Қазақтың қаһарман қолбасшысы Бауыржан Момышұлының өнегелі өмірін жас ұрпаққа насихаттау
Мақсаты мен міндеттері
Бұл өнеге сағатының мақсаты — қазақтың қаһарман қолбасшысы Бауыржан Момышұлының өнегелі өмірін жас ұрпаққа насихаттау, сондай-ақ Ұлы Жеңістің 65 жылдығы мен батырдың ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілетін 100 жылдық мерейтойына өз үлесімізді қосу.
Негізгі міндеттер
- Халқымыздың ұлы перзенті, ерліктің ерен үлгісі — Б. Момышұлының өмірін үлгі ету.
- Тарихи тұлғаларды құрметтеуге, отансүйгіштік пен ұлтжандылыққа тәрбиелеу; тарихи-көркем шығармалар арқылы сыни көзқарас пен тіл, ой секілді қабілеттерді дамыту.
- Ақпараттық, коммуникативтік және проблемалық құзыреттерді жетілдіру.
Өтетін орны, түрі және әдісі
Өтетін орны
Мультимедиялық кабинет
Түрі
«Жылдар және адамдар»
Әдісі
Ақпараттық және «Сын тұрғысынан ойлау мен жазуды дамыту» технологияларының стратегиялары.
Көрнекіліктер
- «Батыр өмірінен…» атты фото-галереялық слайдтар.
- Б. Момышұлының шығармаларынан көрме.
- Замандастарының еңбектері.
- Б. Момышұлының ұлағатты сөздері мен өлеңдері.
- ЮНЕСКО эмблемасы.
Пайдаланылған әдебиеттер
Негізгі еңбектер
- Б. Момышұлының І–ІІ томдық шығармалар жинағы.
- «Куба әсерлері» (ІІ том).
- Батырдың өлеңдері, мақал-мәтелдері.
Баспасөз және дереккөздер
- «Ұлан» газетінің топтамасы (2010).
- «Ұлағат», «Тәрбие сағаты», «Жұлдыздар отбасы», «Егемен Қазақстан» басылымдары.
- «Жеңістің 65 жылдығы» интернет-сайты.
Барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылардың келген қонақтарды қарсы алып, сәлемдесу рәсімін орындауы.
- Өнеге сағатына қажетті құрал-жабдықтарды түгендеу.
- Мультимедиялық кабинеттегі қауіпсіздік ережелерін еске түсіру.
II. Мағынаны тану кезеңі
Мұғалім
«Терминдер арқылы болжау» стратегиясы бойынша өнеге сағатының тақырыбы ашылады (слайд №1). Термин-суреттер: ақ боз ат, танк, жауынгерлер.
«Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде, —
Деп жылар қайран қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ айтар сексен мен жүздігімді,
Тарихтың түкпірінен сөз келгенде…»
Осы өлең жолдарымен астасқан өнеге сағатында Бауыржан Момышұлының өмірі — халқымыздың маңдайына біткен дастан екені айқындалады.
Н. Ә. Назарбаевтың «Бауыржан — жұлдызды болған күн, қазақтың жұлдызы жанған күн» деген тебіреністі сөзімен үндесе отырып, Жеңістің 65 жылдығы мен Б. Момышұлының 100 жылдық мерейтойының Қазақстан көлемінде ғана емес, ЮНЕСКО аясында да аталып өтетіні ескеріледі. Осыған орай Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров атындағы №10 орта мектептің 4 «Ә» сыныбы да өз үлесін қосуды мақсат етеді.
1-жүргізуші — Аймағанбет (слайд №2)
Аты аңызға айналған қазақ елінің ақиық қыраны Бауыржан Момышұлының сырға толы ғұмыр жолы мен көркем туындыларына арналған «Ұрпақ айтар сексен мен жүздігімді, тарихтың қойнауынан сөз келгенде» атты тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер!
2-жүргізуші — Аяулым (слайд №3)
Момышұлы Бауыржан (1910–1982) — Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы. Ол Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Көлбастау мекенінде дүниеге келген. Жеті жылдық мектепті аяқтағаннан кейін біраз уақыт мұғалім болып еңбек етеді. Кейін әскери міндетін өтеуге шақырылып, түрлі бөлімдерде взвод және рота командирі қызметтерін атқарады.
1941 жылы соғыс басталған сәттен-ақ Бауыржан Момышұлы генерал-майор И. В. Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанып, батальон мен полк командирі міндеттерін атқарады.
1-жүргізуші — Аймағанбет (слайд №4)
Ұлы Отан соғысы 1418 күн мен түнге созылды. Сол жылдарда соғыс ауыртпалығын бастан-аяқ көрген командирлердің бірі — Бауыржан Момышұлы. Ол шайқасқа шамамен 200 рет қатысып, талай мәрте от пен оқтың арасында қалды. Төрт рет өз батальонын бірде-бір адамын шығынға ұшыратпай, тұтқынға түсірмей, аман-есен дивизиясына алып шыққаны — сирек кездесетін ерлік.
Қоршаудан шығуы
5 рет
Жарақаты
7 рет
Контузия
3 рет
Мәскеу түбіндегі ерлігі сол кезеңнің өзінде-ақ Одақ көлемінде аңызға айналды. Осы ерлік жайында орыс жазушысы Александр Бек «Волоколамское шоссе» («Арпалыс») повесін жазады.
Мұғалімнен мысал
Мәскеу түбіндегі ең қысылтаяң сәттердің бірінде: «Крюковадан шығысқа қарай жер жоқ!» — деп картаның жартысын қылышпен шауып тастағаны айтылады.
2-жүргізуші — Аяулым (слайд №5)
Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын тәмамдап, әскери-педагогикалық қызметпен айналысады. Ол қазақ және орыс тілдерінде қатар жазып, өмірінде көрген-білгенін шығармаларына арқау етеді. Қаламынан туған романдар, повестер мен әңгімелер оқырманның іздеп жүріп оқитын дүниесіне айналды.
Кітаптарының жалпы таралымы 2 миллион данадан асты. Шығармалары Куба мен Израильде 20 рет, Польшада 15 рет, Чехословакияда 13 рет басылып шыққан.
Жаннұр (слайд №6)
Қызыл империя күшейіп тұрған кезеңде Баукеңнің батырлығы да, қайраткерлігі де, жазушылығы мен ойшылдығы да әділ бағасын ала қойған жоқ. Ол батыр атағына екі рет ұсынылғанымен, 45 жыл бойы берілмегені айтылады. Мәскеудегі Жоғары академияда 5 жыл «Жоғары тактика» пәнінен аға оқытушы болып қызмет атқарып, ұстаздықтың биік деңгейіне жетті. 13 жыл генералдық міндет атқарса да, генерал шені берілмегені көрсетіледі. (Әскери журналист қолжазбасынан)
Зәйраш (слайд №7)
Жаралғандай жалыннан,
Бұзып-жарып қоршауды.
Жайсаң батыр Бауыржан —
Жолсыз жерден жол салды.
Естігенде есімін,
Достары түгіл ерлігін,
Жау есінен жаңылған,
Қасы да естіп тамсанды.
Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Нұркен ауылы. Бастауыш сынып мұғалімі: Нұрмағанбет Жібек Серікқызы.