Қазақша рефераттар

Көздерімнен жас боп шықтың жыласам, Соны бірақ бір түсінбей жүрсің сен

Тұманбай Молдағалиев өлеңі

Танысқанда сен он бес - ақ жаста едің,
Мен де сонда өзгеше едім, басқа едім.
Тұрдың үнсіз дәл алдымда мөлтілдеп,
Мөлдір көзден үзіліп түскен жас па едің?

Сұлу едің, көрікті едің, ұяң ең,
Көңілдегі қырды кезген қиял ең.
Сол бір үнсіз жанарыңа, жан сәулем,
Тірлігімді, нұр күнімді қияр ем.

Мен қорықтым, бақытымнан қорықтым,
Көрінсе де қарсы алдымнан болып күн.
Бақыт деген сен екенсің, жас құрбы,
Көкте емес, жерде саған жолықтым.

Өз - өзімнен дірілдедім, сенбедім,
Мен оятқан тәтті ұйқымнан сен бе едің?!
Неге ояттың, неге ояндым тым ерте,
Қызық еді түсімдегі көргенім.

Қызық еді менің ұшқыр қиялым,
Көкірегімде тасушы еді күй ағын.
Бұл сезімді жазу үшін достарым,
Жүрек керек, керегі жоқ сияның.

О, махаббат, жауып тұрған қар ма едің,
Бақытты едім, бірақ саған жарлы едім.
О, махаббат, жаңбыр ма едің көктемгі,
Көрікті едің, көркем едің, әрлі едің.

Сол қалпыңда жүрегімде тұрсың сен,
Көкірегімнен деп боп шықтың күрсінсем.
Көздерімнен жас боп шықтың жыласам,
Соны бірақ бір түсінбей жүрсің сен.

Тұманбай Молдағалиев басқа өлеңдері