Ауған соғысының ардагерлерімен сұхбат
Тәрбиелік кештің мазмұны
Бұл тәрбие сағаты Ауған соғысына қатысқан ардагерлермен кездесу форматында өтіп, Отанға деген сүйіспеншілікті, азаматтық жауапкершілікті және ерлікке тағзымды дәріптеуге бағытталды.
I. Ұйымдастыру
1-жүргізуші
Ассалаумағалейкум, қан майданда шыңдалған қайсар жүректі ағалар, тау тұлғалы соғыс ардагерлері!
2-жүргізуші
Армысыздар, құрметті оқытушылар, студенттер және бүгінгі кездесудің қадірлі қонақтары!
Бүгінгі «Отанды қорғау – интернационалдық борышың» атты, Ауған соғысына қатысқан ардагерлермен кездесуге арналған іс-шарамызға қош келдіңіздер!
Рәсім
Қазақстан Республикасының Гимні орындалады.
Ауған соғысында интернационалдық борышын өтеген қаншама жас жауынгер қаза тапты. Олар да өмірге, болашаққа құштар еді. Азаматтық әрі интернационалдық борышын адал атқарған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алайық.
Үнсіздік минуты
Қаза тапқандарды еске алу.
Іс-шараның ашылуы үшін сөз колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына беріледі.
Отан туралы поэзиялық үн
1-жүргізуші
Көп аузынан түспейтін, Отан деген немене? Оның тұлға, түс, кейпін, достым, білгің келе ме? Отан — сенің ата-анаң, Отан — досың, бауырың. Отан — өлкең, астанаң, Отан — аудан, ауылың.
2-жүргізуші
Отан — тарих, Отан — тіл, Жасаған елің, өз халқың! Отан — өлең, Отан — жыр, Көтерген көкке ел даңқын. Отан — осы, достарым, Көңілге мұны түйе біл! Отан деп өсіп жан-жағың, Оны ардақтап, сүйе біл!
Құрметті қонақтар
«Ат басына күн туса, ауыздығымен су ішер. Ер басына күн туса, етігімен су кешер» дегендей, ХХ ғасырдың соңында (1979–1989 жылдары) Ауған жеріндегі соғыстың ауыртпалығын тартқан азаматтарымыз аз болған жоқ. Отанды қорғауды азаматтық парыз деп білген, интернационалдық борышын абыроймен өтеген қадірлі қонақтарымызбен таныстырайық:
-
Кенжебеков Серік Мүбаракұлы
Астана қаласы Ауған соғысына қатысқан мүгедектер мен ардагерлер кеңесінің төрағасы
-
Бейсекеев Ғалы Ибраевич
Кеңес төрағасының бірінші орынбасары
-
Түлекбаев Мейрамбек Уалиұлы
Кеңес мүшесі
-
Майтқанов Қуаныш Құралұлы
Кеңес мүшесі
Тарихи анықтама және деректер
Саяси ахуал
1978 жылдың сәуір айында Ауғанстанда революция болып, Революциялық кеңес пен Республика үкіметі құрылды. Төрағалық қызмет Н. М. Таракиге жүктелді. Жаңа реформалар кезеңінде басқарушы партия ішінде алауыздық күшейіп, өзара тартыс басталды.
Әскер енгізілуі және салдары
1979 жылдың желтоқсанында КСРО әскерлері Ауғанстанға енгізілді. Бұл қадам елдегі жағдайды одан әрі ушықтырды. Ауған соғысына 22 200 қазақстандық қатысып, 701 жауынгер қаза тапты, 484 адам мүгедек болып оралды, 20 жауынгер хабарсыз кетті. 2 205 жауынгер ордендермен және медальдармен марапатталды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда шамамен 10 000-ға жуық Ауған соғысы ардагері бар. Соның ішінде Астана қаласында 1 000-ға тарта ардагер тұрады. Ардагерлердің мүдделерін қорғайтын ұйымдар тұрақты жұмыс жүргізеді.
Ауған соғысының аяқталғанына 25 жыл толған кезеңде өткізілген бұл кездесу — сол жылдарда әскерге алынған жас жігіттердің тағдырына, соғыс салдарына және бүгінгі ардагерлік мәртебеге құрметтің белгісі.
Музыкалық бөлім
Ән орындалады: «Қазақ жігіттері».
Студенттер сөзі: тағзым мен аманат
1-студент
Армысыздар, ауғандық жауынгерлер! Жырым бар жараланған жаныңа ем болар. Өлгендердің жаны жәннатта болсын, Тірілерің мың жаса, дәуірле, ел болар! Ерлік қылған ағаларым — аспан асты, жер үсті, Біз сәндікке кимегенбіз деп шалбар мен бөрікті. Отан-ана алдындағы өтеймін деп борышты, Аттандыңдар, атқардыңдар ауыр соғысты.
2-студент
Әуелің — Отан-ана алды, Ауыл алды, аунаған шөптің қасы. Сағынғанда тым ыстық көрінеді Жаста ойнаған үйшік қып сайдың тасы. Отан дейміз от жаққан жерімізді, Отан дейміз өсірген елімізді. Отан дейміз туған жер, атамекен — Биік тау, орман, тоғай, көлімізді. Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем, Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем. Мен оның қасиетті тілін сүйем, Мен оның құдіретті үнін сүйем. Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған, Бәрі маған «Отан» деп сыбырлаған. Жаным менің, кеудемді жарып шық та, Бозторғайы бол оның шырылдаған!
3-студент
Отан — бір адам үшін ғасырлар бойы ғұмыр кешіп, солай болып қалуы үшін жанын пида етіп күрескен өңір ғана емес. Ол — туған шаңырағы, ата-анасы, бала-шағасы, жары, дос-жараны, туысы. Солармен сабақтасқан қуанышы мен бақыты, тіршіліктегі тұрағы, ал бақилық болғаннан кейін де ұрпағына рухы жар болатын қасиетті топырағы.
Отан! Отан! Бәрінен биік екен. Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
4-студент
Сақтады олар елін, жерін, қонысын, Ақтады олар азаматтық борышын. Сол үшін де қолтығынан сүйейік, Ардагерге — майдангерге иейік. Біз барлық жерде басымызды иеміз Сол ерлік үшін, сол намыс үшін.
Музыкалық бөлім
Әндер: «Ауылым», «Ана әні».
5-студент
1979 жылғы 25 желтоқсаннан 1989 жылғы 15 ақпанға дейін, яғни 9 жылдан астам уақыт бойы Кеңес әскерлерінің шектеулі құрамы Ауған жерінде ұрыс қимылдарын жүргізді. Кеңес Одағы басшылығының қаулысымен олар Ауған халқы алдында интернационалдық борышын өтеді. Бұл соғыста 14 мыңға жуық кеңес жауынгері туған үйіне оралмады. Олардың ішінде қазақстандықтар да болды.
Қайғы мен қасірет әкелген бұл соғыс Қазақстанды да айналып өтпеді. Ұрыста қаза тапқан жауынгерлердің ерлігін мәңгі есте сақтау — қасиетті борыш. Ұмытпау үшін естеліктер айтылады, мәңгілік алаулар жағылады. Бұл дәстүр Қазақстанда да сақталған.
Соғыстың адамзатқа әкелетін зардабы шексіз. Қанша боздақ оралмады, ал олардың аналары әлі күнге дейін қара жамылып, қасірет шегуде. Баласын тірі көруді тілеген әр ананың үміті ақталмай, суық хабар алудан асқан қасірет бар ма?
Қайсар жүрек ауғандық жауынгерлер, Жырым бар — жараланған жаныңа ем болар. Өлгендерге тағзым етіп, дұға оқимыз, Ортамызда жүргендер дәуірлей берсін, ел болар.
III. Ардагерлермен сұхбат (сұрақ–жауап)
Құрметті қонақтарымызға сөз кезегін берейік. Ардагерлермен еркін форматтағы сұхбат ұйымдастырылып, студенттер тарапынан сұрақтар қойылды.
Сұхбат
Сұрақ–жауап бөлімі
Өнер
Би орындалады
Ән
Музыкалық нөмір
2-жүргізуші
Жаулардан қарсы келген жасқанбаған, Жасаған ерлігіне мастанбаған. Ұрпаққа өмір жолың өнеге боп, Тарихта ардагерлер — асқан бағаң.
1-жүргізуші
Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Отанды қорғау – интернационалдық борышың» атты іс-шарамыз өз мәресіне жетті. Сіздердің ерліктеріңіз — келешек ұрпаққа мол өнеге.
Қорытынды және алғыс
Құрметті ардагерлер, сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз. Отбасыларыңызға бақ-береке, амандық болсын. Бүгінгі кеш қорытындыланып, арнаулы әнмен аяқталды.
Қорытынды ән
«Жаса, Қазақстан».