Әдептілікке байланысты суреттер, нақыл сөздер
Сабақтың мақсаты
Бұл тәрбиелік сабақтың мақсаты — балаларға адам бойындағы жақсы және жаман қасиеттерді ажырата білуге үйрету, әдеп әліппесінің мәнін түсіндіру және әдептілік құндылықтарын бойына сіңіру. Сонымен қатар тіл байлығын дамыту, танымдық белсенділікті арттыру көзделеді.
Балаларды кішіпейілділікке, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға, үлкенді сыйлауға баулу — сабақтың негізгі өзегі.
Көрнекіліктер
- Әдептілікке байланысты суреттер
- Нақыл сөздер, мақал-мәтелдер
Сабақтың барысы
Қонақтарды қарсы алу және амандасу
Бүгінгі тәрбиелік сабағымыз ерекше: бізге қонақтар келді. Ендеше, келген қонақтарды қалай қарсы аламыз? Балалар шаттық шеңберін құрып, сәлемдеседі.
Күннің көзі ашылып,
Көкте шуақ шашылып.
Құтты қонақ келіпті,
Төрімізге еніпті.
Амандасу — үлкенге
Тәрбиенің басы ғой.
Ал, қанекей бәріміз
Сәлем дейік үлкенге:
«Сәлеметсіздер ме, апайлар?!»
Қонақтарға көрсететін сый-құрметіміз — сабақты мұқият тыңдап, тыныш отырып, білімімізді арттыра отырып, сөз байлығымыздың молайғанын байқату. Сонда біз қонақты дұрыс күтіп, сыйлай білген боламыз.
Келіңіз, төрлетіңіз.
Үлкенге де — сіз,
Кішіге де — сіз,
Құрметтейміз біз.
«Ей, тәкаппар дүние,
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені?
Мен қазақтың баласы», —
деп ақын атамыз жырлағандай, өзімізді таныстырамыз.
— Сәлеметсіздер ме?
— Сәлем — сөздің анасы.
— Армысыздар, құрметті қонақтар!
— Алдарыңызда «Достық» балабақшасының «Балапан» тобының балалары.
Алақан жылуы: жылы лебіз айту
Енді бір-біріміздің қолымыздан ұстап, алақан жылуы арқылы жылы лебіздер айтайық.
-
Өзіме, туыстарыма, әке-шешеме, ағама, апама денсаулық тілеймін.
-
Көршілеріме, келген қонақтарға, достарыма бақыт тілеймін.
-
Біздің елімізде және бүкіл жер шарында бейбітшілік болсын!
Бір-бірімізге айтқан жылы лебіздер қабыл болсын!
«Әдептілік — әдемілік» еліне саяхат
Балалар, сендердің «Әдептілік — әдемілік» еліне барғыларың келе ме? Ол елде қандай балалар тұрады деп ойлайсыңдар?
Ойын: «Жалғастыр»
Не істеуге болмайды?
- Үлкендердің алдынан кесіп өтуге болмайды.
- Құстарды атуға болмайды.
- Балабақшаға кешігуге болмайды.
- Кішкентай балаларды ұруға болмайды.
Не істеу керек?
- Үлкенді сыйлау керек.
- Үлкенге сәлем беру керек.
- Тәртіпті болу керек.
Балалардың тақпақтары
Арсен
Атам маған әманда
«Әдепті жан бол», — деген.
Ата сөзі санамда,
Жасы үлкенге жол берем.
Еркеназ
Алдын орап кісінің
Кесіп өтпей көлденең,
Ізетімен кішінің
Сәлемдесіп қол берем.
Жаннұр
Сыйлап сәлем беремін,
Көршілерді көргенде.
Ізетті деп білемін,
Үйге қонақ келгенде.
Әдепсіз деп сөкпесін,
Анама айтып өкпесін.
Нұрасыл
Атам маған әманда
«Кішіпейіл бол», — деген.
Ата сөзі санамда,
Мақтанбауды жөн көрем.
Ақерке
Өзгелерден өзімді
Санамаймын жоғары.
Артық айтып сөзімді
Желпінгенім жоқ әлі.
Әйгерім
Әдептілік дегенің —
Әрқашанда керегің.
Әсемпаздық дегенің —
Әуре-сарсаң әлегің.
Көрініс: «Әже мен қыз бала»
Әже (Алина): Армысың, балам?
Қыз бала (Әйгерім): Бар болыңыз, әже.
Қыз бала: Үй-іші, бала-шағаңыз аман ба?
Әже: Тәңірге тәубе, барлығы қуатты, аман-есен.
Қыз бала: Лайым жақсы болсын.
Әже: Өзіңе де Алланың нұры жаусын, балам!
Қорытынды сұрақтар және ой түю
Сандық ішінен сұрақ алынып, дауыстап оқылады: «Бүгінгі тәрбие сабағымыздан не үйрендік? Не білдік?»
Аталарымыз ой қорытындысын мақал-мәтел арқылы жеткізген. Ендеше, біз де сабағымыздың түйінін мақал-мәтелмен өрнектейік.
Әдептілік туралы мақал-мәтелдер
Айнель: Әдепті бала ата-анасын мақтатар, әдепсіз бала ата-анасын қақсатар.
Толғанай: Әдепті бала жол сілтейді, әдепсіз бала қол сілтейді.
Мадияр: Әдептілік белгісі — иіліп сәлем бергені.
Асхат: Кішіпейіл болғаннан кішірейіп кетпейсің.
Еркеназ: Әдепті бала — арлы бала, әдепсіз бала — сорлы бала.
«Әдепті бала қандай болу керек?»
Анам маған: «Үлкенді сыйла», — деген,
Сол сөз маған ізгілік құйған ерен.
Үлкендерден ауысқан кемшілікті
Үлкендердің өзіне сыйға берем.
Ойланайық
— «Әдеп» сөзінің мағынасын қалай түсінесіңдер?
— Бұл сөз сендерге ұнай ма?
Осы сөзді сендерге аманат етемін: әдептілік — ешқашан жоғалтпайтын асыл қасиет.