Мүшел жас - мерейлі жас
Тақырып пен мақсат
Тәрбие сағатының тақырыбы: «Мүшел жас — мерейлі жас».
Мақсаты
- Мүшел туралы қызықты деректермен таныстыру.
- Мүшелдің мәнін, шығу төркінін түсіндіру.
- Алғашқы мүшел жасқа (13 жас) сипаттама беру.
Тәрбиелік бағыты
- Ата-ананы құрметтеуге баулу.
- Мейірімділік, қайырымдылық, әдептілік, сыйластыққа тәрбиелеу.
- Досты қадірлеу, жақсы мен жаманды айыра білуге жетелеу.
Көрнекілік және әріптестік
Аудандық балалар кітапханасы мүшел жасқа арнап әзірлеген көрме таныстырылады. Іс-шара кітапханамен бірлесіп, мүшел жасқа толған қонақтардың қатысуымен өткізіледі.
Іс-шараның құрылымы
- 1 Кіріспе сөз: 13 жас — алғашқы мүшел.
- 2 «Мүшел жас — мерейлі жас» әдеби-сазды бағдарлама.
- 3 Мүшел жасқа толған қонақтарға сөз беру.
- 4 Көрмеге шолу.
- 5 Мерекелік ән-шашу.
13 жас — алғашқы мүшел
1-жүргізуші
Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар, мүшел жас иелері және қымбатты балалар! Бүгінгі тәрбиелік кешіміз ата-бабадан жеткен мәнді дәстүр — мүшел жас туралы болмақ.
Мүшел есебіндегі жылдар рет саны бойынша аталмайды: олар 12 түрлі хайуанның атымен белгіленеді. Әр жылға бір хайуанның атауы беріледі.
Мүшел жасты есептеу
Мүшел жасты анықтағанда бір ерекшелікті есте ұстаған жөн: бала 13 жасқа толғанда алғашқы мүшелге кіреді. Кейін әр мүшелге 12 жыл қосылып отырады.
| Мүшел | Жас |
|---|---|
| 1 мүшел | 13 |
| 2 мүшел | 25 |
| 3 мүшел | 37 |
| 4 мүшел | 49 |
| 5 мүшел | 61 |
| 6 мүшел | 73 |
| 7 мүшел | 85 |
| 8 мүшел | 97 |
2-жүргізуші
13 жас — жақсы мен жаманды, ар мен намысты, дос пен жолдасты ажырата бастайтын кезең. Қазақ халқы жас жеткіншектер тәрбиесіне ерекше мән беріп, мейірім, қайырым, әдеп, сыпайылық сияқты қасиеттерді бойға сіңіруге үндеген. Осы асыл қасиеттер сендердің бойларыңнан да табылсын.
Жыл қайыру туралы аңыз
1-жүргізуші: Аслан, жыл қайыру туралы аңызды білесің бе?
2-жүргізуші: Білмеймін. Қане, мүшел жас иелерінен сұрап көрейік!
1-оқушының әңгімесі
Ертеде түркі қағандарының бірі өзінен бірнеше жыл бұрын болған атақты соғыстың қай жылы өткенін анықтай алмай, шатасады. Сонда қаған: «Тарихымызды белгілеуде көп жаңылыстық, бұдан кейінгілер одан да қатты жаңылысады. Ендеше жылдарға ат қояйық — бұл кейінгі ұрпаққа қалдырған ескерткішіміз болсын», — дейді.
Сөйтіп Іле өзенінің арғы басына ау құрғыздырып, жабайы хайуандарды өзенге қарай қууға бұйырады. Нөкерлер хайуандарды қаумалап, үркіте бастайды. Бәрі бірдей өте алмай, он екі хайуан ғана судан аман шығады.
Ең алдымен өткен тышқан болыпты. Сондықтан жыл басы Тышқан аталады. Одан кейін сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз өтіпті. Осылайша әрқайсысы бір-бір жылдың атауына айналған.
Он екі жыл бір айналып шықса — бір мүшел, екі айналып шықса — екі мүшел деп есептелген.
2-оқушы: «Мүшел» сөзінің мәні
Кейбір деректерде «мүшел» сөзі «мүше» сөзінен шыққаны айтылады. Бұл — мүшеге ие болған, яғни барша хайуан емес, киелі, қасиетті хайуан ғана уақыт өлшеміне ие болған деген ұғым.
Тағы бір түсінікте «мүшел» — «қатар» деген мағына береді, мүшел жылы адам үшін қатерлі болуы мүмкін деп ұғынған. Сол себепті түрлі ырым-жоралғылар жасалып, құдайы беріп, мүшелден аман шығуды тілеген. Кейде қимас киімді немесе матаны бөліп, мұқтаж жандарға тарату дәстүрі де болған.
Мүшел күні мал сойып, құран бағыштау — амандық, ұзақ ғұмыр, береке тілеудің белгісі.
3-оқушы: Алғашқы мүшелдің сипаты
Алғашқы мүшел он үш жаста баланың ересектік шаққа өту кезеңін айқындайды. Бұл шақта ер балалардың дауысы өзгеріп, сүйегі ірілене бастайды, қыз балалардың дене бітімі қалыптасып, бойжеткендік белгісі байқалады.
Халқымыз ес тоқтатып, етек жаба бастаған жасты «Он үште — отау иесі» деп дәріптеп, баланы жауапкершілікке, отбасылық өмірдің мәнін түсінуге баулыған.
Жыраулар толғауынан
Ақтамберді жырау: «Жасым жетіп он беске, кірер ме екем кең есікке, бұғана қатып, бел бекіп!..»
Алмажан Азаматқызы: «Он төртіме келгенде, салиқалы қыз болдым…»
Мүшел жастары және өмір кезеңдері
25 жас
Нағыз жігіттік шақ. Бұл кезде күш-қуат кемеліне келіп, адам мақсатқа ұмтылады.
Жүсіп Баласағұн: «Ең тәтті кез — жігіттіктің шағы…»
Абай: «Жастықтың аты — арындап…»
Шал ақын: «Жиырма бес — енді келмес албырт жас…»
37 жас
Өмірдің жақсы-жаманын танып, ақыл тоқтатып, қырыққа қадам басатын белес.
Ж. Баласағұн: «Жаста келіп қырықпенен астасар…»
Шал ақын: «Қырық та бір жас екен, қырдан астым…»
49 жас
Күш қайтқанымен, кәрілікті мойындамайтын, ақыл-ой кемеліне келетін шақ.
Бұқар жырау: «Елу деген жасыңыз, о да бір көшкен ел екен…»
«Елу де бір жас екен есептеулі…»
61 жас
Даналық артып, өткенге сын көзбен қарап, тәубеге келетін кезең.
Бұхар жырау: «Алпыс деген жасыңыз — қайғылы, мұңлы күн екен…»
Шал ақын: «Алпыста бойда қуат тұрмас бәрі…»
73 жас
Кәрілікті мойындап, жүріс-тұрыс қиындай бастайтын шақ.
Ж. Баласағұн: «Бұл дүние көздің жауын, нұрын алар…»
Шал ақын: «Жетпіс те жер таянбай тура алмайсың…»
85 жас
Қарттық салмағы білініп, адам тез шаршап, күйбең тірлікке алаңдайтын кезең.
Бұхар жырау: «Сексен деген жасыңыз — қараңғы тұман түн екен…»
Шал ақын: «Сексенде таяғыңды серіппейсің…»
97 жас
Бұл мүшелге жеткендердің кейбірі әлсіреп, баладай аңғал күйге түсуі мүмкін. Бұл жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар. Алладан ұзақ ғұмыр тілейік.
Шал ақын: «Тоқсан, сен таман жастың зоры екенсің…»
Меделі Жүсіп Қожаұлы: «Тоқсан бес тоқайласып жүз келеді…»
12 айға қатысты жұлдыз жорамал
Мүшел есебі 12 хайуан атауымен белгіленетінін білдік. Осы тәрізді 12 айдың да жорамал аттары бар. Төменде берілген сипаттамалар — халық арасындағы түсініктердің бірі.
Тоқты (21 наурыз — 20 сәуір)
Қызу қанды, алғыр, ақылды.
Торпақ (21 сәуір — 21 мамыр)
Өзімшіл, шындықты сүйетін.
Егіздер (22 мамыр — 21 маусым)
Кекшіл, жалқау.
Бүйі (22 маусым — 22 шілде)
Кекшіл, өзімшіл, өркөкірек.
Арыстан (23 шілде — 22 тамыз)
Ержүрек, мінезі тік.
Бикеш (23 тамыз — 23 қыркүйек)
Алдамшы, айлакер, бірақ алғыр.
Таразы (24 қыркүйек — 23 қазан)
Адамгершілігі мол, бірақ қу.
Шаян (24 қазан — 22 қараша)
Кекшіл, айналасына жақсылығы аз.
Мерген (23 қараша — 23 желтоқсан)
Батыр, ержүрек, мейірімді.
Тауешкі (22 желтоқсан — 20 қаңтар)
Білімді, қайырымды, бірақ алаңғасар.
Суқұйғыш (21 қаңтар — 20 ақпан)
Ұмытшақ, адал, алаңғасар.
Балық (21 ақпан — 20 наурыз)
Айлакер, дарыны аздау, бірақ жолы жеңіл болады деп жорамалданады.
Мүшел жас иелеріне сөз
Бұл бөлімде мүшел жасқа толған қонақтарға құттықтау сөз беріледі, ақ тілектер айтылады.
Тілек, өнеге және қорытынды
Жүргізушілердің тілегі
Денің сау болса, жетерсің арманыңа, жоспарлап алға қойған мақсатыңа. Денің сау болса, көрерсің бұл дүниенің бар қызығын, рахатын, жарығын да.
Денсаулық — шексіз бақыт. Сондықтан денсаулыққа мән бер: қолда барда қадірін біл, күтіп-баптап, әрдайым аяла.
Тәрбиелік түйін
Қазақ халқы бала тәрбиесіне қатысты мол тәжірибе жинаған. Аға буын күнделікті өмірде жас ұрпаққа ізгілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін-жерін сүю сияқты асыл қасиеттерді үйретіп, қаны мен жанына сіңіруге ұмтылған. Бүгінгі кештің де басты ойы — осы құндылықтарды бойға дарыту.
Көрме және концерттік бағдарлама
Аудандық балалар кітапханасының қызметкері «Мүшелде жұмбақ сыр бар…» тақырыбындағы көрмеге шолу жасайды. Одан кейін мерекелік нөмірлер ұсынылады.
Ән: «Туған күн кешінде»
Орындайтындар: Енесеева Бағдат, Лесқалиева Нұршат
Күй: «Сылқым қыз»
Орындайтын: Энгльсова Айман
Би: «Көркем»
Орындайтындар: Аманбаева Ақмаржан, Бүркітбаева Мадина
Ән: «Армандастар»
Орындайтындар: Сүйірбаев Асылан, Балтабаева Айзада
Құттықтау
Мүшел жасың құтты болсын! Ойда жүрген бар арманың орындалсын. Таусылмайтын бақыт дарып, отбасың аман болсын.
Құрметті қонақтар мен оқушылар, «Мүшел жас — мерейлі жас» атты тәрбиелік шарамыз аяқталды.