Жайлау көркі

Тақырып Жайлау Көктем Төрт түлік

І. Ұйымдастыру бөлімі

Тәрбиеші: «Балалар, қонақтармен амандасайық.»

Балалардың амандасу өлеңі:

Біз әдепті баламыз, Біз ерекше боламыз. Қонақтарды көргенде: «Сәлеметсіздер ме!» — деп, Сәлемдесіп аламыз.

Тәрбиеші: «Жарайсыңдар! Енді бәріміз өз орындарымызға отырайық.»

ІІ. Негізгі бөлім

Көктем туралы әңгіме

Сұрақ: «Қазір қай мезгіл?»

Жауап: «Көктем мезгілі.»

Күн жылып, көктем келгенде үй жануарларын далаға, өріске, жайлауға шығарады. Табиғат та жаңарады: жер беті көгеріп, шөптер мен гүлдер қаулап өседі. Адамдар жайлауға көшіп, сол жаққа киіз үй тігіп қоныстанады.

Киіз үй құрылысы

Киіз үйдің негізгі бөліктері: кереге, уық, шаңырақ.

Кереге

Үйдің қабырғасын құрайтын тор көзді бөлімі.

Уық

Кереге мен шаңырақты жалғайтын иінді ағаш.

Шаңырақ

Киіз үйдің төбесіндегі дөңгелек күмбез бөлігі.

Үй жануарлары және төлдері

Сұрақ: «Үй жануарларын кім атап береді?»

Жауап: Түйе, сиыр, жылқы, қой, ешкі.

Айбибі

Айналайын торпақ, Бола берме қорқақ. Тар болып тұрса аула, Тысқа шық та, заула.

Бекнұр

Құлын-құлын, құлыншақ, Желкілдейді тұлымшақ. Маңдайында жұлдызы, Құйрығында құндызы.

Естай

Жалт-жұлт етіп лақ, Жағалайсың бұлақ. Секірем деп бірақ, Қала көрме құлап.

«Жайлау көркі» (хормен)

Табиғат әлемі, Гүл толған әдемі. Ұйқы ашар сағаттай, Бозторғай әуені. Сайға түс, қырға шық, Жүресің гүл басып. Көбелек алдайды, Бір қонып, бір қашып.

Сергіту сәті

Дөңгелене тұрайық, Керегені құрайық. Уықтар боп иіліп, Ағаш үйді құрайық.

Ән: «Қошақан»

ІІІ. Қорытындылау

Дидактикалық ойын: «Төлдерін тап»

Шарты: суреттегі төрт түліктің төлдерін тауып орналастыру және олардың дыбыстарын салу.

Сұрақ-жауап арқылы бекіту

Бүгін қандай тақырыппен таныстық?
Жайлау.
Адамдар жайлауға қай уақытта шығады?
Көктемде.
Көктемде күн қандай болады?
Күн жылынады, қар ериді, жер бетіне шөптер шығады.

Төрт түлік пен төлдері

Үй жануарлары Түйе, сиыр, жылқы, қой, ешкі
Төлдері Бота, бұзау, құлын, қозы, лақ

Қорытынды: «Бүгінгі сабаққа өте жақсы қатыстыңдар. Көп-көп рақмет! Сабақ аяқталды, сау болыңдар!»

Тақырыптық бағыт: табиғат, көктем, жайлау, ұлттық құндылықтар

Оқу форматы: әңгімелеу • өлең • сергіту • ойын