Ранай апай, Шаһар апай сөз өздеріңізде
Авторлық жұмыс
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылы, №24 орта мектебінің орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Қазанбай Ғалия Тілектесқызы.
«Еліміздің бүгінгі, ертеңі – болашақ жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында».
Н. Назарбаев
«Жарқыра, жалындай түс, көгілдір от!»
11-сынып оқушыларына арналған мерекелік кештің сценарийі.
Сахналық көрініс
- Зал мерекеге сай безендірілген.
- Ортада шырша қойылған, қасында үлкен жаңажылдық торт орналасқан.
- Мұғалімдерге, қазылар алқасына, қатысушы жұптарға және 11-сынып оқушыларына арналған мерекелік үстелдер дайындалған.
- Оқушылар жаңажылдық ән айтып, шыршаны айналып, жүргізушілерді қоршап шеңберге тұрады.
- Музыка фонында ортаға екі-екіден төрт жүргізуші шығады: Айдос, Әсем, Ерқанат, Гүлбазар.
Жүргізушілердің диалогы
Айдос
Қыс келді – ең керемет ғажап кезең,
Аппақ қар, мұз жамылып алды өзен.
Айнала – пәк табиғат, неткен ғажап,
Бұл кезде қуанышқа толы сезім.
Әсем
Айдос, өзің нәзік жанды лирик ақын екенсің ғой. Неткен керемет, шабытқа толы сөздер!
Ерқанат
Таң қалатын несі бар, Әсем? Бүгінгі мерекенің лебі сезіледі: әсем әуен, ғажап көңіл күй, әдемі қыздар... Шыршаның иісіне араласқан әтір иісі кез келген жігіттің басын айналдырып, шабытын оятады да, еріксіз ақын қылып жібереді.
Мысалы, дәлелі – мына жаңа ғана шығарған өлеңім:
Қар жауғанда – қыздарды қуған кезең,
Беттерін ұстап алып жуған кезең.
Қап-қара қыздар едің кеше ғана,
Аппақ болып кетіпсіңдер сендер неден?!
Гүлбазар
Тоқта, Ерқанат. Сонда сенің ойыңша, сендер бізді қарға шомылдырмасаңдар, біз «қара қыз» болып қала береміз бе?
Әсем
Мүмкін, жігіттерге рахмет айтуымыз керек шығар? Сендер бізді қарға жуындырмасаңдар, бүгін әдемі болмас па едік?
Ерқанат
Ой, қыздар, бұл «қуған едік – жуған едік» деп ұйқасқан әзіл өлең ғой. Солай шығып кетті.
Әсем
Шабыттарың осы болса, біздің де ақындық өнеріміз ешкімнен кем емес!
Ең алғашқы жасыл шырша есімде,
Бірінші сыныпта біздер оқып жүргенде.
Жігіт біткен қорқып қашып едіңдер,
Аяз ата бізге кіріп келгенде.
Ерқанат
Кек алғандарыңа болайын. Сонау бастауышты әлі ұмытпаған екенсіңдер. Еске ала бастасақ...
Айдос
Қыздар, осы әңгіме неден басталып еді? Менің қыс туралы толғауымнан ба? Айтпақшы, жарыссөзді тоқтатайық: қонақтардың бәрі жиналған сияқты. Бүгінгі мерекелік кешті бастайтын уақыт келді.
Ерқанат
Ендеше іске сәт, достар!
Сәлемдесу және құттықтау
Ерқанат
Армысыздар, ардақты ағайын, ұлағатты ұстаздар!
Гүлбазар
Бармысыздар, бауырлар, шабытты шәкірттер!
Әсем
Есен-амансыздар ма, қадірменді құрдастар, сыныптас достар!
Айдос
Ассалаумағалейкум дейміз біз барша жиналған тілектес дос-жаранға!
Гүлбазардың құттықтауы
Көк шыршаға шамнан алқа тағайын,
Қуанышқа толтырайын маңайын.
Көргендер де, көрмеген де арманда —
Жаңа жылың құтты болсын, ағайын!
Әсемнің құттықтауы
Осы кеште жұлдыз болып жанайын,
Қайран қалып тамсанарсың талайың.
Бар балаға нұр, қуаныш әкелген —
Жаңа жылың құтты болсын, ағайын!
Айдос
Бүгінгі жаңа жыл кешін көтеріңкі көңіл күймен, әсем ән мен сәнді бимен өткізуді мақсат еттік. Баршаңызға мерекелік шаттық тілейміз!
Ерқанат
Олай болса, көңіліміздің керегесін кеңейтіп, берекеге бастар мерекелі кешіміздің шымылдығын ашуға рұқсат етіңіздер!
Ортаға: қолдау биі және «Сырғалым» тобы.
Құттықтау сөздер және арнайы қонақ
Алғашқы құттықтау
«Жақсы сөз – жарым ырыс!» деген дана халқымыздың өсиетіне сай, жүрекке жылу ұялатар алғашқы жаңа жылдық құттықтау сөзді білім ұясының білікті басшысы, №24 орта мектеп директоры Өтепбергенов Ерлан ағайға береміз.
Сиқырлы сәт
Құрметті Ерлан ағай, сіздің құрметіңізге сиқыр әлемінің майталманы, иллюзионист Нұрбол Демесінтегі шақырылды. Керемет фокустерін қабыл алыңыз!
Жаңа жыл жыры
Көп күттірдің, сағынышты Жаңа жылым!
Жаңа жылым — о, менің жаңа жырым!
Қоян жылы келгенде сый қып тартып,
Ақтарайық әнменен көңіл сырын.
Алғашқы ұстаздарға құрмет
Бүгінгі кештің қадірменді қонақтары — сүйікті алғашқы ұстаздарымыз. Ыстық ықылас пен жүрекжарды тілектеріңізді естуге асығамыз. Сөз кезегі: Ранай апай мен Шаһар апайда.
Шаһар апайға арнау
Сүйікті ең алғашқы ұстазымыз,
Өзіңізбен өтті талай қыс-жазымыз.
Ең алғашқы әріпті танытқан жан —
Шаһар апай, шәкірттерге сөз бастаңыз.
Ранай апайға арнау
Бала жанын баураған жан, берген білім,
Ең алғашқы өзіңізден алдық ілім.
Ең сүйікті ұстазымыз, Ранай апай,
Ең алғаш сепкен бізге білім нұрын.
Ерқанат
Ыстық лебіздеріңізге көп-көп рахмет! Өздеріңіздің құрметтеріңізге «Ұстазым» әнін Әсемнің орындауында қабыл алыңыздар!
Аяз ата мен Ақшақар
Айдос
Құрметті халайық! Бүгінгі жаңа жыл кешіне алтындатқан шанасымен Аяз ата мен сүйкімді Ақшақар келе жатыр деген сүйінші хабар алып тұрмыз. Әйгерімнің «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты әсем әні шырқалғанда, олар бізге қарай жолды адаспай табады деп сенеміз!
Әсем
Қуаныңдар, ағайын, тамсаныңдар,
Сүйіншілеп маңайға жар салыңдар!
Аяз ата келеді Ақшақармен —
Қол соғып, қошеметпен қарсы алыңдар!
Сахналық сәт
Осы кезде асыға күткен Аяз ата мен Ақшақар сахнаға келеді.
Ескерту: толық нұсқасын жүктеу.