Сабақтың міндеті. Сабақтың тақырыбы
Сабақтың тақырыбы
Жүсіпбек Аймауытов
Сабақтың мақсаты
1) Білімділік
Суреткер-жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығы туралы түсінік беру; жазушының азаматтық тұлғасын, туған халқына, оның әдебиеті мен мәдениетіне сіңірген еңбегін оқушылардың өзіндік ізденісі арқылы меңгерту. Алған білімді өзге салаларда ақпарат көзі ретінде қолдана білуге үйрету.
2) Дамытушылық
Әдеби-шығармашылық сипаттағы жазба жұмыстарын орындауға үйрету; оқушылардың өзіндік көзқарасының қалыптасуына ықпал ету. Өз ойларын еркін әрі нақты жеткізу қабілетін, тіл байлығын, сөздік қорын дамыту; өз бетімен ізденуге және ой қорытуға дағдыландыру.
3) Тәрбиелік
Жазушы шығармашылығы арқылы оқушыларды елін, әдебиеті мен тарихын сүюге, адамгершілікке, қайырымдылыққа, имандылыққа тәрбиелеу.
Сабақтың міндеттері
1) Мазмұнға байланысты
- Шығармалардың мазмұнымен таныса отырып, тақырыптарына қарай топтайды.
- Мәтін мазмұнын өмірмен байланыстырады.
2) Сыни ойлауды дамыту
- Ой талқысына түсіп, өзара пікір алмасады.
- Іс-әрекеттерін талдайды.
3) Топтық жұмыс
- Өз ойын қорғауға үйренеді, бір-бірін тыңдайды.
- Толықтыру арқылы мәтіндегі түсініксіз тұстарды нақтылайды.
Әдістері мен тәсілдері
Сабақтың әдістері
- Түсіндірмелі-иллюстративті
- Репродуктивтік
- Проблемалық (эвристикалық, жартылай іздену)
- СТО (сыни тұрғыдан ойлау)
Сабақтың тәсілдері
- Әңгімеге тарта отырып дәріс беру
- Көрсету, баяндау
- Өздік жұмыс
- Қосымша әдебиеттермен жұмыс
Көрнекілігі
Жүсіпбек Аймауытовтың портреті, шығармалары, интербелсенді тақта, сызбалар, кестелер, кеспе қағаздар, суреттер.
Сабақтың барысы
-
I. Ұйымдастыру кезеңі
Сыныптың жұмысқа дайындығын қамтамасыз ету, сабақ мақсаты мен күтілетін нәтижені нақтылау.
-
II. Білімді жан-жақты тексеру
Сыныпты төрт топқа бөлу; алдыңғы білімді еске түсіру және қысқа сұрақ-жауап арқылы белсендіру.
-
III. Жаңа білімді меңгерту
Ой ашар
«Жүсіпбек Аймауытов туралы не білеміз?» сұрағы бойынша топтық талқылау.
Мұғалім сөзі
Қазақ әдебиеті алыптарының бірі — Жүсіпбек Аймауытов. Оның қазақ әдебиетін жанрлық тұрғыдан дамытудағы еңбегі орасан. Ол ақын, прозашы, публицист, сыншы, театр режиссері, аудармашы, педагог ретінде танылды. Бір өзі әдебиет пен ғылымның бірнеше саласында қатар еңбек етті. Қазақ әдебиетінде проза мен драматургия жанрларының қалыптасуына үлес қосып, мектептер мен оқу орындарына арналған оқу құралдарын жазуға атсалысты.
Негізгі ой
Аймауытов еңбектері ұзақ жылдар бойы назардан тыс қалып, елдегі қоғамдық өзгерістерден кейін ғана кеңінен таныла бастады: 1988 жылдан бастап оның өмірі мен еңбектері, мақалалары жарық көрді.
Жүсіпбек Аймауытов — жан-жақты өнер иесі, «сегіз қырлы, бір сырлы» дарын. Ол 1889 жылы (кей деректерде 1890 жылы) қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Қызылтау өңірінде туған. Әкесі Аймауыт кедей болғанымен, арғы аталары Дәндебай мен Қуан текті, дәулетті, ел ішінде беделді адамдар болған.
Жас кезінен-ақ Жүсіпбек бауырлары Ахмет, Жақыпбекпен бірге арабша хат танып, білім алумен қатар, ағаш шеберлігі мен темір ұсталығы сияқты қолөнерді де меңгереді. Он бес-он алты жасында өзі талаптанып, үй ішінің рұқсатынсыз Павлодарға барып, орысша-қазақша екі сыныптық мектепке түседі. Бір жағынан бала оқытып, қаражат таба жүріп, оқуын 1914 жылы аяқтайды. Кейін Семейдегі оқытушылар семинариясына түсіп, оны 1918 жылы бітіреді.
Оның қызмет жолы жаңа қоғамдық өмірді орнықтырумен тығыз байланысты: Қазақстан Кеңестерінің құрылтайына делегат болды, Оқу комиссариаты алқасының мүшесі қызметін атқарды, «Қазақ тілі» газетін өңдеуге қатысты, «Ақ жол» газетінде жұмыс істеді, Шымкенттегі педагогикалық техникумға директор болды. Бұл белестер қаламгердің қоғамдық күрес жолын да, ағартушылық мұратын да айқын көрсетеді.
Тарихи қасірет
1929 жылы басталған саяси қуғын-сүргін кезінде Жүсіпбек Аймауытов тұтқындалып, 1931 жылы атылды.