Жас қыран

Сабақ: «Тіл білгірі» сайыс сабағы

Бұл сабақ қазақ тілі мен әдебиеті апталығы аясында ұйымдастырылып, мемлекеттік тілге құрметті күшейтуге және өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне қызығушылығын арттыруға бағытталады.

Білімділік

Өткен тақырыптар бойынша білімді пысықтау, ой-өрісті кеңейту және білім деңгейін арттыру.

Дамытушылық

Әртүрлі әдіс-тәсілдер арқылы тіл байлығын молайту, ойлау қабілетін дамыту, қазақ тілінде еркін сөйлеу дағдысын жетілдіру.

Тәрбиелік

Мемлекеттік тілге қызығушылықты арттыру, Отанды, туған жерді сүюге және халық дәстүрін құрметтеуге тәрбиелеу.

Сабақтың ұраны

Көп тіл білсең, көкжиегің кең болар,
Құрметтейді кісі екен деп, төрге озар.
Қай елде жүрсең де — бұл дұрысы:
Мемлекеттік тілді білген жөн болар.

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Құрметті әріптестер мен оқушылар! Бүгінгі «Тіл білгірі» сайыс сабағымызды қазақ тілі мен әдебиеті апталығына арнаймыз. Тіл сайысын өткізудегі мақсатымыз — мемлекеттік тілге құрметті қалыптастыру және қазақ тіліне деген қызығушылықты арттыру.

Сайыс құрылымы

  1. Таныстыру
  2. «Өлең — сөздің патшасы»
  3. «Тапқырлық»
  4. «Әріптер сайысы»
  5. «Ойлан тап»

Әр кезеңнің шарты алдын ала түсіндіріледі, ал топтарды әділқазылар алқасы бағалап отырады. Сайысқа сегіз адамнан құралған екі топ қатысады.

«Сайысымыздың беташарын бастайық,
Көрерменді бір серпілтіп тастайық.
Таныстырсын сайыскерлер өздерін,
Өнеріне ду қол соғып қостайық», — деп, кезекті сайысқа қатысушы топтарға береміз.

I кезең: Таныстыру

1-топ: «Жас қыран»

Қалықтап көкте жас қыран,
Халықпыз сөзге тоқтаған.
Тіліміз топты жаратын,
Тобымыз біздің — «Жас қыран».

2-топ: «Топжарған»

Шығарар намыс топты алдан,
Дуалы ауыз тілге арман.
Сайысқа келдік арман қуып,
Тобымыз біздің — «Топжарған».

II кезең: «Өлең — сөздің патшасы»

Әр топтан бір оқушы өлеңді мәнерлеп оқиды. Бағалау кезінде дауыс ырғағы, дикция, сахналық мәдениет және мазмұнды жеткізу деңгейі ескеріледі.

III кезең: «Тапқырлық»

Тапсырма: берілген мақал-мәтелдегі жасырын сөзді тауып, мақалдың жалғасын дұрыс айту. Әр дұрыс жауап — 5 ұпай.

1-топқа

  1. Тіл тас жарады, тас жармаса — бас жарады.
  2. Тауды, тасты жел бұзар, адамзатты — сөз бұзар.
  3. Жақсы сөз — жарым ырыс.
  4. Шебердің қолы ортақ, шешеннің — тілі ортақ.
  5. Жақсы байқап сөйлер, жаман — шайқап сөйлер.
  6. Бас кеспек болса да, — тіл кеспек жоқ.
  7. Піл көтермегенді — тіл көтереді.

2-топқа

  1. Тілден артық — қазына жоқ.
  2. Ана сүті бой өсіреді, ана тілі — ой өсіреді.
  3. Жыланның уы тісінде, адамның уы — тілінде.
  4. Ең ащы да тіл, ең — тәтті де тіл.
  5. Жылы-жылы сөйлесең, жылан — інінен шығады.
  6. Басқа пәле — тілден.
  7. Тілге құрмет — елге құрмет.

IV кезең: «Әріптер сайысы»

Шарт: берілген сұрақтарға тек көрсетілген әріптен басталатын сөзбен жауап беру керек.

1-топ

А Е Т О С
  1. Қай елде тұрасың?
  2. Қазақ тілі пәні ұнай ма?
  3. Досың кім?
  4. Қазір жылдың қай мезгілі?
  5. Қайдан келдің?
  6. Бүгін аптаның қай күні?
  7. Көзіңнің түсі қандай?
  8. Жасың нешеде?
  9. Қандай тағамды ұнатасың?
  10. Бала оқытатын адам кім?

2-топ

Ә Б М Н Д
  1. Мақал білесің бе?
  2. Атың кім?
  3. Қандай қалаларды білесің?
  4. Өзің тұратын қаланы ата.
  5. Бір зат есімді ата.
  6. Бір жазушыны ата.
  7. Алма тәтті ме?
  8. Кім болғың келеді?
  9. Анаң қандай адам?
  10. Сыныпта неше оқушы бар?

V кезең: «Ойлан тап»

Екі топқа да бірдей тапсырма беріледі: «Тәуелсіздік» сөзіндегі әріптерді пайдаланып, жаңа сөздер құрастыру.

Әрбір тілде сөйле — әлемді таң қылып,
Қазақ тілін білмеу қандай заңдылық?!
Өсер болсаң, байтақ далам тұрғанда,
Қазақ тілі жасау керек мәңгілік!

Қорытынды

Әділқазылар шешімі

Әділқазылар алқасы қорытынды шығарғанша, 4-сынып оқушылары «Үнді» биін орындайды.

Марапаттау

Сайыс соңында әділқазылар өз шешімін жариялап, қатысушыларды марапаттайды.