Асыл әжем әні
Дайындаған: Аманбаева Базаргүл
Тәрбие кеші: «Қош бол, бастауыш мектебім»
Тарыдай болып кіріп, ақыл-ойы толысып, оң мен солын танып, жақсы мен жаманды айыра білуді үйренген шәкірттердің бастауыш сыныппен қоштасу сәті — ата-ана, ұстаз және оқушы үшін де ерекше белес.
Кештің мақсаты
-
Білімнің негізі, іргетасы бастауышта қаланатынына ерекше мән беру.
-
Бастауышта алған білімнің өмір үшін маңызын ұғындыру, жетістік пен қабілетті іс жүзінде көрсете білуге бағыттау.
-
Отансүйгіштікке тәрбиелеу, жағымды мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, білімді әрі саналы ұрпақ болып өсуге бағдар беру.
Көрнекіліктер мен техникалық қолдау
Көрнекі материалдар
Ұлағатты сөздер, безендіру элементтері.
Медиа
Аудио сүйемелдеу, видео техника, слайдшоу.
Алғы сөз (сынып жетекшісі)
«Бұл оқу – тамақ болар қарны ашқанда,
Жол табар қараңғыда адасқанда.
Мал азбас, біле білсең білім озар,
Ақыры керек болар бір сасқанда»
Осы өлең жолдарындағыдай, бастауышта тарыдай болып кіріп, ойы толысқан, жақсы мен жаманды айыра білуді үйренген шәкірттерімнің ұйымдастыруымен өтетін бастауышпен қоштасу кешін бастауға рұқсат етіңіздер.
Қош келіпсіздер, құрметті ата-аналар, қымбатты әріптестер, оқушылар! Бүгін — бәріміз үшін ерекше күн. Төрт жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған балаларыңыз оқып-біліп, қанаттарын қатайтып, бастауышпен қоштасқалы отыр. Осы қуанышты, қайталанбас сәтпен шын жүректен құттықтаймын!
Мектепке алғаш келген күннен бастап «Әліппемен қоштасу», Наурыз мерекесі, аналар күніне арналған концерттер, ашық сабақтар мен тәрбие сағаттары — балалар жадында ұзақ сақталары сөзсіз. Бірігіп кітап оқу, пікірталас ұйымдастыру, өнерін шыңдау секілді жұмыстар жүйелі жолға қойылды. Мұның бәрі бала жанына игі әсер етеді.
Менің ұстанымым — тек кітаби білім берумен шектелмей, ел ертеңіне жауап бере алатын жан-жақты ұрпақ тәрбиелеу. Бүгін толық нәтижесін көрмесек те, ертеңіне сенемін. Сондықтан да шәкірттеріме айтарым: «Бірінші байлық — денсаулық». Дендерің сау, білімдерің берік, ойларың нық болсын.
Кеш құрылымы
-
I
Мерекелік бағдарлама
-
II
Оқу жылындағы жетістіктер
Ата-аналар, балаларыңыздың бастауыш білім басқышынан орта буынға қадам басуы құтты болсын! Балалар әр үйге қуаныш пен береке әкелсін!
I бөлім — Мерекелік бағдарлама
Сахнаға шығу
Музыка ырғағымен ұл-қыздар ортаға шығады. Оқушылар орындауында — вальс.
Жүргізушілер сөзі
1-жүргізуші (Нұрлыбек): Құрметті ұстаздар мен ата-аналар! Кез келді сіздерден ақ бата алар. Ұл-қыздарың көрсетпекші өнерін, бар қауым тамсана таңдай қағар.
Ұлдар: Ассалаумағалейкүм, ағайындар!
Қыздар: Армысыздар, аяулы ұстаздар, ақ жаулықты аналар, ардақты әкелер!
Барлығы: Қош келіпсіздер, құрметті қонақтар!
Оқушылардың жыр шумақтары
1-оқушы (Диана)
Бала шаққа болашақты жырлатып,
Шәкірттерге ой түзеткен сымбатты.
Күн нұрындай сәуле құйған көңілге,
Армысыздар, ұстаздарым қымбатты!
2-оқушы
Армысыздар, аталар мен аналар,
Ұрпағыңыз күнде өзіңнен бата алар.
Ел дәстүрін мәңгі сыйлап оқы деп,
Үйреткен ғой Фарабидей бабалар.
3-оқушы (Алина)
Армысың сен, алтын ұя мектебім,
Саған айтар жыр алғысым көп менің.
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мектебіме арналады бұл әнім.
Ән: «Анадай асыл мектебім»
2-жүргізуші (Анар): Алтын ұя мектептен ата-әжеміз де, әке-шешеміз де тәлім алған. Келесі кезекте мектебімізге арнап хор орындайды.
Ән: «Ұстазым»
Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналады.
Би: «Қыздар-ай»
Ер балалар сыныптағы қыздарға арнап би орындайды.
Алғашқы ұстазға алғыс
8-оқушы (Гүлсезім)
Алғашқы ұстазымыз анамызбен тең келеді,
Бар асылын бізге жиып мол береді.
Қанатымен су себелеп асыл жан,
Баласындай шын жүрекпен тең көрді.
Өмірге жол бір өзіңнен басталады,
«А» әрпін алғаш сенен жаттадым.
Ұстаз есімі — мәңгі жүректе,
Мейіріміңмен жылы шуақ шашқаның.
9-оқушы (Диана)
Абай атамыз: «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», — дегендей, ұстазымыз бізді білімділікке, әдептілікке, адалдыққа, әділдікке баулыды. Сондықтан ұстазымызға: мың алғыс!
Хор: «Ұстазым менің»
Ән: «Асыл әжем»
10-оқушы (Нұрлыбек): көңілі көлдей, ниеті теңіздей әжелерімізге арнаймыз.
Шағын көрініс
«45 минут қызықтары» — бастауыштағы бір күннің әсерлі сәттері.
Ата-анаға құрмет
11-оқушы (Гүлзия)
Аман болшы қашанда, анажаным,
Анашым, ыстық маған алақаның.
Жан сүйсінтер, жүректі елжіретіп,
«Қызым» деп еркелете қарағаның.
12-оқушы (Родина)
Армысыздар, өр тұлғалы әкелер,
Қыран құстай балапанын мәпелер.
Бүгін міне, бастауышпен қоштасады,
Азамат боп, кешегі сәби-еркелер.
2-жүргізуші (Анар): Келесі ән — теңдесі жоқ аналарымыз бен әкелерімізге арналады.
Хор: «Анашым-әкешім»
Қыздар биі
1-жүргізуші (Нұрлыбек): Сынып қыздарының орындауында — заманауи би.
II бөлім — Оқу жылындағы жетістіктер
Оқушылар жетістіктері (көріністер мен таныстырылымдар)
-
1) Байменова Д.
«Жеті санының қасиеті» тақырыбындағы ғылыми жоба қорғауынан көрініс.
-
2) Бухаева Г.
«Спорт жұлдыздары: Сиднейден мектепке дейін» — «Ең үздік зерттеуші» номинациясы.
-
3) Маханалина А.
Аудандық олимпиадада орыс тілі пәнінен I орын. Орыс тілінде өлеңдерді жатқа оқиды.
-
4) Бухаева Г.
III аудандық «Бастау» математикалық олимпиадасына қатысу. Байқауда Сарысай орта мектебі «Ең тапқыр команда» номинациясын иеленді.
-
5) «Қызықты математикаға саяхат»
Логикалық есептер шығару, ой ұшқырлығын дамыту.
Қоштасу сөзі
2-жүргізуші (Анар): Осыдан төрт жыл бұрын мектеп табалдырығын аттадық. Бүгін бастауышпен қоштасу кешінде толқу мен қимастық сезімімізді білдіреміз. Енді саналы азамат болып шығуға уәде береміз.
1-жүргізуші (Нұрлыбек): Дегенмен, балалық шақтың күндерін әлі де қимаймыз.
Қорытынды
Кештің түйіні — бастауышта қаланған білім мен тәрбие іргетасын қадірлеу, келесі белеске сеніммен қадам басу.
Құттықтау сәті
Ата-аналардың құттықтау сөзі.