Ата жыраудан бала жырауға жетіп, халық санасында сақталып бізге жеткендері ақынның көтеріліс туралы өлеңдері

Ерлік пен елдік — Махамбет ұраны

Қиын да сұлу тағдыр десек те болады — Махамбеттің тағдырын. Оның есімін атаған сәтте-ақ жүзі жалпылдаған, көз жанары өңменіңнен өтетін, сөзі өткір, өлеңі оттан өрілгендей жарқын бейне көз алдымызға келеді.

Үстінде бадана көзді сауыт, басында батырлар киер дулыға, ал «ер қаруы — бес қару» түгел; батыр кең сахарамен арғымағын құйғыта шауып келе жатқандай әсер қалдырады. Батыр етіп шынықтырған да — осы сар дала.

Тегі мен туған жері

Еділ мен Жайық арасын мекендеген Бөкей хандығында, Нарын құмындағы Бекетай деген жерде дүниеге келген болашақ көтерілісші, жалынды ақынның атасы Құлмәлі туралы батырлығы, билігі мен шешендігі шартарапқа тараған деседі.

Дауылды жылдардың жалынды жыршысы Махамбет — Құлмәлі әулетінен, Өтемістің ұлы. Ақын өзі бір өлеңінде:

Өтемістен туған он едік,

Онымыз атқа мінгенде,

Жер қайысқан қол едік, —

дейді.

Мінезі мен күрескерлік болмысы

Хан тұқымын қараға теңестірген от ауызды, орақ тілді Махамбет тумысынан батыл еді. Өзін мадақтатып өлең айтқызуға тырысқан хан беделін «Хан емессің, қасқырсың» өлеңінде қаймықпай төмендеткен де — осы қайсарлығы.

Негізгі ұстанымы

Ерлік пен елдікке қызмет ету, әділетсіздікке қарсы тұру.

Сөз қуаты

Өткір тіл, отты жыр — халық мұңын айтуға арналған қару.

Исатаймен тағдырлас жол

Махамбет Исатай ағасына серік бола жүріп, үстем тап өкілдерінің бұқараға жасаған қиянатын беттеріне басты. Жәңгір ханмен араздық қарулы көтеріліске ұласып, тарихтың парақтарын толтырды.

Ол жыраулар мұрасын терең білген. Өз өлеңдерінің де аса мол болғаны айтылады. Алайда халық жадында сақталып, бізге жеткендері — ең алдымен көтеріліс рухын көтерген отты жырлары.

Жалынды жырдың өзегі

Ерлік пен елдікті ту еткен ақын көтерілістің жалынды жыршысы бола білді. Ол ешқашан жалтармады, тайқымады, үрейленбеді — өйткені оның жүрегінде өлім мен бейнеттен сескенбейтін қайсар от бар еді.

Жайықтың бойы көк шалғын —

Күзерміз де жайлармыз.

Күлесті сынды күреңді,

Күдірейтіп күнде байлармыз.

Құдай істі оңдаса,

Ісім жөнге келгенде,

Қамалаған көп дұшпан

Әлі де болса қойдай қылып айдармыз.

Махамбет жырынан үзінді