  5. Көптік жалғауларын ата.

Тірек сызба арқылы пысықтау

Сөз таптары Зат есім Етістік Сын есім Сан есім

III. Жаңа сабақ

Көктем көрінісі (интерактивті тақта)

Ағаш гүлдеді.

Күн нұрын шашады.

Құстар ұшып жүр.

Айгүл кітап оқып отыр.

Көбелектер ұшып жүр.

Сөйлемдегі сөздерге сұрақ қойып, қимыл-әрекетті білдіретін сөздерді (етістікті) анықтаймыз. Одан кейін етістік туралы ережемен танысамыз.

IV. Оқулықпен жұмыс

412-жаттығу

Суреттегі адамдардың не істеп жатқанын білдіретін қимыл атауларына сұрақ қойыңыз. Ол қай сөз табы екенін анықтаңыз. (Ауызша)

Жазылым жұмысы

  • Күннің жадын жазу
  • Тақырып атын жазу
  • Көркем жазу

413-жаттығу

Жұмбақтарды оқып, шешуін табыңыз. (Аю, Күн) Суретін көрсетіп, сипаттаңыз.

  • Жұмбақ ішіндегі етістіктерді табу
  • Етістіктерге сұрақ қою
  • Астын сызу және жұмбақты жазу

Топтық жұмыс

Берілген сөздермен сөйлем құрап, етістікке сұрақ қойыңыз.

I топ

  • … … тоқыды. Не істеді?
  • … … кісінеді. Не істеді?
  • … … күркіреді. Не істеді?

II топ

  • … … құйды. Не істеді?
  • … … серуендеді. Не істеді?
  • … … оқыды. Не істеді?

III топ

  • … … жазды. Не істеді?
  • … … тыраулады. Не істеді?
  • … … тазалады. Не істеді?

Оқушылар құраған сөйлемдерін оқиды. Одан кейін: «Қазір қандай мезгіл? Табиғатта қандай өзгерістер болады?» сұрақтары бойынша қысқаша әңгімелейміз.

Сергіту сәті

Күркіреді күн, күн…

Терезелер шың, шың.

Жауды жаңбыр топ-топ,

Шелек-шелек көп-көп!

Жон арқаңды тос-тос,

Күнбағыс, тез өс-өс.

414-жаттығу

Көп нүктенің орнына тиісті сөздерді қойып, көшіріп жазыңыз. Қойылған сөздерге сұрақ қойыңыз. Тақтада орындатылады.

415-жаттығу

Берілген сөздерді қатыстырып сөйлемдер құраңыз. Етістікке сұрақ қойыңыз. (Ауызша)

Құс ағашқа қонды.

Жаңбыр сіркіреп жауды.

Асқар су тасыды.

Балалар теңізде жүзді.

Ойын: «Дыбыстарды ажырата білу»

Төрт түлік пен құстардың суреттерін олардың қандай дыбыс шығаратынымен жазу арқылы сәйкестендіріңіз. Бұл тапсырма дүниетану және ана тілі пәндерімен байланыстырылып жүргізіледі.

V. Сабақты қорытындылау

Сұрақ-жауап

  • Етістік туралы не айтуға болады?
  • Нені түсіндіңдер?

Үй тапсырмасы және бағалау

Үй тапсырмасы: тапсырма күнделікте нақтылап беріледі.

Бағалау: сабаққа белсене қатысқан оқушыларды мақтап, мадақтау.