Асықтардың түскендегі атауы

Маңғыстау облысы • Қарақия ауданы • Мұнайшы ауылы

«Балауса» балабақшасының тәрбиешісі: Жанар Нұрғазиева

Ұлттық ойын Наурыз Ханталапай Асық

Ханталапай ұлттық ойыны

Мақсаты

Қазақтың ұлттық ойындарын дәріптеу арқылы балалардың зияткерлік қабілетін, тапқырлығын, ептілігін, дәлдігін, ұстамдылығын және байсалдылығын дамытуға ықпал ету.

Міндеттері

  • Топта жұмыс істей білу дағдысын қалыптастыру.
  • Патриоттық сезімді күшейтіп, Отанға, туған өлкеге деген сүйіспеншілікті ояту.

Жүргізушінің кіріспе сөзі

Армысыздар, ата-аналар, ұстаздар, қадірлі қонақтар! Бәріміз асыға күткен Наурыз мейрамы да келіп жетті. Тойларыңыз құтты болсын! Бұл — ата-бабамыз мыңдаған жылдан бері атап өтіп келе жатқан жыл басы мерекесі. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, денсаулықтарыңыз мықты, тілектеріңіз қабыл болсын!

Бүгін қазақтың ұлттық ойындарының бірі — «Ханталапай» ойыны бойынша байқауға қош келдіңіздер!

Неге асық ойындары маңызды?

Асық ойындары — қазақ халқының көне ойындарының бірі. Ұлттық ойындар әр халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына, шаруашылық мүмкіндіктеріне байланысты қалыптасады. Қазақтың дәстүрлі тұрмысы мал шаруашылығымен тығыз байланысты болғандықтан, ойындардың көбі табиғи заттармен, соның ішінде қой асығымен ойналған.

Асық ойыны баланың жүйке жүйесін шыңдап, оны дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Бұл ойын ертеде еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ойнаған ортақ қызық болған. Ел қорғаған батырлар мен жауынгерлер де ойын үстінде шынығып, бойындағы табиғи дарынын шыңдай түскен.

Асық күндіз де, түнде де ойналады: күндізгісі — мергендікке, түнгісі — ептілікке баулиды. Айтылатын деректерге сүйенсек, ұлы ақын Абай да асық ойынын, соның ішінде «Ханталапайды» жақсы ойнаған.

Байқауды ашу

Бүгінгі байқауды ашу үшін сөз кезегі балабақша басшысы Курманова Айжан Ерланқызына беріледі.

Әділқазы мүшелері

  1. ________________
  2. ________________
  3. ________________

Көрсетілім

Балалар, енді «Ханталапай» ойыны туралы бейнероликке назар аударайық (суретті слайд түрінде).

Алдар көсенің сахналық көрінісі

Алдар көсе:

Мен Алдармын, Алдармын,
Сақалыңды талдармын.
Сақал түгел, мұрт та жоқ,
Сендерді де алдармын!

Сәлеметсіздер ме, балалар! Бүгін сендерде мереке, қызықты ойын өтеді деп естідім. Мен де сендермен бірге ойнағым келеді. Сендер менімен қазақтың ұлттық ойынын ойнағыларың келе ме?

Балалар: Иә!

Жүргізуші ұлттық дәстүрдің мәнін айшықтап, Наурыздың жаңару мен береке мерекесі екенін атап өтеді.

Ойынның ережесі: «Ханталапай»

Дайындық

  • Балалар шеңбер болып отырады.
  • Ойын басталарда бәрі бірге: «Талапай-ау, талапай! Табылды ойын алақай!» деп айтады.
  • Жүргізуші (немесе Алдар көсе) қоржындағы асықтарды ортаға шашады.

Негізгі барысы

  • Балалар жарыса «Ханталапай!» деп дауыстап, асықтарды жинайды.
  • Әр бала жинаған асығын санап, тігеді де атуға дайындалады.
  • Хан асығы түскен бала ойынды бірінші бастайды.
  • Тигізген асықтарын ұтып алады.
  • Тигізе алмаса — жас ерекшелігіне сай зияткерлік тапсырма орындайды.

Тапсырмалар (сұрақтар)

  1. Төрт түлікті ата.
  2. Сүт тағамдарын ата.
  3. Жылқының сүтін қалай атайды?
  4. Қазір жылдың қай мезгілі?
  5. Көктем мезгіліндегі мерекелерді ата.
  6. Қазақтың ою-өрнектерін ата.
  7. Асықтың түсу қалыптарының атауларын айт.

Тапсырмаға дұрыс жауап берсе — келесі асықты атады. Екінші рет тигізе алмаса, кезегін асығы көп келесі балаға береді. Егер жауап бере алмаса, басқа балалар көмектесе алады; бұл жағдайда ату кезегі дұрыс жауап берген балаға өтеді.

Қорытынды

Ойын соңында әр бала ұпай асықтарын санайды. Әділқазы қорытынды шығарғанға дейін көрермендерге балалардың өнері ұсынылады.

Өнер бағдарламасы

Хор

«Құтты болсын, әз-Наурыз»

Ал, халайық, тұрмайық,

Әндетейік, жырлайық.

Ортамызды ашайық,

Ырыс тілеп бұл жылға,

Жырдан шашу шашайық.

Ән

«Анашым»

Исамадин Жанеркенің орындауында.

Домбырамен өнер көрсету

«Балбөбек» тобының кішкентай бүлдіршінінің орындауында (аты-жөні: __________________). Бүгінгі тойымызға өз тобының шашуын қабыл алыңыздар!

Би

«Аққу» биі

«Балдырған» тобының орындауында.

Марапаттау және тілек

Номинация

«Алғыр бала»

Номинация

«Зерек бала»

Номинация

«Мерген бала»

Қазақтың ұлттық ойындарын еске түсіріп, жаңғыртып, әсем нақышымен ойнаған «Балдырған» тобы бүлдіршіндерінің өнерін тамашалағандарыңызға рахмет. Ұлттық ойындарымыз келесі жылы да дәстүрге айналып, жалғасын таба берсін. Жылдан-жылға аман-есен жете берейік!

Қош сау болыңыздар!