Сөзге мақал жарасар, Егдеге сақал жарасар
Құрастырған: Өтебай Тұрманжанов
Алғы сөз
Қазақ халқы да өзге халықтар сияқты — ықылым заманнан қорланып, сұрыпталып, сұлуланып, жиналып, сақталып, бүгінгі күнге жеткен көл-көсір фольклоры бар халық. Соның ішінде мақал-мәтелге аса бай ел.
Қазақ мақал-мәтелдерінің қағазға түсуі, кітапқа енуі кешеуіл басталғанына қарамастан, әрі оларды теріп-тірнектеген адамдардың саны көп болмағанына қарамастан, бүгінде халық қолында кітап болып жүрген бұл қазынаны біз олқысына да алмаймыз, місе де тұтпаймыз.
Мәселен, ертеректе жылдар бойы сарсылып қазақ мақал-мәтелдерін жинаған белгілі жазушы Өтебай Тұрманжановтың еңбегін айрықша атауымыз ләзім. Оның өзі жинағаны шамамен елу мың мақал-мәтелдей. Бұл — телегей байлық.
(Мұзафар Әлімбай)
Қазақ және әлем халықтарының таңдаулы мақал-мәтелдері
Қазақ халқының мақал-мәтелдері
Төмендегі шумақтар мен нақылдар мақал-мәтелдің қадірін өз тілімен танытады: оның ойды ұйыстыратын қуаты, сөздің ажарын ашатын көркі, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын мұрасы бар.
Мақал-мәтелдер туралы мақал-мәтелдер
- Мақал — сөздің маржаны, болмайды оның арзаны.
- Мәтел — қыз, мақал — жеңгесі, ісінің жоқ теңдесі.
- Сөз — сүт болса ойдағы, мақал-мәтел — қаймағы.
- Тұз астың дәмін келтіреді, мақал сөздің мәнін келтіреді.
- Мақал — сөздің атасы, атаның ақ батасы.
- Мақалсыз сөз болмайды, мақал ойды қорғайды.
- Сөзге мақал жарасар, егдеге сақал жарасар.
- Мақал қайдан шығады, ой болмаса. Киім қайдан шығады, қой болмаса.
- Мақал сөздің ажарын келтіреді, делдал сауданың базарын келтіреді.
- Мақалмен сөз өтеді, мақтаумен бөз өтеді.
- Мақал — сөздің серкесі, жауаптың ең келтесі.
- Сөзіңе дәлел керек пе? Келеді мақал көмекке.
- Мақал — ата мұрасы, сөздің бұрауы мен сынасы.
Уақыттың өтіп сынынан, көрінген ойдың шыңынан: Мақал — күн болса, мәтел — ай, сөзге нәр берер нұрынан.
- Жасай білмесең, астың дәмі болмайды. Айта білмесең, мақалдың да мәні болмайды.
- Атаның ақ сақалын да қара, айтқан мақалын да қара.
- Мақал атасы — сөз, мата атасы — бөз.