Өміріңе немқұрайлы қарама әнін бірге орындау

Сабақтың мазмұны мен бағыты

Тақырып

Өмір, қымбатсың маған!

Мақсат

Оқушылардың өмір құндылығы туралы түсінігін тереңдету.

Көрнекіліктер

  • Суреттер
  • Слайдтар
  • Аудиожазба

Міндеттер

  • Өмір құндылығы туралы тереңірек білім беру.
  • Өмірге құштарлықты дамыту.
  • Өмірдің мәнін түсінуге тәрбиелеу.

Шаттық шеңбері: «Өмір жыры»

Сөзі: Т. Молдағалиев • Әні: Ә. Бейсеуов

1-шумақ

Өмір деген ойын да емес, той да емес,
Басқалардан биік тұрар бой да емес.
Өмір деген шахмат емес шатасқан,
Өмір деген ұта қояр дойбы емес.

Қайырмасы

Өмір — қатаң емтихан,
Өтпейтіндер құлайды.
Қадіріне жетпейтіндер
Өмір бойы жылайды.

2-шумақ

Өмір оны келе жатыр дәлелдеп,
Өмір деген — еңбек, еңбек және еңбек.
Өмір деген бақыттың да құсы емес,
Қарап жатсаң, қона қалар саған кеп.

Сұрақ-жауап және тілектер

Талқылау сұрақтары

  • Өмір дегенді қалай түсінесіңдер?
  • «Өмір» сөзін тағы қалай айтуға болады? (тағдыр, тіршілік, махаббат)

«Сәттілік сәті»

Бір-біріне ізгі тілек айтып, жылы сөз арқылы жүрекшелер сыйлау.

Ізгі ниет Қолдау Мейірім Сенім

Мәтінмен жұмыс

Ш. Сариевтің өлеңімен таныса отырып, өмір тек бақыт, қуаныш, шаттықтан ғана тұрмайтынын, оның көлеңкелі жақтары да болатынын ұғындыру.

Ш. Сариев: «Өмір деген тұрмайды қап-қарадан»

Өлең

Өмір деген тұрады: таң мен кештен,
Ғұмырлы екі араны жанмен кешкен.
Құпия, жұмбақ, сырлы дүниеге,
Адамдар армен келіп, армен көшкен.

Өмір деген екі өзен: мұң — қуаныш,
Толқыны: шындық — жалған, күлкі — намыс.
Бір таяздап өмірде, бір тереңдеп,
Бір лайланып, өмірде бір тұнамыз.

Күн десең де, тірлікті түн десең де,
Өмірде өсімдіктей бүрлесеңдер,
Жолында жолығатын қос тағдыр бар:
Жусан — жантақ, гүл — тікен, гүл мен шеңгел.

Өмір дәмі — екі дәм: ащы — тәтті,
Таңдайыңа тиеді: жұмсақ — қатты.
Жолында жолығатын екі тағдыр,
Күтеді адам үшін сын сағатты.

Өмір дәмі — екі дәм: улы — усыз,
Тірлік татып жатады: шулы — шусыз.
Кез келіп тағдырына келеді адам,
Жұмыр жер құрлығында: сулы — сусыз.

Қолға түспес дүние жұрт таласқан,
Кітап — өмір парағын құнттап ашқан.
Сезінер жүрегімен, жаныменен,
Өмір әр кез ашық күн, бұлт та басқан.

Өмір деген тұрмайды: қап-қарадан.
Өмір деген тұрады: ақ-қарадан,
Ақ-қара, екі арасын ашып өтіп,
Арымен өз бақытын тапқан адам!

Талдауға арналған сұрақтар

Ақын «ақ» және «қара» деп нені меңзеп отыр?

Қай уақытта адамның өмірі «аққа» толы болады?

Адам өз бақытын табу үшін не істеуі керек?

Адам баласы не үшін өмір сүреді?

Өмір несімен қымбат?

Сенің өмірдегі мақсатың қандай?

Өмірдің мәнін түсінуге ұмтылу қаншалықты қажет?

Ойды тиянақтау: құндылық, мінез, таңдау

Негізгі ой

Адам өмір бойы өзін-өзі тануға, құндылықтарды пайымдауға, жақсы қасиеттерді бойына дарытуға талпына отырып кемелденеді.

Халық даналығы

Жақсының жақсылығын айт — нұры тасысын,
Жаманның жамандығын айт — құты қашсын.

Адам жақсы мен жаманды ажырата біліп, жаманнан бойын аулақ ұстап, жақсы қасиеттерді бойына дарыта алғанда ғана өзінің дұрыс өмірлік ұстанымын табады.

Тапсырма: өмір туралы толғаныстар

Топтық жұмыс

Оқушыларды екі топқа бөліп, І. Есенберлин мен Б. Бұлқышевтың өмір туралы толғанысын оқып, өз ойларын бірлесіп пайымдау.

І. Есенберлин: керуен жолы бейнесі

Өмір жолы көшкен керуен соқпағы тәрізді. Оның бұлтарысы да, жазығы да көп. Асуы қиын асқарымен қатар, төмен қарай құлдырап өтер ылдиы да болады. Керуен жолы кейде ұзақ, кейде қысқа келеді. Бірақ қауіп-қатерсіз, қиындықсыз болмайды. Ойламаған жерден жел тұрып, сұрапыл дауыл соғады; қалың жауын нөсерлей құйып, бұрын суы толарсақтан келер тайыз жыра кенет сарылдай аққан, өткел бермес долы өзенге айналып, көшті бөгейді. Мұндай бөгеттен тек шаршамайтын, талмайтын керуен ғана өте алады: тоқтамай көшіп, деген жеріне жетеді.

Б. Бұлқышев: өмірді сүю мен жауапкершілік

Мен кішкене өмірімді тағы бір тексеріп, әр күнімнің ізіне түсіп отырмын: алыстан бастап дәл бүгінгі күнге жеттім. Көз алдымнан өзіме сонша таныс жиырма жылдық өмірім өтті. Біріне-бірі жалғасып, біріне-бірі айқасып жатқан әдемі шақ, қымбат күндер жүрегіңді жүз бұрап, сол күйінде қайтадан есіңе түседі: бір тізбегі — сегіз жылдық бақытты шағың, бала кезің; одан соң оқумен өткен он жылың; одан кейін — армия, майдан.

Шынын айтқанда, менің өмірім — қазақтың жас жігітінің өмірі — жаңа ғана басталды. Міне, тап бүгінгі түнде, таңертеңгі ұрыс алдында, туған елім мен барлық халқыма, тіпті барлық адам баласына: «Мен өмірден алатын еншімді алғаным жоқ әлі. Мен өмірімді қатты сүйемін. Менің өмір сүргім келеді!» — деп бар даусыммен айқайлағым келеді.

Әңгімелесу және дәйексөз

Өмір тек бақытты кездерден тұра ма?

Ой бөлісіп, өмірдің әр кезеңі адамды шыңдайтынын мысалдармен дәлелдеу.

Адам боп оңай туғанмен,
Адам боп қалу — көп қиын.

«Елім үшін жаным құрбан» деген ұғымды қалай түсінесіңдер? Бейбіт заманда ел үшін еңбек еткен, ерлік көрсеткен тұлғаларды атаңдар.

Дәптермен жұмыс

І. Есенберлиннің өмір туралы толғанысын оқып, «Болашаққа өз күшіммен қол жеткіземін» тақырыбында қысқа жоспар жазыңдар.

Шығармашылық жұмыс

  • Өмір туралы слайдтарды қарау.
  • Өмірдің бір сәтін таңдап, оған өлең, мақал, ой толғау жазу немесе суретпен бейнелеу.
  • Өмірдің әр сәтінен ләззат алуды үйрену.

«Жүректен жүрекке» және қорытынды ой

Ортақ орындау

«Өміріңе немқұрайлы қарама» әнін бірге орындау.

Қорытындылау

Ең бастысы — жүрегің таза болсын.

Өмір — сенің мүмкіндігің, пайдалана біл.

Өмір — сұлулық, сүйсіне біл.

Өмір — арман, жүзеге асыр.

Өмір — парыз, орындай біл.

Өмір — ойын, ойнай біл.

Өмір — байлық, бағалай біл.

Өмір — махаббат, ләззат ала біл.

Өмір — құпия, сырын аш.

Өмір — қайғы, көтере біл.

Өмір — күрес, жеңе біл.

Өмір — бақыт, баянды ете біл.

Өмірді аяла: өсиет және сенім

Өзіңе сен

Өзіңе сен, өзіңнің күшіңе сен,
Қос қолыңмен істелген ісіңе сен.
Алысың да сыйлайды, жақының да,
Өзіңді өзің төменге түсірмесең.

Өз қайығың бар болса, өз ескегің,
Өмірде мен сені осал дер ме едім.
Қимылдай бер, тарта бер ескегіңді,
Алдыңда — жап-жарық келешегің.

Қозғалмасаң, тоңазыр көлеңкең де,
Ескегіңді ес, бір мезет тоқтай көрме.
Өз қайығың болғаны қандай жақсы,
Қашан, қайда барсаң да — өз еркіңде.

Өкінсең де өткенің оралмайды,
Өшкен отың қайтадан жана алмайды.
Сен жасаған күнәні бір досың да
Бөліп-жарып өзіне ала алмайды.

Сенім

Еңбек етсем, ертеңгі бақытыма сенемін!

Мақсатыма жеткізер уақытыма сенемін!

Достық іспен қастықты жеңеріме сенемін!

Ақыл-санам, білімім мен өнеріме сенемін!

Арым таза, ақ көңіл — адалдыққа сенемін!

Абыройлы ақ ниет — адамдыққа сенемін!