Ата - аналар балаларының оқу үлгерімін смартфон арқылы бақылай аладыЖаңа оқу жылынан бастап ата - аналар балаларының оқу үлгерімін смартфондар немесе планшеттер арқылы электрондық түрде бақылай алады
Ата-аналар балаларының оқу үлгерімін смартфон арқылы бақылай алады
Дереккөз: Астана қалалық білім басқармасының баспасөз қызметі
Платформа: Edupage
Жаңа оқу жылынан бастап ата-аналар балаларының оқу үлгерімін смартфон немесе планшет арқылы электронды түрде бақылай алады. Бұл мүмкіндік Astana Learning Management System жобасын іске қосудың арқасында жүзеге асып отыр.
Ведомство мәліметінше, жүйе Edupage порталы арқылы жұмыс істейді. Қызмет веб-сайт түрінде де, смартфондар мен планшеттерге арналған мобильді қосымша ретінде де қолжетімді.
Edupage арқылы қандай мүмкіндіктер бар?
- Сабақ кестесін кез келген уақытта көру.
- Ағымдағы бағаларды және үй тапсырмаларын бақылау.
- Сабаққа қатысу журналын қарау.
- Мектеп асханасының мәзірі туралы ақпарат алу.
- Оқу материалдарын қарап шығу және ата-аналар арасындағы сауалнамаларға қатысу.
Жүйе арқылы мектеп жаңалықтары, алдағы жиналыстар мен іс-шаралар туралы ақпарат тәулік бойы қолжетімді болады. Сонымен қатар платформа ата-аналарға әрбір мұғаліммен және мектеп әкімшілігімен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Құны және қолжетімділігі
Әрбір мектеп үшін лицензиялық бағдарламалық қамсыздандыру құны 100 000 теңге. Ал ата-аналарға сервис тегін ұсынылады.
Қалай қосылады?
Edupage қосымшасын жүктеу қажет: Android үшін Play Market, iPhone үшін App Store. Жүйе мектепте іске қосылған кезде әкімшілік әр оқушыға жеке құпиясөз береді.
Техникалық талап және мұғалімдерге пайдасы
Edupage бағдарламасының ресми серіктесі әрі дистрибьюторы — USTAZ Professional Learning Center ЖШС. Компания мәліметінше, жүйенің тұрақты жұмыс істеуі үшін интернеттің ең төмен жылдамдығы жеткілікті.
Мұғалімдер үшін бұл жүйе сабақ кестесін автоматты түрде құруға, бағалар мен үй тапсырмаларын электронды түрде тіркеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге мектеп жаңалықтары мен кестедегі өзгерістер туралы уақтылы хабарлау үшін қосымша уақыт жұмсау қажеттілігі азаяды.
Автор: Марлан Жиембай · ҚазАқпарат