Ахмет Байтұрсыновтың атын қазақ баласының естімегені жоқ шығар

Қазақ санасының шамшырағы (әдеби кеш)

Мақсаты

ХХ ғасырдың біртуар азаматы, өз халқының айнасы болған ұлы қоғам қайраткері, ақын, ұстаз, ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығын таныстыру. Оқушыларды оның туған халқына аянбай сіңірген еңбегімен сусындатып, қызметін дәріптеу және ұрпаққа үлгі ету.

Қатысушылар

  • Өмірбаяншы және әдебиетші
  • Сахналық көрініс орындаушылары
  • Көркемсөз оқушы

Көрнекілігі

  • Интерактивті тақта, слайд
  • А. Байтұрсынұлының портреті
  • Кітап көрмесі
  • Эпиграф жазылған плакат

Эпиграф

“Ахмет Байтұрсынұлы — ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға”.
Әбіш Кекілбаев

Кештің ашылуы

1-жүргізуші

Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгін біз қазақ халқының біртуар ұлы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 140 жыл толуына арналған еске алу кешіне жиналып отырмыз. Ол — ірі ғалым, лингвист, әдебиет зерттеушісі, дарынды ақын әрі аудармашы. Оның ел мен халық үшін атқарған еңбегі өлшеусіз.

2-жүргізуші

Қалың жау еңсесін басып, қара бұлт қаптап, надандық түнек құрсауындай қысып тұрған шақта кеудесіндегі бар күшін аямай, жанын құрбан етіп, халқын жарыққа қарай сүйреген сүйікті ұстазымыз, қажымайтын қаһарманымыз — Ахмет Байтұрсынұлы.

Бұрын ешкім батыл кіріспеген істің ауыртпалығы көбіне Ахаңның өзіне түсті: ойға да, қырға да қуылды, түрмеге қамалды. Қуғын-сүргін жылдарында да қолынан қаламын тастамады. Тізесін, тіпті түрменің терезесін үстел етіп, тоқтамай жазды. Маңайындағыларды өлең қуатымен жылытып, рухтандырып отырды: қайраты тасымаса — қайтпады, ақылы аспаса — саспады.

1-жүргізуші

Ахмет Байтұрсынұлының атын қазақ баласының естімегені кемде-кем. Оның әліпбиі мен оқу құралдары арқылы қаншама жан сауатын ашты.

2-жүргізуші

Ол Қазақстанның әр өңірінде мектеп ашып, ұстаздық етті. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, туған халқын оқу-білімге, өнерге шақырды. Өркениетті елдерден кейін қалып, түрлі теперіш көруіміздің түп төркіні — білім мен өнердің кемдігі екенін айтты. Егер талаптанып, намыстанып, ұмтылсақ, қазақ халқы да ешкімге есесін жібермейді деді.

Енді ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы туралы бейнематериалға назар аударып, қысқа ғана ғұмырында қаншама еңбек атқарғанына куә болайық.

Ғылыми-ағартушылық мұрасы

Әліппе мен оқулықтар

Ахмет Байтұрсынұлы — қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы, жаңашыл ағартушы. Ол жазған мектеп оқулықтары 1914–1915 жылдардан 1927–1928 жылдарға дейін пайдаланылды. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын Байтұрсынұлының “Әліпбиімен” ашып, ана тілін “Тіл құралы” арқылы оқып-үйренді.

Әдебиеттану және фольклор

Оның жас қазақ ғылымына қосқан үлесі тіл білімімен шектелмейді. Ол халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, 1923 жылы “Ер Сайын” жырын Мәскеуде бастырып шығарды. 1926 жылы “23 жоқтау” жинағы жарық көрді.

Ал “Әдебиет танытқыш” — әдебиеттану ғылымы мен қазақ әдебиеті тарихына арналған тұңғыш көлемді зерттеу. Ұлттық әдебиеттанудың ғылыми негізі, әдістемелік арналары, негізгі терминдері мен категориялары осы еңбекте жүйеленді.

Ояну идеясы және “Маса” бейнесі

1-жүргізуші

Ахмет Байтұрсынұлы оқу-ағарту ісіне неге ден қойғанын былай түсіндірген:

“Мені тудырған заман — патша заманының зұлым саясаты, зорлығы, зомбылығы, қорлығы. Соның бәрін көріп тұрып, мен қарап қала алмадым. Біздің халық — еш нәрсесі жоқ, мәдениетке кедей халық… Біздің қазақ сияқты өгейлік көрген халыққа ағартудан басқа жол қалмады… Жөні дұрыс жастар біздің артымыздан ерді. Олар басқа жол таба алмады”.

2-жүргізуші

Көпшілік бұқараны оятудың амал-тәсілін іздеген Ахаңдар қалың қазақ арасында ең өтімді үгіт құралы — өлең сөз екенін аңғарды. Сол кезеңде ел ішіндегі ойдың түпқазығы “Оян, қазақ!” деген ұранға келіп тірелді. Осы бағыттағы алғашқы қарлығаштардың бірі — Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері мен “Қырық мысал” кітабы болды.

“Қырық мысалды” оқығанда, сюжеттердің И. А. Крыловтан аударма екенін мойындағанның өзінде, қазақы түсінік пен ұлттық ұғымға құрылған ғибраты айрықша әсер қалдырады.

Сахналық көрініс (идеялық өзек)

Ел тағдыры жайлы ойланғанда, Ахмет ең алдымен халықпен тілдесуді, олардың жай-күйін, көргені мен ойларын ортаға салуды, болашақ жөніндегі түсініктерін бөлісуді парыз санады. Сол мақсатта әдебиетті, өлеңді құрал етті. Бірақ ол көрген жұрт — әлі оянып болмаған, ынтымағы әлсіз, сөз тыңдауға салғырт, берекесіздікке бой алдырған қауым еді.

Сондықтан ақын өлеңін “Маса” етіп жұмсап, ел құлағына ызыңдап жетіп, ұйқыдан оятуға ұмтылды. Атақты “Маса” жинағы осылай туды.

Өмірбаяншы

Ахмет Байтұрсынұлы — ақын әрі қуатты ақын. Оның өлеңдері “Қырық мысал”, “Маса”, “Үзік” атауларымен 1912–1922 жылдар аралығында бірнеше мәрте жарияланды. “Масаға” енген өлеңдер қараңғылықты, надандықты, шаруаға енжарлықты әшкерелейді: қазақты шағуға дайын тұрған “жылан” бар, ал оны мазалайтын, оятуға тырысатын бейне — аяқтары ұзын, сары маса.

Көркемсөз оқушы

Ызыңдап ұшқан мынау біздің сары маса,

Сап-сары аяқтары ұзын маса,

Өзіне біткен түсі өзгерілмес,

Дегенмен қара яки қызыл маса.

Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,

Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша.

Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,

Қоймастан құлағына ызыңдаса?