Түстерді айналдыру

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сабаққа дайындық, қатысушыларды белгілеу, жұмыс ортасын ұйымдастыру.

II. Сабақтың мақсаты мен міндеттерін қою

Бүгін PAINT-та сурет фрагменттерін ерекшелеу, оларды өңдеу және суретке мәтін енгізу тәсілдерін меңгереміз.

III. Үй тапсырмасын тексеру

Алдыңғы тақырып бойынша орындалған жұмыстарды қарап, қысқаша талдау жүргізіледі.

IV. Білімді өзектендіру

Сұрақтар

  1. PAINT графикалық редакторының қандай саймандарын біз әлі пайдаланбадық?
  2. Бүгін біз Ерекшелеу сайманымен жұмыс істеп, суретке мәтін орналастыруды үйренеміз.

V. Жаңа тақырыпты түсіндіру

Фрагментті ерекшелеу

Суретті өзгерту үшін алдымен оны тұтастай немесе қажетті бөлігін — фрагментті — ерекшелейді. Ерекшелеу үшін Ерекшелеу сайманы қолданылады. Ерекшеленген фрагменттің айналасында пунктирлі қоршау және сегіз ерекшелеу маркері пайда болады.

Тұтас суретті ерекшелеу

Ctrl + A пернелер тіркесін басыңдар немесе «Бәрін ерекшелеу» бұйрығын таңдаңдар.

Ерекшелеуді алып тастау

Ерекшелеуден бас тарту үшін басқа сайманды таңдасаңдар жеткілікті.

Фрагментпен орындалатын негізгі операциялар

  • 1) Мөлшерін өзгерту

    Тышқан көрсеткішін сегіз маркердің біріне апарып, сол жақ батырманы басып тұрып өлшемін өзгертіңдер.

  • 2) Орнын ауыстыру (жылжыту)

    Ерекшеленген фрагментті тышқанның сол жақ батырмасымен ұстап тұрып қажетті жерге жылжытыңдар.

  • 3) Тазалау

    Ерекшеленген аймақ фон түсімен боялады.

  • 4) Түстерді айналдыру

    Фрагменттің түстерін ауыстыру/айналдыру мүмкіндігін контекстік мәзір арқылы таңдауға болады.

  • 5) Көшіру

    Қажетті бұйрықты ерекшеленген фрагменттің контекстік мәзірінен таңдаңдар немесе төмендегі тәсілдерді қолданыңдар.

    1-тәсіл

    Ctrl пернесін басып тұрып фрагментті жылжытыңдар — жеке көшірме алынады.

    2-тәсіл

    Shift пернесін басып тұрып фрагментті жылжытыңдар — ізі бар көшірме алынады.

    3-тәсіл

    Фрагментті алмасу буферіне көшіріп, қажет болғанша бірнеше рет Кірістіру орындаңдар.

    Ескерту: көшірме алмасу буферінен кірістірілгенде, әдетте экранның сол жақ жоғарғы бұрышына орналастырылады.

Ерекшелеу сайманына арналған қосымша баптаулардың бірі — «Мөлдір ерекшелеу».

Мәтінмен жұмыс істеу

PAINT — графикалық редактор, сондықтан ол мәтінмен кең көлемде жұмыс істеуге арналмаған. Дегенмен суретке көбіне қысқа, ірі тақырыптар мен белгілеулер енгізіледі.

Мәтін енгізу қадамдары

  1. Мәтін сайманын таңдаңдар.
  2. Енгізу өрісін құрыңдар (өріс тікбұрышты ерекшелеуге ұқсайды).
  3. Өрістің өлшемін мәтінмен жұмыс барысында өзгертіңдер.
  4. Құралдар жолағында «Мәтін енгізу саймандары» қосымша беті пайда болады.
  5. Басқа сайман таңдағанға дейін мәтінді баптауға болады.

Қаріпті баптау

  • Қаріп түрін және өлшемін таңдау
  • Қалың (жуан) және курсив
  • Астын сызу

Икемділік

Мәтіннің әрбір фрагментін әртүрлі параметрлермен жеке баптауға болады.

VI. Компьютерде тәжірибелік жұмыс

Оқушылар деңгейлік тапсырмаларды орындайды: фрагментті ерекшелеу, көшіру, жылжыту, өлшемін өзгерту және мәтін енгізу.

VII. Қорытынды сұрақтар

  1. Фрагменттің және тұтас суреттің ерекшеленуін қандай тәсілдермен алып тастауға болады?
  2. Ctrl немесе Shift пернелерін басып көшірудің айырмашылығы неде?
  3. Сурет фрагментін кішірейту әрекеттерінің ретін сипаттаңдар.
  4. Ақ, сары, қызыл түстерге қандай түс қарама-қарсы?
  5. Фрагментті 90 градусқа бұру үшін не істеу керек?

VIII. Үйге тапсырма

Paint бағдарламасын пайдаланып, «Қыс» тақырыбына сурет салыңдар.