Құрметті ардагер ағалар
Жезқазған қаласы
№10 жалпы орта білім беретін мектеп
Бастауыш сынып мұғалімі: Ершаева Калдыгүл Танатаровна
Ауғанстан — жүректегі жара
Мақсаты
Оқушыларды туған жерін, Отанын сүюге, халқына адал қызмет етуге тәрбиелеу; достық пен адамгершілік қасиеттерін, патриоттық сезімдерін дамыту.
Түрі
Кездесу
Тақырып өзегі
Соғыс салған жара, азаматтық борыш, елге қызмет ету, бейбіт өмірдің құндылығы.
Кездесудің барысы
Кіріспе сөз
1-жүргізуші: Армысыздар, ардагерлер! Өмірлеріңіз — ерлік пен күрес мектебі!
2-жүргізуші: Құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар! «Өткенін ескермеген — өшеді, өткенін қастерлеген — өседі». Берер тәлімі мол тарихтың куәгерлері бүгін біздің ортамызда!
Тарихи дерек
1979 жылы 25 желтоқсанда Кеңес әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, 1989 жылдың ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді. Қазақстаннан Ауған соғысына 22 000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты, 21 адам хабарсыз кетті.
1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлері Ауған жерінен біржола шықты. Биыл бұл күнге 26 жыл толып отыр. Бұл — аз уақыт емес.
Поэтикалық кіріспе және кездесуді ашу
2-жүргізуші:
Ауғанстан, сен үшін жасын ғайып,
Ажал болдың — арманға жасымайық.
Қос бүйірін таянып көнбіс күндер —
Аңырайды Жер-ана шашын жайып.
Мамыр тумай тасымас мейманасы,
Адамзаттың атар таң кейуанасы —
Ауғанстан, қаралы Ауғанстан —
Жиырмасыншы ғасырдың бейдауа сы…
Осы орайда Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 26 жыл толуына байланысты «Ауғанстан — жүректегі жара» атты кездесуімізді ашық деп жариялаймыз.
Соғыс салған қасірет
1-жүргізуші: Он жылға созылған бұл соғыстан елге оралған жауынгерлердің көбі мүгедек болып қайтты, көпшілігі қаза тауып, хабар-ошарсыз кетті. Талайы жат жердің топырағын құшты.
Ауған соғысының қасіреті кімнің жүрегін жараламады?! Азаматтық борышын атқаруға аттанып, табытпен оралғандар қаншама… Соғыс аяқталғанына 26 жыл өтсе де, жүректегі жара әлі сыздап ауырады.
Еске алу
Ауған соғысында қаза тапқан батыр ағаларымызды орнымыздан тұрып, бір минут үнсіздікпен еске алайық.
1 минут үнсіздік.
Рахмет. Отырыңыздар.
Қадірлі қонақтар
1-жүргізуші: Бұл соғысқа біздің қаламыздан да ондаған азамат қатысты. Осындай қанды жылдарды бастан өткерген қайсар да батыл ағаларымыз — бүгінгі кешіміздің қадірлі қонақтары.
- Біздің сыныбымызда оқитын Сараның әкесі — Қаржасов Нұржан Сманұлы
- Сабинаның ағасы — Аманов Ақылбек Түсіпұлы
2-жүргізуші: Құрметті ардагер ағалар! Сіздердің өмірлеріңіз — бір адамның ғана тіршілігі емес. Ол — Отан тарихымен, халық тағдырымен астасқан өшпес өнеге. Сіздер қандай құрметке де лайықсыздар. Біз әрқашан қадір тұтып, бас иеміз.
Оқушылардың арнауы
Еркебұлан
Мен қазақпын — ұланымын елімнің,
Мен қазақпын — тірегімін жерімнің.
Ұланымын туын көкке көтерген,
Болашаққа алға бастап жетелер.
Қиындығын қазағымның әрқашан,
Қайыспайтын қара нардай көтерер.
Сара
Жастығыңмен жауға атылдық оқ болып,
Әндететін кезің еді төс керіп.
Жаудың оғы сан мүшеңді төрт бөліп,
Кейбіреуің кеттің мүлде жоқ болып.
Елнұр
Армысыздар, ауғандық жауынгерлер,
Жырым бар жараланған жаныңды емдер.
Өлгендердің жәннатта болсын жаны,
Тірілерің мың жаса, дәуірлеңдер!
Мәди
Жалт ете қап жаудан ұшқан оқ,
Сен құладың көлбетіп таулы алыстан.
Елестейсің көзіме қасірет боп,
Қайғым да сен мәңгілік — Ауғанстан!
Сабина
Білеміз: жас өседі, туады ерлер,
Қастерлеп, әке жолын қуады ерлер.
Тумайды сіздерден соң, тумасын-ақ,
Соғыс деген сұм ажалға куәгерлер!
Ардагерлерге арнау және ән
1-жүргізуші:
Аққулардай асыққан мөлдір көлге,
Сағыныштың азабын жеңдіңдер ме?
Тұңғиықтың түбінен шығып бүгін,
Туған жерге, ағалар, келдіңдер ме?
Құрметті ардагер ағалар, бүгінгі кешіміздегі барлық ән-жырды өздеріңізге арнаймыз.
Музыкалық номер
Мұқағали Мақатаев атындағы республикалық ән байқауының жеңімпаздары Әжібек Аяжан мен Қасымбекова Асылжанның орындауында «Есіңе мені алғайсың» әні.
Көркемсөз: Шынбек Дилназ (Жезді).
Естелік және сұхбат
Бейнематериал
2-жүргізуші:
Айтса — ертек көргендері, табандары таймаған өрден кері.
Сыңғырлап сыр шертеді жиындарда, кеуде толы жарқырап ордендері.
Бір сәт бүгінгі қонақтарымыз туралы бейнематериалға назар аударайық.
Ардагерлердің естелігі
1-жүргізуші: Уақыт пен тарихтың мәңгі жадында қалған оқиғаларды өз басынан өткерген ағаларымыздың айтары да, бізге берер тәлімі де мол. Ендеше, сөз кезегі өздеріңізде, құрметті қонақтар!
Ардагер ағалардың естелік әңгімелері тыңдалады.
Оқушылардың сұрақтары
Құрметті Ауған соғысының ардагерлері, осы соғыс туралы сіздерге қоятын оқушылардың бірнеше сұрақтары бар:
- Ауған соғысына шақырылғанда неше жаста едіңіз? Қанша жыл қызмет еттіңіз?
- Сіздермен бірге қазақ жауынгерлері болды ма?
- Ауғанстанға аттанғаныңызды туған-туыстарыңыз білді ме?
- Ауған жерінде жергілікті халықтың қандай ерекшеліктерін байқадыңыз?
- Соғысқа дейін арнайы жаттықтыру жұмыстары жүргізілді ме, әлде қару беріп, бірден аттандырды ма?
- Жауынгерлік борыш барысында үй ішіңізбен жиі хабарласа алдыңыз ба?
- Төсбелгіңіз туралы айтып берсеңіз.
- Сұм соғысқа өз еркіңізбен бардыңыз ба?
- Соғыс ауыртпалығына шыдамай, өз-өзіне қол жұмсаған адамдар болды ма?
- Бейбіт өмір сүріп жатқан адамдарға айтар тілегіңіз қандай?
Қорытынды ән
2-жүргізуші:
Қуанам адам болып туғаныма,
Ата жолын, дәстүрін қуғаныма.
Есімдері ескірмей жасай берер,
Ұрпақтары артында тұрғанында.
Ән
«Атамекен»
Сөз соңында
Директордың сөзі
1-жүргізуші: Бүгінгі кешіміздің соңында сөз кезегін мектебіміздің директоры Жолдыбаева Күлаш Рақымқызына береміз.
Жаулардан қарсы келген жасқанбаған,
Жасаған ерлігіне мастанбаған.
Ұрпаққа өмір жолың өнеге боп,
Тарихта, ардагерлер, асқан бағаң.
Осы сөздермен бүгінгі қонақтарымызға арналған шағын сыйлығымызды табыстауға рұқсат етіңіздер.
Алғыс және тілек
1-жүргізуші: Құрметті қонақтар, оқушылар! «Ауғанстан — жүректегі жара» атты кешіміз өз мәресіне жетті. Алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге көп рақмет.
Сіздерге ашық аспан, өмірлеріңізге тыныштық, бақыт, денсаулық тілейміз. Жастарға патриоттық тәрбие берудегі игілікті істеріңізге жеміс пен табыс тілейміз.