Әдемі сөйлеудің көзді бұлағы халық тілінде
Сағаттың тақырыбы
Тіл — ұлттық белгі, халықтық мұра.
Мақсаты мен міндеттері
Сағаттың мақсаты
Оқушыларға тіл құдіретін сезінуге, дұрыс сөйлеуге және сөз мағынасын терең түсінуге бағыт-бағдар беру.
Дамыту мақсаты
Сөйлеу мәдениетін дамыту, өз ойын еркін жеткізуге және пікірталас жүргізуге дағдыландыру.
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі
Сыныптың сабаққа дайындығын тексеру, назарды бір арнаға шоғырландыру.
Жаңа сабақ
Тілдің мәні, қоғамдық рөлі және сөйлеу мәдениеті туралы түсіндіру, талқылау.
Сабақ жоспары
- 1 Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы.
- 2 «Туған тілім — тірлігімнің айғағы…» тақырыбында мәнерлеп, жатқа өлең оқу.
- 3 Тілге байланысты мақал-мәтел айту.
- 4 «Ана тілің — арың бұл…» тақырыбында мәтін құрастыру.
Тілдің қадірі және сөйлеу мәдениеті
Біздің тіліміз — ананың ақ сүтімен бойға сіңген асыл қазына. Сондықтан өз тілімізде сөйлеу — әр азаматтың басты парызы. Халық «Тіл — ақылдың өлшемі» деп бекер айтпаған.
Тіл мәдениетіне тәрбиелеу — көркем әдеби шығармаларды көп оқумен тығыз байланысты. Өйткені көркем әдебиетті аз оқитын оқушының сөздік қоры жұтаң болып, соған сай дүниетанымы, сөйлеу мәдениеті және ойын логикалық жүйемен жеткізу қабілеті төмендейді.
Ақылдың көзі — ой. Ойды дұрыс құра білу тіл мәдениетін қалыптастырады. Дұрыс ойлап сөйлеген адам ойын толық жеткізеді, өзгеге өзін тыңдата алады әрі өзге пікірді де тыңдай біледі.
Мағыналы ой
Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде» деген сөзінде терең мағына жатыр. Тіл арқылы өнер-білім мен ғылымды меңгереміз, өткенімізді саралап, сабақ аламыз.
Тілімізді құрметтей отырып, дінімізге, салт-дәстүрімізге, тарихымызға терең үңілсек, әрі оны өзіміз танып қана қоймай, асыл қазынамызды әлемге таныта алсақ — келешек ұрпақ үшін маңызды іс атқарған боламыз.
Өз тілін, дінін, тарихын терең білмеген адам өзге тілдің қадірін де толық бағалай алмайды.
Шешендік, мақал-мәтел және сөздің құдіреті
Қазақ халқы шешендігімен, сөзге шеберлігімен және даналығымен ерекшеленеді. Мақал-мәтелдердің мәніне зер салсақ, өмір шындығының айқын ізі көрінеді.
Ертеде билер мен шешендер ел арасындағы дауды майда тілмен шеше білген. «Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді» деген мақалдың астарына үңілсек, баланы ұрып-ұрыспай-ақ, ойланып әрі дұрыс сөйлеп, оның зердесіне жеткізуге болатынын аңғарамыз. Жақсы сөз адамға жігер береді, көкірегі мен көзін ашады.
Өнер алды — қызыл тіл
Кел, жас дос: әдемі де әдепті, сұлу да ойлы сөйлеуге үйренейік.
Әдемі, әдеби сөйлеуге арналған ұсынымдар
Кітап — тілдің қайнар көзі
Әдемі, әдеби сөйлеудің қайнар бұлағы — кітап. Кітапты жай оқып қана қоймай, ондағы сөздер мен сөйлемдерге назар аудар: есте сақта, өз сөзіңде пайдалан.
Халық тілі — табиғи мектеп
Әдемі сөйлеудің тағы бір қайнар көзі — халық тілі. Шешендік сөздерге, ақыл-нақылға негізделген даналық ойларға жиі ден қой.
Практикалық қадамдар
- Жыраулар толғауларын, терме жырларды, ауыз әдебиеті үлгілерін көбірек оқы.
- Мақал-мәтелдерді сөздік қорыңа қосып, орынды қолдануға тырыс.
- Халық даналығын ұмытпа: «Ең әдемі сөз — аз сөз», «Көп сөз — көмір, аз сөз — алтын». Мәдениетті сөйлеу үшін көп сөйлеу міндетті емес.
- Қай жерде болса да ойыңды қысқа, нақты, нық айт. Сөйлемің шұбалаңқы, шашыраңқы болмасын. Алдымен ішіңнен не айтатыныңды жинақтап ал.
- «Шешендік қоржын» жаса: әсерлі сөздер мен тіркестерді жинап, жазба жұмыстарыңда қолдан.
Оқушыларға қойылатын сұрақтар
- 1. Елбасымыз Н. Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында қандай ой айтты?
- 2. Қазақ тілі туралы кімнің қандай нақылын келтіре аласыз?
- 3. «Тілдер туралы» заң қай жылы қабылданды?
- 4. Тіл білімінің атасы кім?
- 5. Халық тілін «ана тілі» деп атаудың мәнін түсіндіріңіз.
- 6. «Тілден қымбат қазына жоқ» деген ойға қандай мысал келтіресіз?
- 7. Тіл туралы қандай өлеңдерді жатқа айта аласыз?
- 8. Тілге байланысты шағын көрініс көрсетіңіз.
- 9. Ата Заңымыз туралы кім не айтады?
- 10. Қазақ елінің бұрынғы және қазіргі астаналары туралы не білесіз?
- 11. Тілге байланысты қандай мақал-мәтелдерді білесіз?
Қорытынды
Тілді құрметтеу — ұлтты құрметтеу. Сөздің мәнін түсініп, ойды жинақы жеткізу, көркем әдебиет пен халық даналығын тірек ету — сөйлеу мәдениетін қалыптастыратын негізгі жолдар.
Үйге тапсырма
«Тіл — ұлттық белгі, халықтық мұра, дүниетаным құралы» тақырыбында ой толғау жазу.