Табиғатқа қамқорлық
Сабақ жоспары (4-сынып)
Тақырып
Табиғатқа қамқорлық
Құндылық
Дұрыс әрекет
Қасиеттер
- Қамқорлық
- Қайырымдылық
- Жақсылық
Ресурстар
Оқулық, үнтаспа, дәптер, суреттер.
Мақсаты
Оқушылардың табиғаттың құндылығы және қамқорлық сияқты адами қасиеттер туралы түсінігін кеңейту.
Міндеттері
- Табиғатқа қамқорлық жасау туралы түсінік қалыптастыру.
- Табиғатқа қамқорлық жасауға бағытталған қарым-қатынасты дамыту.
- Табиғатты сүюге, қорғауға тәрбиелеу.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Сәлемдесу, түгелдеу, «5Т» ережесін еске түсіру.
- Топқа бөлу: Жер, Су, Ауа, Ағаш.
2) Тыныштық сәті
Балалар, ыңғайланып отырыңдар. Қаласаңдар, көздеріңді жұмуларыңа болады. Табиғаттың сұлулығы сондай — қараған сайын тамсанып, тағы да қарағың келеді.
Нәзік гүлдерге, самғай ұшқан құстарға сүйсіне қараймыз. Бір сәт мүлгіп тұрған тауға көз тастап, оның ұшар басына шыққымыз келгендей болады.
Сол сәтте Табиғат-ана бізді естіп тұрғандай, әртүрлі түстерге құлпырған кемпірқосаққа айналдырып, аспан төріне орналастырды. Қандай керемет! Биіктен сәуле шашып, нұрға бөлену — қандай ғанибет!
Көктен қарағанда табиғат бұрынғысынан да әсем көрінеді. Осы сұлулыққа шын сүйсінген сәтте бойымызды жылылық пен мейірім кернейді. Сол жылылықты ұзақ сақтауға іштей уәде беріп, біртіндеп бұрынғы қалпымызға оралайық.
3) Үй тапсырмасын тексеру
Ә. Табылдиевтің «Атаның өнегесі» әңгімесін оқып келу.
Табиғат-ана жанымызға жомарттық пен кеңпейілділік, қиялымызға ұшқырлық, сезімімізге асқақтық, көңілімізге мөлдірлік сыйлайды. Оның сұлулығын сөзбен толық жеткізу қиын. Ата-бабамыздан аманат болып жеткен жасыл желек пен ну орманды жерлерді сақтап, қорғап, аялап, күтіп-баптап, кейінгі ұрпаққа жеткізу — біздің ортақ міндетіміз.
4) Дәйексөз
«Көзіңді қалдыр — бұлақ көзін аша жүр,
Ізіңді қалдыр — жақсы істен мұра шашa жүр,
Өзіңді қалдыр — бақша өсіріп, жаса нұр».
Оқу
Хормен оқу: ұлдар 1 рет, қыздар 1 рет.
Жазу
Дәйексөзді дәптерге жазу.
Талқылау
«Не түсіндің?» сұрағы бойынша ой бөлісу.
5) Шығармашылық жұмыс (топтық)
Оқушылар 4 топқа бөлінеді. Әр топ өз рөлін орындайды: мәтінді сахналау, сұхбат құру, сурет салу, өлеңді толықтыру.
1-топ: «Актерлер»
Әңгімедегі немере мен атаның ата жұртына барған тұсын сахналайтын шағын көрініс дайындайды.
2-топ: «Журналистер»
Мәтін бойынша сұрақ қойып, жауап алады:
- Атасы немересін неліктен жол үстінде тоқтатты?
- «Жол жүрсең, жоралғыңды сақта» дегенді қалай түсінесіңдер?
- Атасы мен немересінің бұлақ көзін ашуын табиғатқа қамқорлық деуге бола ма?
- Олардың табиғатқа қамқорлығы тағы қандай әрекеттерінен көрінеді?
3-топ: «Суретшілер»
Әңгіме мазмұнына сәйкес, атасы мен немересінің еккен ағаштары 5 жылдан кейін қандай болатынын суреттеп, таныстырады.
4-топ: «Жас ақындар»
Көп нүктенің орнына тиісті сөздерді қойып, өлеңді мәнерлеп оқиды.
«Қандай болып өсемін?»
Табиғатты білемін,
Ауа, су, жер, күн, аспан,
Жан-жануар, гүл, егін,
Көкжиекке ұласқан.
Насекомдар, тау, дала,
Аң, құс, өзен, көл, теңіз.
Табиғат — ол айнала,
Қасиетті өлкеміз.
6) Әңгімелеу: мұғалімнің сыйы
Оқушылар А. Мырзағұлованың «Табиғат — ана» мәтінін үнтаспадан тыңдайды.
Сұрақтар
- Табиғаттағы көгілдір нелер? (аспан, өзен, көл, теңіз)
- Табиғаттағы жайқалған нелер? (ағаштар, гүлдер)
- Табиғаттағы ән салған нелер? (құстар)
- Сыбырлаған нелер? (жапырақтар)
- Сыңғырлаған нелер? (құстар)
Қорытынды сұрақ
Осының бәрін бір сөзбен айтқанда, нені білдіреді?
Жауап: Табиғат.
7) Дәптермен жұмыс
1-тапсырма
«Егер табиғатқа тіл бітсе…» деген сөйлемді жалғастырып, табиғат адамдарға қандай өтініштер айтар еді? Бос жолақтарға өз ойларыңды жазыңдар.
2-тапсырма
Қазақстан қорықтарын қалай жақсартуға болатыны туралы ұсыныстарыңды жазыңдар.
8) Ойын-жаттығу
Бүгін бізге қонақ келді. Мен оның кім екенін жасырамын, ал сендер табуға тырысыңдар.
- Өте нәзік әрі әдемі.
- Ешкімге жамандық ойламайды.
- Гүлдерді өте жақсы көреді.
- Әдемі алқаптарда ұшып жүреді.
Жауабы: көбелек.
Шағын рефлексия
Мұғалім түрлі түсті қағаздан қиылған гүлдерді таратады. Оқушылар мына сұраққа жауап беріп, гүлге жазады: «Табиғаттағы неге ұқсағыларың келеді?» Кейін мұғалім көбелекті гүлді алқапқа «қондырады».
9) Қорытынды ой
Ата-бабамыз біз жақсы өмір сүруіміз үшін табиғатты қорғап, күтіп-баптап, сақтап, бізге аманат етіп жеткізді. Енді сол мұраны жоғалтпай, келесі ұрпаққа тапсыру — біздің мойнымыздағы борыш.
- Ауыл мен қаладағы ағаш-бұталарды кеспеу, санын көбейту.
- Көктем сайын ағаш отырғызу.
- Су көздерін тазалап отыру.
- Ауаны таза ұстау.
10) Топпен ән айту
«Бақытты балалық шақ» әнін орындау.
11) Үй тапсырмасы
- Табиғат туралы өлеңдер жаттап келу.
- Табиғат туралы жұмбақтар құрастырып (жазып) келу.
12) Соңғы тыныштық сәті
Бүгінгі сабақтан алған құндылықтар мен қасиеттерді еске түсіріп, жүрегімізге сақтайық. Табиғатқа қамқорлық — күнделікті өмірден басталатын дұрыс әрекет.
Сабақ аяқталды. Рахмет!