Сен сұлу өлеңін жаттау

Сабақ туралы мәлімет

Өтетін орны

  • Өңір: Солтүстік Қазақстан облысы
  • Аудан: Ғабит Мүсірепов атындағы аудан
  • Мектеп: Тоқсан би ауылы орта мектебі

Пән және мұғалім

  • Пән: Қазақ тілі мен әдебиеті
  • Сынып: 8-сынып
  • Мұғалім: Бейсенова Қарлығаш Тенесқызы

Сабақтың тақырыбы

Мағжан Жұмабаевтың «Сен сұлу» өлеңі.

Оқыту мен тәрбиелеудің міндеттері

Білімдік

Мағжан Жұмабаевтың өмірі, шығармашылығы және қоғамдық қызметімен таныстыра отырып, «Сен сұлу» өлеңіне әдеби-теориялық талдау жасату.

Тәрбиелік

Ақын өмірін үлгі ете отырып азаматтыққа баулу; өлең мазмұны арқылы ішкі дүниесі сұлу әрі бай, жан-жақты дамыған тұлға тәрбиелеу; әдемілік пен әсемдікті қадірлеуге үйрету.

Дамытушылық

Оқушылардың ойлау және сөйлеу қабілеттерін жетілдіру, жалпы қабілеттілігін арттыру, көркем ойлауды қалыптастыру.

Негізгі мақсат

Мағжан Жұмабаевтың лирик ақын екеніне көз жеткізе отырып, «Сен сұлу» өлеңінің тақырыбы мен идеясын, құрылысын және тәрбиелік мәнін талдай білу.

Құрал-жабдықтар мен көрнекіліктер

Мағжан ақынның портреті

Шығармалар жинағы

Слайдтар

Ш. Қалдаяқовтың «Сен сұлу» әні негізіндегі видеофильм

Шығу парағы

Топтық бағалау қағазы

Сабақтың түрі

Топтық сайыс түріндегі семинар сабақ.

Әдіс-тәсілдер

  • Сөздік әдіс
  • Жаттығу
  • Сұрақ-жауап
  • Көрнекілік
  • Талдау

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу, сабаққа қажетті оқу құралдарын дайындау.
  • Сабаққа назар аударту.
  • Тақырып пен мақсатты таныстыру, қысқаша түсіндіру.

2) Өткен сабақты сұрау және бекіту

Тапсырма: Ж. Аймауытовтың «Әнші» әңгімесіндегі әнші бейнесіне мінездеме беру (оқушылар дәптерден оқып береді).

Бекіту сұрақтары:

  1. Ж. Аймауытов қай жылдары өмір сүрді?
  2. Жүсіпбектің ақын, жазушы, драматург, әнші, журналист, публицист, сазгер, ғалым қырларынан бөлек тағы қандай қыры жиі айтылмай қалады?
  3. «Әнші» әңгімесінің негізгі кейіпкері Әмірқанның прототипі кім?
  4. «Сыңқылдаған көмейі сыбызғының үніндей» деген жолдағы соңғы сөз қандай әдеби тәсіл арқылы жасалған?
  5. Әмірқанның жақын адамдарын ата.
  6. Әмірқанның ұстазы әрі пір тұтқан әншісі кім?
  7. Жүсіпбектің қандай көлемді шығармаларын білесіңдер?
  8. Жазушы Ж. Аймауытов қай жерде дүниеге келген?

3) Жаңа сабақ

Мұғалім кіріспе сөз сөйлейді. Слайдтар арқылы ақынның қысқаша өмірбаяны беріледі.

Мағжан Жұмабаевтың қазақ әдебиетіндегі жарық жұлдыз екені атап өтіледі. М. Әуезовтің «Артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз — Мағжанның сөзі» деген пікірі негізге алынып, ақынның өмірі мен шығармашылығына шолу жасалады.

Оқушылардан ақын туралы не білетіндері сұралады. Лирикасына талдау жасай отырып, өлеңдерді мәнерлеп оқуға бағыт беріледі.

Жаңа сабақты игертуге арналған сұрақтар:

  1. М. Жұмабаев қай жерде дүниеге келген?
  2. Қай оқу орындарынан білім алған?
  3. Ақын өлеңдерінің негізгі тақырыптары қандай?
  4. Қандай лирикалық шығармаларын білесіңдер?
  5. Ақынның қандай поэмалары бар?
  6. Қай шығармалары арқылы ақынды ұлтжанды ақын деп танимыз?

4) Жаңа сабақты бекіту

Оқушылар төменгі сыныптарда жаттаған Мағжан өлеңдерін жатқа айтады. Бүгін сондай көркем туындылардың бірі — «Сен сұлу» өлеңімен танысады.

Оқушылар өлеңді мәнерлеп оқиды, кейін мәтін бойынша талдау жасалады.

Өлеңді талдауға арналған сұрақтар:

  1. Өлеңде не туралы айтылады?
  2. Ақын өлеңді қандай көңіл күймен жазған деп ойлайсыңдар?
  3. Мағжан ақын сұлулықты қайдан табады?
  4. Ақын «сұлу» сөзін неге қайталайды: ұйқас үшін бе, әлде өлең мағынасын ашу үшін бе?
  5. Сендер қандай адамды «сұлу» деп есептейсіңдер?

Пікір алмасу сұрақтары:

  • «Сұлу — сұлу емес, сүйген — сұлу» деген мақалдың мағынасын түсіндір.
  • Адамның сұлулығы неден байқалады?
  • Сұлулық пен әдеміліктің символы деп нелерді айтар едіңдер?
  • Ішкі және сыртқы сұлулықты қалай түсінесіңдер?
  • Сұлулық туралы қандай мақал-мәтел, нақыл сөздер білесіңдер?

Кейін оқушылар өлеңнің құрылымына әдеби талдау жасайды. Дәптерлеріне өлеңнің тақырыбы мен идеясын, көркемдік ерекшелігін, тәрбиелік мәнін қамтитын қорытынды тұжырым жазады.

5) Қорытындылау

  • Ш. Қалдаяқовтың «Сен сұлу» әні желісімен жасалған видеофильм көрсетіледі. Әннің шығу тарихы мен бүгінгі талданған өлең арасындағы терең байланыс түсіндіріледі.
  • Екі топқа «сұлу қыз» және «сұлу жігіт» бейнесі бойынша топтастыру стратегиясымен қажетті қасиеттерді жазу тапсырылады.
  • Мұғалім бағалау қағазына сүйене отырып, топтық және жеке бағаларды жариялайды.
  • Оқушылар «Шығу парағын» толтырып, сабақ туралы пікірін білдіреді.
  • Үй тапсырмасы: «Сен сұлу» өлеңін жаттау.

Бағалау қағазы

Топтық жұмыс пен жеке жауаптарды бағалауға арналған парақ сабақ соңында толтырылады және қорытынды баға шығаруға негіз болады.