Тіл білімінің негіздері

Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қалалық №2 орта мектебі

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Нұрмағамбетова Роза Қылышбайқызы

Тақырып: Қазақ тілін танымдық тұрғыдан оқыту

Танымдық лингвистика және тіл оқытудың жаңа бағыты

Лингвистика ғылымы соңғы жылдары көптеген жаңа бағыттарды қамтып, ғылыми-теориялық және практикалық тұрғыдан кең өріс алып дамып келеді. Бұл бағыттардың қазіргі өмір талабы мен уақыт сұранысына сай қалыптасқаны белгілі. Танымдық лингвистика тіл арқылы қоршаған ортаны, адам болмысын, қоғамдық құбылыстар мен жаратылысты танып-білудің ғылыми-теориялық негіздерін қарастырады.

Негізгі ой

Қазақ тілін оқытуда танымдық лингвистика білім мазмұнын әр қырынан ғылыми негіздеп, оқушының таным үдерісіне қатысты білімін тереңдетеді және тәжірибесін молайтады.

Мақсаты мен міндеттері

Мақсаты

Тіл біліміндегі танымдық теорияның ғылыми негіздерін меңгерту арқылы теория мен практиканы ұштастырып, тіл үйренушінің ой-өрісін кеңейту.

Міндеттері

  • Қазақ тіл білімі мен танымдық лингвистиканың өзара байланысын көрсете білу.

  • Қазақ тілін оқыту барысында оның басқа салалармен байланысын жүзеге асыру.

  • Оқушылардың ойлау қабілетін, қоршаған ортаны зерттеп-тану қасиетін, өзіндік ой-пікірін дәлелдеп жеткізе білу дағдысын жетілдіру және дүниетанымын кеңейту.

  • Ой, сана, тіл тұтастығы арқылы тілдік қатынасты терең меңгертіп, таным үдерісін жан-жақты іске асыру.

Тіл, ойлау және таным: ажырамас бірлік

Лингвистика тілдің шығу тегін, табиғатын және қызметін саралау мақсатында адам, ойлау, таным, халық, қоғам сияқты ұғымдардың мән-мағынасына ерекше көңіл бөледі. Сондықтан зерттеушілер тілді оқытуды қарапайымнан күрделіге, жалқыдан жалпыға қарай жүйелі дамитын және үнемі толығып, өзгеріп отыратын әрекет ретінде қарастырады.

Тіл ғылымының танымдық ерекшелігі адамның ойлау жүйесінің табиғатын және оның ішкі заңдылықтарын талдаудан көрінеді. Тіл — қарым-қатынас құралы: адам бір-бірімен байланысқа түседі, пікір алмасады және өзара түсініседі. Тіл ойлаумен тікелей байланысты болғандықтан, сөз бен сөйлем құрылымы арқылы ойлау үдерісінің нәтижелері тіркеліп отырады.

Көрнекті ғалым Сәрсен Аманжолов тіл мен танымның сабақтастығы тілдік құралдар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа берілетінін атап көрсетеді.

Сөздің қызметі: атау және коммуникация

Қазақ тілін оқытуда тілдік және қатысымдық бірліктер білім мен таным үдерістерін біріктіреді. Әсіресе сөз коммуникативтік тұлға ретінде әрі атаулық, әрі танымдық қызмет атқарады. Себебі сөз — сөйлеу мен пікір алысу үдерісіндегі негізгі бірлік.

Номинативтік қызмет

Сөз жеке тұрғанда заттың, сынның, қимылдың т.б. атауы болып, атау қызметін атқарады.

Қатысымдық қызмет

Қарым-қатынаста сөз белгілі бір жағдайға, ортаға байланысты жұмсалып, коммуникативтік қызметке ие болады.

Қайнар көз: әдебиетпен сабақтастық және пәнаралық байланыс

Қазақ тілін танымдық тұрғыдан оқытудың қайнар көзі — тілдік материалды әдебиетпен сабақтастырып, пәнаралық байланыс негізінде ғылым мен білімді тоғыстыру. Бұл үрдіс жеке тұлғаның рухани әлемін байытып, баланың өзіне деген көзқарасы мен пікірін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

  • Ашық әңгіме мен ойлы сұхбат жүргізу.

  • Әдебиет қағидаларын қазақ тілі сабағында тиімді қолдану.

  • Ұнамды образдың қасиеттерін оқушы бойына сіңіріп, өмірмен байланыстыру.

  • Дүниені, ортаны, адамды жан-жақты зерттеп тани білуге бағыттау және тілдік қатынасқа түсіру.

Ой салу – ойлану – шешім: оқу әрекетінің логикасы

Қазақ тілі сабағында сөз бен сөйлемді, тұрақты тіркес пен мәтінді меңгерту үшін оқушыға ой салу, ойланту, өз пайымын тіл арқылы дәл, нақты әрі шешен жеткізе білуге жетелеу мұғалімнен тұрақты ізденісті талап етеді.

Қанипа Бітібаева: «Ой салу – ұстаз тарапынан, ойлану – шәкірт тарапынан, шешімге келу – оқушы тарапынан болу керек» деген пікір айтады.

Бұл тұжырым психологиялық тұрғыдан негізді: таным үдерісі бір жағынан ұстаз бен оқушының бірлескен әрекеті арқылы жүзеге асса, екінші жағынан әрқайсысы жеке тұлға ретінде түрліше әсерді қабылдайды.

Танымдық тұрғыдан оқыту қамтитын мәселелер

1) Білім мазмұнын адамзаттық құндылықтармен сабақтастыру

Қазақ тілі пәнінің білім мазмұнын бағдарламаға сай тілдік қағидаларды басшылыққа ала отырып, жалпыадамзаттық қасиеттермен байланыстыру сабақтың білімдік мақсатымен қатар танымдық мақсатын да жүзеге асырады (қабылдау, ойлау, сезіну, өзіндік пікір түю т.б.).

2) Психологиялық ерекшелікті ескеру және ойлауды дамыту

Сабақ барысында оқушының психологиялық жай-күйін ескере отырып, оның есте сақтау қабілетін, жадысын, ақпаратты қабылдау дағдысын, дәлелді пікір айтып, мысал келтіру қабілетін жетілдіру маңызды. Берілген тақырып ішіндегі ең қажетті әрі пайдалы мәселені сұрыптай білу оқушыны ойлауға және соған сай әрекет етуге жетелейді.

Ойды сыртқа шығару кезінде сөйлемді дұрыс құрастыру, логикалық қорытынды жасау, таныс мәліметтерден жаңа деректер жинақтау, оларды жоспарлау және жүзеге асыру — тұлғаның өзіндік ерекшелігін танытатын үдеріс.

3) Мағыналық реңкті меңгерту және жағдаятқа сай қолдану

Тілдік және қатысымдық бірліктердің мағыналық ерекшеліктерін нақты мысалдармен түсіндіріп, әр сөздің мағыналық реңкін тіркес пен сөйлем құрамында қолдану арқылы ойды түрлендіруге мүмкіндік жасау қажет. Сөзді түрлі жағдаятқа сай бейнелі жеткізе үйрету оқушының танымдық қабілетін жаттықтырады.

Күтілетін нәтиже

  • Білім мазмұны тереңдейді, қоғамдық-әлеуметтік өмір мен ғылым-білім өзара ұштасады.

  • Оқушының дүниетанымы кеңейіп, өзінше ой-пікір түйіндеуге дағдыланады.

  • Танымдық белсенділік артып, сабақта меңгерген білім ұзақ сақталады.

  • Оқушылар бір-бірінің қателігін түзетуге, жақсы қасиеттерді үйренуге бейімделеді.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Ф. Оразбаева. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі. А., 2000.
  2. Ә. Қайдаров. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. А., 1998.
  3. С. Аманжолов. Қазақ тілі теориясының негіздері. А., «Ғылым», 202 (89-бет).
  4. Қ. Жарықбаев. Жантану негіздері. А., 2002 (68-бет).
  5. Қ. Аханов. Тіл білімінің негіздері. А., «Санат», 1993 (12-бет).
  6. Қазақ тілі мен әдебиеті журналы. №3, 2006 (28-бет).