Ата заң

Тақырып

Ата заңым — аяулы елімнің тірегі.

Мақсаты

  • Оқушыларға Қазақстан Республикасының Конституциясы туралы терең білім беру.
  • Жеке адамның конституциялық құқықтары мен міндеттеріне құрметпен қарауға және оларды орынды пайдалануға үйрету.
  • Оқушыларды ұлтжандылыққа баулып, құқықтық тәрбие беру.

Көрнекілігі

Қазақстан Республикасының заңдарының баптары, Конституциядан үзінділер.

Сабақ барысы

Ұйымдастыру: сыныпты екі топқа бөлу.

  • Бірінші топ — «Азамат»
  • Екінші топ — «Болашақ»

Конституция тарихынан

1993 жылдың қаңтар айында тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды. Елдің президенттік басқару жүйесіне көшуіне байланысты жаңа заң қажет болды.

1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдум өткізіліп, нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды.

Негізгі деректер

  • Құрылымы
    9 бөлім, 98 бап
  • Өзгерістер
    Бірнеше мәрте толықтырулар мен түзетулер енгізілген

Әрбір азамат еліміздің негізгі заңы — Конституцияны міндетті түрде оқып, танысып, қажетті баптарын білуі тиіс.

Оқушылар орындауындағы өлеңдер

1-оқушы: «Ата заң»

Өлең

Әділдікпен басталсын деп атқан таң,

Ата-бабам келе жатыр сақтап заң.

Қасым ханның қасқа жолы бас болып,

Тәуке ханның жарғылары сақталған.

Билер шешіп ақ пен қара арасын,

Жапқызбаған жамандықтың жаласын.

Заң деген бар біздегі асыл қасиет,

Ата заңым таң нұрындай таралған.

2-оқушы: «Бақыт құсы қонған күн»

Өлең

Тойла, тойла, қазағым, мерекеңді,

Қуанышқа кенелген бейбіт елді.

Құтты болсын туған күні Ата заңның,

Мерейлі мерекесі — берекелі.

Бақыттысың, қазағым, бақыттысың,

Көк әлемге ұшыршы бақыт құсын.

Мерекелі күнінде Ата заңның

Ел тілегін әлемге алып ұшсын.

Заң орнаған Астанаң бар,

Көрген жанды көркімен таң қалдырар.

Ертеңді ойлап салдырған Ел ағасы,

Игілігін көрсін деп жас ұрпақтар.

3-оқушы: «Конституция — ерікті елдің құқы»

Өлең

Конституция — ерікті елдің құқы,

Адам құқы — алдымен әрбір ердің құқы.

Мемлекетім жан-жақты дәйектелген,

Конституция — алтын заң, елдің құты.

Ол бойынша бекіген бостандығым,

Ол бойынша сақталған сөз сандығым.

Ол бойынша тілім де мемлекеттік,

Қуаттайды мұны бар достар бүгін.

Сайыс форматы

Сабақтың қорытынды бөлімінде білім мен тапқырлықты шыңдайтын сайыс өткізіледі. Сайыс төмендегі кезеңдерден тұрады:

  1. 1

    Сұрақ-жауап сайысы

    Конституция, құқықтар мен міндеттер туралы сұрақтарға жауап беру арқылы білімді бекіту.

  2. 2

    Тіл-өнер

    Ойды көркем әрі дәл жеткізу: шешендік, мәнерлеп оқу, қысқа мазмұнды пікір айту.

  3. 3

    «Ұғымдар сөйлейді»

    Негізгі құқықтық ұғымдарды түсіндіріп, олардың өмірдегі маңызын мысалдармен ашу.