Сұрау есімдігін есімдіктің басқа түрлерінен ажырата білуін үйрету

Сабақ барысы

Ұйымдастыру және алдыңғы білімді еске түсіру

Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу
  • Оқушыларды түгендеу
  • Назарды сабаққа аудару

Үй тапсырмасын сұрау

Сұрақ

Есімдік дегеніміз не?

Сұрақ

Оның қандай түрлері бар?

Сұрақ

Мысалдар келтіріңіз.

Жаңа сабақ: Сұрау есімдігінің түрленуі

Әр нәрсені білу мақсатында сұрақ қойып жүретін бүлдіршіндерді «негеш» деп еркелетеміз. Есімдіктің ішіндегі «негеші» — сұрау есімдігі. Аты айтып тұрғандай, сұрау есімдіктері сұрақ мәнді сөздерден тұрады.

Сұрау есімдіктері қандай сұрақтарға жауап береді?

кім? не? қай? қандай? қанша? неше? нешеу? нешінші? қайда? қайдан? қалай? қашан? қайдағы? қашанғы?

Тақтадағы тірек-сызба арқылы сұрау есімдіктерін таныстырып, олардың сөйлемдегі қызметін нақтылаймыз.

Тәуелдену үлгісі (мысал)

I жақ менің кімім?
II жақ сенің кімің? / сіздің кіміңіз?
III жақ оның кімі?

Жіктелу үлгісі (мысал)

I жақ мен кіммін?
II жақ сен кімсің? / сіз кімсіз?
III жақ ол кім?

Септелу үлгісі: «кім?»

Сұрау есімдігі зат есімнің орнына жүріп, зат есімдерше түрленеді.

Септік Сұрау Түрі
Атау кім? негізгі түрі
Ілік кімнің? -нің/-ның
Барыс кімге? -ге/-қа
Табыс кімді? -ді/-ты
Жатыс кімде? -де/-та
Шығыс кімнен? -нен/-дан
Көмектес кіммен? -мен/-пен

Ереже: сұрау есімдіктерінің адамға қатысты түрлері ғана I және II жақта жіктеледі. Себебі I және II жақ — айтушы (мен, біз) және тыңдаушы (сен, сендер, сіз, сіздер) — адамға қатысты. III жақ басқа заттарға да қатысты бола береді.

Тәуелдену үлгісі

Жақ Кім? Нешеу? Қайсы?
I (менің) кімім? нешеуім? қайсым?
II (сенің) кімің? нешеуің? қайсың?
II (сіздің) кіміңіз? нешеуіңіз? қайсыңыз?
III (оның) кімі? нешеуі? қайсысы?

Септелу үлгісі: «кім?», «нешеу?», «қайсы?»

Септік Кім? Нешеу? Қайсы?
Атау кім? нешеу? қайсы?
Ілік кімнің? нешеудің? қайсының?
Барыс кімге? нешеуге? қайсыған?
Табыс кімді? нешеуді? қайсыны?
Жатыс кімде? нешеуде? қайсыда?
Шығыс кімнен? нешеуден? қайсыдан?
Көмектес кіммен? нешеумен? қайсымен?

Қорытынды: жауап алу мақсатымен сұрау мағынасында қойылған сұрақтардағы сөздер сұрау есімдігі деп аталады. Сұрау есімдіктері зат есімнің орнына жүріп, тәуелденеді, септеледі және жіктеледі.

Оқулықпен жұмыс

100-жаттығу

Мәтіндегі сұрау есімдіктерінің мағынасы мен қолданысын талдау

Мәтінді оқып, құрамындағы сұрау есімдіктерінің мағыналық ерекшеліктеріне және қолданысына назар аударыңыздар. Тақтаға теріп жазамыз.

  • — Ойбай, балаларды әкеткелі жатыр!
  • — Солдат қаптап кетіпті.
  • — Қайда бұл, түге, осы елдің еркегі?
  • — Жүр, не тұрыс бар? Көріп алайық, көрейік!
  • — Қайда осының болысы, старшыны қайда, түге?!
  • — Осы ер-азамат қайда? Атына неге мінбейді?

Бұл үзіндіде кездесетін сұрау есімдіктері: қайда, неге (және т.б.).

101-жаттығу

Жаңылтпаштар арқылы талдау

Жаңылтпаштарды айтып үйреніңіздер. Құрамындағы сұрау есімдіктерінің мағынасын және сөйлемде қандай қызмет атқарып тұрғанын түсіндіріңіздер.

Жаңылтпаш 1

Үш кіші ішік піштім,
Бес кіші ішік піштім,
Неше кіші ішік піштім?!

Жаңылтпаш 2

Шеше, кеше неше есе кесе көп алдыңыз?
Шеше, кеше неше есе кесе кем алдыңыз?

Жаңылтпаш 3

Менің нем кем деп ең,
Бер үйді ең кең деген?
Бер үйді ең кең деген,
Менің нем кем деп ең?!

Балалар жаңылтпашты жатқа айтады, ал сынып ішінде сұрау есімдіктерін табады: неше, нем және т.б.

Сергіту сәті

Сөздер мен сөйлемдердің дұрыс-бұрыстығын қимыл арқылы анықтаймыз: қате болса — аяқпен жай топылдату, дұрыс болса — жай шапалақтау. Бұл тапсырма көңіл көтеруге де, тәрбиелік мән беруге де бағытталған.

Біз бүгін ашық сабақ өтіп жатырмыз!

Біз бүгін жіктеу есімдігін өтіп жатырмыз!

Біз сабақты қызыға тыңдап отырмыз!

«Ғылым таппай мақтанба» — Сәкеннің өлеңі.

«Абай жолы» романын Мұхтар Әуезов жазды.

Саяхат жасауға дайынбыз ба?

Бекіту: «Қазақстан қалаларына саяхат»

Олай болса, балалар, біз қай қалада тұрамыз? Басқа қалаларға қыдырғанды бәріміз де ұнатамыз. Ендеше, бірнеше тапсырманы орындау арқылы Қазақстан қалаларына «саяхат» жасаймыз.

1-сұрақ

Мақал-мәтелді толықтыру

Көп нүктенің орнына тиісті есімдікті қойып, мақал-мәтелді толықтырыңыз.

… ексең, … орасың.

Нұсқа: не (сұрау есімдігі), соны (сілтеу есімдігі).

Нәтиже: Шымкент қаласына «жеттік».

2-сұрақ

«Нешінші?» есімдігін түрлендіру

Нешінші? сұрау есімдігін жіктеп және тәуелдеп жазыңыз.

Жіктелуі

  • Мен нешіншімін?
  • Сен нешіншісің?
  • Сіз нешіншісіз?
  • Ол нешінші?

Тәуелденуі

  • Менің нешіншім?
  • Сенің нешіншің?
  • Сіздің нешіншіңіз?
  • Оның нешіншісі?

Нәтиже: Алматы қаласына «келіп жеттік».

Сөзжұмбақ: «Есімдік»

Астанаға жол

Астана қаласына жету үшін «Есімдік» тақырыбындағы сөзжұмбақты шешеміз.

Анықтама Жауабы
1 Заттың қимылын, іс-әрекетін, жай-күйін білдіретін сөз табы. етістік
2 Қимыл, іс-әрекеттің әр түрлі белгілерін білдіретін сөз табы. үстеу
3 Заттың санын, мөлшерін, көлемін білдіретін сөз табы. сан есім
4 Заттың атын білдіріп, кім? не? деген сұраққа жауап беретін сөз табы. зат есім
5 Толық мағынасы жоқ, тек адамның көңіл-күйін білдіретін сөз табы. одағай
6 Заттың түрін, түсін, сынын білдіретін сөз табы. сын есім
7 Естілген дыбысқа еліктеу арқылы пайда болған сөздер. еліктеуіш

Талдау сұрағы: осы жерде нені байқадыңдар? Сөзжұмбақ бірыңғай сөз таптарынан берілген. Бірақ бір сөз табы жетіспейді. Ол — шылау.

Қорытынды бөлім

Сабақты бекіту

Ережені қайталау, тапсырмалар арқылы пысықтау.

Бағалау

Белсенділік пен жауап сапасына қарай бағалау.

Үй тапсырмасы

102, 103-жаттығулар.