Сөзбен сомдалған тұлға Осы сабақ арқылы жүзеге асатын мақсаттары

Сөз өнері • 5-сынып

Сөзбен сомдалған тұлға

Бұл сабақта оқушылар көркем бейне (образ), метафора және көркем шығарма ұғымдарын танып, мәтін ішінен анықтауды және практикада қолдануды үйренеді.

Сабақтың оқу мақсаттары

Барлық оқушылар

Көркем бейне (образ), метафора, көркем шығарма ұғымдарын біледі.

Оқушылардың көпшілігі

Ұғымдарды түсінеді және көркем мәтіннен тауып көрсете алады.

Кейбір оқушылар

Ұғымдарды практикада қолданып, өз бейнесін (образын) құрастыра алады.

Сабақ барысы

Басы • Білу • Түсіну

  1. «Броун» әдісі арқылы оқушыларды 2 топқа бөлу.
  2. Абай образын сипаттайтын үзіндіні оқу.
  3. Сұрақ қою: «Бұл нені білдіреді: образ ба, әлде көркем бейне ме?»
  4. Негізгі ұғымдардың теориясын түсіндіру.

Мәтін (Абай туралы)

Қаһарман іштей түлеп өседі. Демек, рухани мағынасында Абай — бір жағынан, сыр мен сезімнен, ой мен санадан құйылып жасалған терең психологиялық тұлға. Бас кейіпкердің парасат пен философияға толы болмыс-бітіміндегі қайталанбас қадір-қасиет осында жатыр. Абай — кең құлашты, мол тынысты эпикалық тұлға.

Негізгі ұғымдар

Образ (көркем бейне)

Образ, көркем бейне — шындықты танып-білуде әдебиет пен өнерге тән эстетикалық категория. Көркем шығармада сөзбен сомдалған кез келген құбылыс (көбінесе әдеби қаһарман бейнесі) образ деп аталады.

Ең қарапайым мағынасында образ — суретті сөз: жансыз табиғатқа жан бітіру, ойды, сезімді, мінезді нақты көрініске айналдыру.

Көркем шығарма

Көркем шығарма — әдеби, визуалды немесе мультимедиалық формада жасалған шығармашылық туынды. Ол баспаға жариялануы, фильмге/бейнежазбаға айналуы мүмкін; иллюстрация, сурет, фотосурет, карта, схема сияқты материалдарды да қамтиды.

Абай тұлғасын сомдау тәсілі

Автор Абайды эпопеяның басынан аяғына дейін «өрмек тоқығандай» бір де бір тінін үзбестен, асықпай өріп шығады: нақты деталь, терең психологиялық талдау, сан алуан іс-әрекет пен қимыл-қозғалыстың бәрі Абай тұлғасын сомдауға қызмет етеді.

Талдау

«Образды тап» тапсырмасы

Төмендегі үзінділерден көркем бейнені (образды) анықтаңыздар: табиғатқа жан бітіру, теңеу, метафора, әсерлі детальдар.

Абай

Күлімсіреп аспан тұр,
Жерге ойлатып әр нені.

І. Жансүгіров

Гималай — көктің кіндігі,
Гималай — жердің түндігі.

І. Жансүгіров

Елсіз жер... еңіреген інгенде күй,
Селеулер жел оятқан билеген би.
Аулақта қорқақ қоян зар тыңдаған,
Тұқырып қала берген шеңгел мен ши.

Соңы • Жинақтау • Бағалау

Көрсетілім

Алдар Көсе туралы мультфильм көрсетіледі.

Шығармашылық тапсырма

Алдар Көсенің образын сөзбен сомдаңыздар: мінезін, іс-әрекетін, сөйлеу мәнерін, сыртқы детальдарын, өзіне тән ерекшелігін сипаттаңыздар.

«Зуылдақ» әдісі

Бір оқушы сабақта өткен тақырыпты 1 минут ішінде тоқтамай айтып береді.

Мектеп және мұғалім туралы мәлімет

Мектеп
Малонарым орта мектебі КММ
Мұғалім
Каирбаева Диана Ермаковна