Табиғат және адамдар
«Табиғат – біздің үйіміз» курсына түсінік хат
«Табиғат – біздің үйіміз» арнайы курс бағдарламасы жалпыға міндетті білім беру стандартына және жалпы білім беретін мектептің 1–4 сыныптарына арналған оқу бағдарламасына сәйкес құрастырылды.
Курстың мақсаты
Оқушыларға биология, география, жануартану, өсімдіктану, тарих, математика және астрономия ғылымдарының негіздері бойынша бастапқы білім беру; тақырыптар мен проблемаларды өзара байланыстыра қарастыруға, ойша және іс жүзінде қарапайым эксперименттер жасауға, алған білімін күрделі мәселелерді талдауда қолдануға және өздігінен ізденуге бағыттау.
Апталық жүктеме
- Аптасына
- 1 сағат
- Оқу жылында
- 34 сағат
Бағдарлама бастауыш сынып мұғалімдеріне «Дүниетану» пәні бойынша қосымша материал ретінде ұсынылады.
Курстың ерекшелігі мен көкейкестілігі
Ерекшелігі: тараулар мен тақырыптар өзара тығыз байланысты. Оқыту қарапайымнан күрделіге қарай бағытталып, әр тіршілік ету ортасының бір-бірімен байланысын, адам өміріндегі маңызын және күнделікті өмірмен сабақтастығын түсіндіруге мүмкіндік береді.
Көкейкестілігі: қазіргі қарқынды дамып келе жатқан өмір талаптарына сай оқушылардың ғылым негіздерін өмірде қолдануына, алған білімін тәжірибеде іске асыруына және өз орнын табуына ықпал етеді.
Оқу материалының мазмұны
-
1
Кіріспе
Курстың мақсаттары мен міндеттерімен таныстыру. Табиғаттың адам өміріндегі орны туралы жалпы мағлұмат беру.
-
2
Табиғат және адамдар
Адамның табиғатты бақылау әдіс-тәсілдері, табиғаттың адам өміріндегі маңызы және олардың өзара ықпалы туралы білім беру.
-
3
Аймақтық жануарлар, өсімдіктер, құстар
Өлкеміздегі өсімдіктер, жануарлар және құстар түрлері, олардың тіршілігі мен табиғи ортаға бейімделуі туралы мәлімет беру.
-
4
Жасыл дәріхана
Дәрілік өсімдіктердің атаулары мен түрлері, олардың медициналық маңызы және қолданылу жолдарымен таныстыру.
-
5
Аспан денелері
Күн, Ай, жұлдыздар, ғаламшарлар және ғарыш туралы қарапайым түсініктер қалыптастыру.
Оқыту нәтижесінде күтілетін нәтижелер
-
Ақпаратты талдап, негізгі ойларды іріктеп, оларды салыстыруды үйренеді.
-
Мәселені дәлелдеу, түсіндіру немесе шешу үшін логикалық талдау жасап, тұжырым айтуға дағдыланады.
-
Нысанды немесе проблеманы әртүрлі жағдайларда қарастырып, өзара байланысын анықтай біледі.
-
Ойша және іс жүзінде қарапайым эксперименттер жүргізуді меңгереді.
-
Күрделі мәселелерді шешу барысында өздігінен ізденіп, болжам жасай білуге үйренеді.
-
Жұппен және шағын топпен жұмыс істеп, ынтымақтастықта әрекет ету дағдыларын қалыптастырады.
-
Зерттеу жұмысын жоспарлап, жүргізудің бастапқы тәсілдерін меңгереді.